Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 06 сәуірдегі № 176 қаулысы

«Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қазандағы № 1131 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қазандағы № 1131 қаулысына(Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 65, 600-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидаларында:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1.    Осы Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексін, «Пробация туралы» 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында әзірленді және пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету тәртібін айқындайды.»;

3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«3.    Жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де ұйымдар сотқа дейінгі, үкімдік, пенитенциарлық және пенитенциарлықтан кейінгі пробация қолданылатын адамдарға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша пробация қызметі әзірлеген әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасына (бұдан әрі – жеке бағдарлама) және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша пробация қызметі қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінің әкімшілігімен бірлесіп әзірлеген жеке бағдарламаға сәйкес әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмек көрсетеді.

4.      Әлеуметтік-құқықтық көмек алуға жәрдем көрсету сотқа дейінгі, үкімдік, пенитенциарлық және пенитенциарлықтан кейінгі пробация қолданылатын адамдарға қатысты жүзеге асырылады.

        Оларды есепке қою кезінде пробация қызметі:

1) денсаулық жағдайын анықтай отырып, адамның жеке басын, оның білім деңгейін және жұмыспен қамтылғандығын, тұрғылықты жерінің бар-жоғын зерделейді, сондай-ақ әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді анықтайды;

          2) әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету тәртібін түсіндіреді.»;

7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Жеке бағдарламаның бір данасы:

1)  шартты түрде сотталғанның бақылау ісіне;

2)  бас бостандығын шектеуге сотталған адамның жеке ісіне;

3)  бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның жинақтау ісіне;

4)  бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамға қатысты сот әкімшілік қадағалау белгілеген адамның жинақтау ісіне;

5)  бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жеке ісіне;

6)  сотқа дейінгі пробацияға жататын адамның жинақтау ісіне;

7)  Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабына сәйкес бас бостандығынан айыру айыппұлға ауыстырылған адамның жинақтау ісіне;

         8)   сот тағайындаған бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімін өтеген адамның жинақтау ісіне қосылады.

         Жеке бағдарламаның екінші данасы пробация қызметінде есепте тұрған адамға қол қойылып беріледі.»;

10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«10. Пробация қызметінде есепте тұрған адам әлеуметтік-құқықтық көмек алудан бас тартқан жағдайда – пробация қызметінің қызметкері, ал пенитенциарлық пробацияға жататын адамға қатысты пробация қызметінің қызметкерлері қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тиісті акті жасайды, ол іске қосылады.»;

көрсетілген Қағидаларға қосымша осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;

осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес 2-қосымшамен толықтырылсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі                     Б. Сағынтаев

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу