Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №53

2023 жылғы 16-22 қаңтар аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

Дүйсенбі, 16 қаңтарда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астана маңындағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын қарау бойынша кеңес өткізді. Сондай-ақ кеңесте республиканың отын-энергетика кешенін 2026 жылға дейін және электр энергетикасы саласын 2032 жылға дейін дамыту тұжырымдамаларының жобалары қаралды.

Сейсенбі, 17 қаңтарда, Әлихан Смайылов кезекті Үкімет отырысын өткізді, онда «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру барысы мен халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Бірінші мәселені қарау барысында Премьер-Министр барлық жоспарларды жүзеге асыру 40 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беретінін айтты. Екінші мәселе бойынша Әлихан Смайылов ғарыштық мониторингті қолдана отырып, бос жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлердің бар-жоғына бағалау жүргізу керек екенін атап өтті. Ол үшін жерді ұтымды пайдалану мониторингінің «JerInSpectr» платформасын енгізу жұмыстарын, сондай-ақ жерді пайдалану процестеріне бақылауды күшейту қажет.

Сәрсенбі, 18 қаңтарда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоның алдында тұрған басым міндеттерді атап көрсетті.  Премьер-Министр осы жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдында қазіргі сын-қатерлерге төтеп беретін бірқатар маңызды міндеттер тұрғанын айтты. Оның сөзінше, тау-кен өндіру саласын дамытуға серпін беріп, өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістер құру жөніндегі жұмысты күшейту қажет. 

Бейсенбі, 19 қаңтарда, Әлихан Смайыловтың Қаржы министрлігінің алқа мәжілісін өткізді, онда бюджеттік жоспарлау, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру, сондай-ақ қаржы саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.

Жұма, 20 қаңтарда, ҚР Премьер-Министрі түріктің «Гап Иншаат» компаниясы бас директорының міндетін атқарушы Ченгель Азизбен кездесті. Кездесу барысында Ченгель Азиз компания республикадағы инвестицияларын кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, Көкшетау қаласында ЖЭО салу жобасының болашағы зор. 

Әлихан Смайылов түріктің Alarko Holding компаниясының президенті Йылдыз Умит Нуримен кездесті. Кездесуде энергетика, теміржол және автожол құрылысы, су тазарту, қалдықтарды қайта өңдеу және т. б. салаларда жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Үкімет басшысы бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысып жатқан Alarko Holding-тің жұмысы Қазақстан үшін маңызды екенін атап көрсетті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу