Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 7 ақпандағы №77 қаулысы

«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы                           31 желтоқсандағы №1165 қаулысына толықтыру енгізу туралы

 

 

 

2019 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы 
№ 1165 қаулысына мынадай толықтыру енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі мынадай мазмұндағы 11-тармақпен толықтырылсын:

«11. 2019 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес сатып алынатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге мыналар жатады:

жергілікті атқарушы органдар мен шаруашылық басшыларын тасымалдағыш зымыранның алдағы ұшырылуы туралы құлақтандыру;

тасымалдағыш зымыранды ұшыру алдында құлау ауданын шолып байқау және тасымалдағыш зымыранды ұшыруды жүргізу кезеңінде құлау ауданын уақытша жабу;

тасымалдағыш зымыранды ұшыру жүзеге асырылған соң тұрғындарды (бар болса) құлау ауданынан эвакуациялау және оларды қайтару;

тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің фрагменттерін іздестіру; 

табылған сұйықтықты зымыран қозғалтқыштарын (немесе олардың фрагменттерін) және тасымалдағыш зымыраннан бөлінетін бөліктерінен құрамында бағалы металдары бар бұйымдарды (немесе олардың фрагменттерін) ұшыруды жүргізетін ұйымға қайтару;

жануарлар дүниесіне және өсімдік жабынына әсерді төмендету мақсатында өрт қауіпсіздігі талаптары мен нормативтерін сақтау;

тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктері жерге түскен кезде өрт туындаған жағдайда дала өрттерін барынша тез жою;

тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің фрагменттерінен құлау ауданын уақтылы тазалау (бөлінетін бөліктер сорға құлаған кезде оларды құлау ауданынан қысқы кезеңде эвакуациялауға жол беріледі);

тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктері құлаған жерлерде ластанған учаскелерді детоксикациялау (қажет болған кезде) және бұзылған топырақ жабынын техникалық рекультивациялау (тегістеу);

«Байқоңыр» ғарыш айлағының позициялық ауданы қоршаған ортасының жай-күйіне тасымалдағыш зымырандарды дайындау және ұшыру әсерін бағалау;

құлау ауданында және шектес аумақта орналасқан елді мекендердің қоршаған ортасының жай-күйіне тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің құлау әсерін бағалау;

құлау ауданында және шектес аумақта флора мен фаунаның 
жай-күйін жыл сайынғы мониторингтеу;

бес жылда бір рет немесе құлау ауданын пайдалану мерзімі аяқталған соң құлау ауданы мен шектес аумақтың қоршаған ортасының жай-күйіне тасымалдағыш зымырандарды ұшырудың әсерін кешенді бағалау.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының 

Премьер-Министрі                                                                                      Ә. Смайылов 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу