Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 шілдедегі №476 Қаулысы   

«Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

                                                                                                                   

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. «Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

«Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларын бекіту туралы»;

кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңын орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Қоса беріліп отырған «Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидалары бекітілсін.»;

көрсетілген қаулымен бекітілген «Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларында:

1, 2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Осы «Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленген және «бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын берудің тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) батыс және халық тығыз орналасқан өңірлерден келген адамдарға арналған білім беру гранты – «бакалавр» дәрежесі берілетін жоғары білім алуға ақы төлеу үшін батыс және халық тығыз орналасқан өңірлерден келген білім алушыға берілетін нысаналы ақша сомасы;

2) білім беру бағдарламаларының топтары – даярлау бағыттары бейінінің ортақтығымен біріктірілген және белгілі білім беру саласы шеңберінде кадрлар даярлауды қамтамасыз ететін білім беру бағдарламаларының жиынтығы;

3) білім беру гранты – «бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім алушыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шарттармен берілетін нысаналы ақша сомасы;

4) білім беру саласындағы уәкілетті орган – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

5) жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО) конкурстық комиссиясы – жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты өткізу үшін ЖАО құратын комиссия (бұдан әрі – ЖАО комиссиясы);

6) республикалық конкурстық комиссия – білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты өткізу үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия (бұдан әрі – республикалық комиссия);

7) электрондық форматтағы білім беру грантын тағайындау туралы куәлік – Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланатын, Ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі – ҰБТ) балын ресми түрде растайтын үміткердің бірегей деректері бар электрондық құжат (бұдан әрі – куәлік).

3. Республикалық бюджеттен білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын республикалық комиссия, ал жергілікті бюджеттен білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты ЖАО комиссиясы өткізеді.

Республикалық бюджеттен өңірлер бөлінісінде батыс және халық тығыз орналасқан өңірлердің адамдарына бөлінген білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты республикалық комиссия өткізеді. Білім беру гранттарын беру бойынша конкурс өткізілетін өңірлердің тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.»;

6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«6. «Бакалавр» дәрежесі берілетін жоғары білім алуға республикалық бюджет қаражаты есебінен ақы төлеу үшін білім беру гранттары (бұдан әрі – жоғары білімнің білім беру гранттары) осы тармақтың тоғызыншы бөлігінде көрсетілген адамдарды қоспағанда, оқуға түсушілер өтініш берген білім беру бағдарламалары топтарының кезектілігіне сәйкес білім беру грантын беру туралы куәлік беріліп, ҰБТ нәтижелеріне сәйкес білім беру бағдарламаларының нақты топтары бойынша конкурстық негізде беріледі.

Жоғары білімнің білім беру грантын беру конкурсында Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (оқу тілі) мен бейіндік екі пән бойынша балдар ескеріледі.

Шығармашылық дайындықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер үшін жоғары білімнің білім беру грантын тағайындау конкурсында Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы (оқу тілі) бойынша балдар және шығармашылық екі емтиханның нәтижелері ескеріледі.

Шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламалары топтарына түсушілерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру грантын беру конкурсында оқытудың қысқартылған мерзімі көзделетін жоғары білімнің ұқсас білім беру бағдарламаларының топтары бойынша білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер үшін жалпыкәсіптік пән және арнайы пән бойынша балдар ескеріледі.

Жоғары білімнің білім беру грантын беру конкурсында оқытудың қысқартылған мерзімі көзделетін және шығармашылық даярлықты талап ететін жоғары білімнің ұқсас білім беру бағдарламаларының топтары бойынша білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер үшін арнайы пән бойынша балдар және шығармашылық емтихан нәтижесі ескеріледі.

Оқытудың қысқартылған мерзімі көзделетін жоғары білімнің ұқсас білім беру бағдарламалары топтарының тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

Батыс және халық тығыз орналасқан өңірлерден келген жастарды жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) оқыту үшін жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін көрсете отырып, ЖЖОКБҰ тізбесін республикалық комиссия айқындайды.

Батыс және халық тығыз орналасқан өңірлерден келген адамдарға арналған білім беру гранттары осы Қағидаларда көзделген тәртіппен білім беру грантын беру туралы куәлік беріліп, оқуға түсушілер өтініш берген өңірлер мен білім беру бағдарламалары топтарының кезектілігіне сәйкес ҰБТ нәтижелеріне сәйкес нақты өңірлер мен білім беру бағдарламаларының топтары бойынша конкурстық негізде беріледі.

Білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге сай жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың және орындаушылардың халықаралық конкурстарының, спорттық жарыстардың соңғы үш жылдағы жеңімпаздары мен жүлдегерлері (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) өздері таңдаған мамандықтың олимпиада, конкурс немесе спорттық жарыс пәніне сәйкес келуі шартымен білім беру гранты беріліп, өздерінің өтініштері негізінде жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қабылданады.

7. Жоғары білімнің білім беру грантын, оның ішінде батыс және халық тығыз орналасқан өңірлерден келген адамдарға арналған білім беру гранттарын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін оқуға түсуші ЖЖОКБҰ қабылдау комиссиясына және (немесе) «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш береді.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде ЖЖОКБҰ-ның тілдік даярлық күшейтілген даярлық бөлімдерін бітірген тұлғалар ЖЖОКБҰ-ның ректоры қол қойған бітіргені туралы транскрипт ұсынады.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және тиісті мамандық бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабында көзделген құжаттардың бірін қосымша тапсырады.

Жоғары білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін оқуға түсуші өтініште өзі таңдаған жоғары білімнің беру бағдарламаларының тобын және ЖЖОКБҰ-ны көрсетеді.

Бейіндік пәндер сәйкес келген жағдайда оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының төрт тобына дейін көрсете алады.

Батыс және халық тығыз орналасқан өңірлерден келген адамдарға бөлінген жоғары білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін оқуға түсуші ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына және (немесе) «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш береді.

ЖЖОКБҰ-ға түсетін батыс және халық тығыз орналасқан өңірлердің адамдары төрт өңірге дейін, білім беру бағдарламаларының төрт тобын және республикалық комиссия бекіткен тізбеге кіретін ЖЖОКБҰ тізбесін көрсете алады.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін өтініштер 13 – 20 шілде аралығында қабылданады.

Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин жүзеге асырылған, төтенше жағдай енгізілген, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы, жаһандық немесе өңірлік, сондай-ақ жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайларда республикалық бюджет есебінен білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау мерзімін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

Мерзімдердің өзгергені туралы ақпарат білім беру саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында, бұқаралық ақпарат құралдарында, «электрондық үкімет» веб-порталының тиісті құрамдастарында жарияланады.»;

11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«11. Республикалық бюджет немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білімнің білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін жоғары білімі бар кадрларды даярлаудың қысқартылған оқу мерзімдері көзделетін ұқсас бағыттар бойынша түсушілерді қоспағанда, орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар, ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша:

ұлттық ЖЖОКБҰ-ға түсу үшін – кемінде 65 балл, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» саласы бойынша кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» салалары бойынша – кемінде 60 балл, «Құқық» даярлау бағыты бойынша – кемінде 75 балл;

басқа ЖЖОКБҰ-ға түсу үшін – кемінде 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – кемінде 75, «Денсаулық сақтау» саласы бойынша кемінде 70 балл, «Құқық» даярлау бағыты бойынша – кемінде 75 балл жинаған адамдар жіберіледі.

Бұл ретте ҰБТ-ның және (немесе) шығармашылық емтиханның әрбір пәні бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.

Республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білімі бар кадрларды даярлаудың қысқартылған оқытудың мерзімі көзделетін ұқсас бағыттары бойынша оқуға жоғары білімнің білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар, ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша кемінде 25 балл, оның ішінде ҰБТ-ның әрбір пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл жинаған адамдар жіберіледі.

Батыс және халық тығыз орналасқан өңірлерден келген адамдарға республикалық бюджет қаражаты есебінен бөлінген жоғары білімнің білім беру грантын беру конкурсына қатысу үшін жоғары білімі бар кадрларды даярлаудың қысқартылған оқыту мерзімдері көзделетін ұқсас бағыттар бойынша түсушілерді қоспағанда, орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар, ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша:

ұлттық ЖЖОКБҰ-ға түсу үшін – кемінде 60 балл, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» саласы бойынша кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» салалары бойынша – кемінде 60 балл;

басқа ЖЖОКБҰ-ға түсу үшін – кемінде 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – кемінде 75, «Денсаулық сақтау» саласы бойынша кемінде 70 балл жинаған адамдар жіберіледі.

Бұл ретте ҰБТ-ның және (немесе) шығармашылық емтиханның әрбір пәні бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.»;

13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«13. Білім беру грантын алуға арналған конкурс өткізілген, сондай-ақ жоғары бiлiмі бар кадрларды даярлауға мемлекеттiк білім беру тапсырысы бойынша бiлiм алушылардың құрамына қабылдаған кезде балдар тең болған жағдайда басым құқық мынадай кезектілік бойынша беріледі:

1) «Алтын белгi» белгiсімен марапатталған адамдар;

2) патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградталған адамдар;

3) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар;

4) осы Қағидалардың 6-тармағының тоғызыншы бөлігінде көрсетілген адамдарды қоспағанда, тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын жалпы бiлiм беру пәндері бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған), орындаушылардың халықаралық және республикалық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздары, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандықтың олимпиада, конкурс немесе спорттық жарыс пәнiне сәйкес келуі шартымен жалпы бiлiм пәндері бойынша ағымдағы оқу жылында президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) жеңiмпаздары;

5) жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, бірінші және екінші топтардағы мүгедектер, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы көрсетілімдері жоқ бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар адамдар.

Бұл ретте балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда білім беру гранттары аттестатының, куәлігінің немесе дипломының орташа балдары жоғары адамдарға беріледі.

Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары бірдей болғанда бейіндік пән бойынша алған балдары ескеріледі.»;

18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«18. Жоғары білімнің білім беру гранттарын конкурспен бергеннен кейін қалған бос білім беру гранттарын, оның ішінде батыс және халық тығыз орналасқан өңірлерден келген адамдарға арналған білім беру гранттарын, сондай-ақ бас тартылған білім беру гранттарын республикалық комиссия бір білім беру саласы ішінде өту балы жоғары адамдарға жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының мәлімделген тобы бойынша осы Қағидалардың 13, 14, 15 және 16-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.

Жоғары білімнің білім беру гранттарын конкурспен бергеннен кейін қалған бос білім беру гранттарын халықаралық келісімдер бойынша келген шетелдік тұлғаларға, резервте көзделген жоғары білімнің білім беру гранттарын, сондай-ақ жекелеген ЖЖОКБҰ-ға көзделген жоғары білімнің білім беру гранттарын беру туралы шешімді республикалық комиссия қабылдайды.

Педагогикалық және медициналық бағыттарды қоспағанда, білімі туралы құжаттары Қазақстан Республикасының аумағында танылатын шетелдік жоғары оқу орындарынан Қазақстан Республикасының ЖЖОКБҰ-на ауысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына бос және бас тартылған білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша республикалық комиссияның шешімімен конкурстық негізде беріледі.

Конкурс үлгерімнің орташа балы Grade Point Average – Грейт Поинт Эверейдж  (бұдан әрі – GPA) негізінде аралық аттестаттау нәтижелері бойынша куәлік беріле отырып өткізіледі.

Үлгерімінің GPA орташа балының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда бүкіл оқу кезеңінде бағалары А, А- («өте жақсы») білім алушылар ғана басым құқыққа ие болады, келесі кезекте – А, А- («өте жақсы») бастап В+, В, В-, С+ («жақсы») дейінгі бағалар, бұдан әрі – аралас бағалар.»;

24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«24. Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған білім беру гранттары, оның ішінде батыс және халық тығыз орналасқан өңірлерден келген адамдарға арналған білім беру гранттары (бұдан әрі – босаған гранттар) білім беру бағдарламаларының топтары бойынша ақылы негізде білім алушыларға конкурстық негізде беріледі.

Конкурс үлгерімнің GPA орташа балы негізінде аралық аттестаттаудың нәтижесі бойынша куәлік беріле отырып өткізіледі.

ЖЖОКБҰ ұйымның сайтында (білім беру порталында) босаған білім беру гранттарының санын көрсете отырып, ашық конкурс туралы хабарландыру орналастырады.

Үлгерімінің GPA орташа балының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда бүкіл оқу кезеңінде бағалары А, А- («өте жақсы») білім алушылар ғана басым құқыққа ие болады, келесі кезекте – А, А- («өте жақсы») бастап В+, В, В-, С+ («жақсы») дейінгі бағалар, бұдан әрі – аралас бағалар.»;

Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған білім беру гранттарын беру жазғы және қысқы каникул кезеңінде конкурстық негізде мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

1) ақылы негізде білім алушы ЖЖОКБҰ басшысының атына өзінің GPA балын ашық қолжетімді болатындай жариялауға келісімін көрсете отырып, одан әрі жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру гранты бойынша оқуға өтініш береді;

2) ЖЖОКБҰ кадрларды даярлау бағыттары, курстар мен білім беру бағдарламаларының топтары бөлінісінде GPA балын көрсете отырып, босаған гранттарға үміткерлердің деректерін ұйымның сайтында (білім беру порталында) орналастырады;

3) келіп түскен өтініштер ғылыми (академиялық) кеңестің және (немесе) байқау (қамқоршылық) кеңесінің және (немесе) директорлар кеңесінің отырысында қаралады;

4) ЖЖОКБҰ ғылыми (академиялық) кеңестің және (немесе) байқау (қамқоршылық) кеңесінің және (немесе) директорлар кеңесінің шешімі негізінде тиісінше ағымдағы жылғы 5 тамызға және 25 қаңтарға дейінгі мерзімде босаған білім беру гранттарына үміткерлердің тізімін білім беру саласындағы уәкілетті органға шешім қабылдау үшін жолдайды. Тізімге білім алушы өтінішінің, ғылыми (академиялық) кеңестің және (немесе) байқау (қамқоршылық) кеңесінің және (немесе) директорлар кеңесі шешімдерінің көшірмесі, білім алушының транскриптінен үзінді, оның жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесі және ЖЖОКБҰ-дан шығарылған білім беру гранты иегерінің куәлігі (төлнұсқа) қоса беріледі;

5) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған және үміткерлердің болмауына байланысты білім беру саласындағы уәкілетті органға ұсынылған босаған білім беру гранттарын комиссия конкурстық негізде қайта бөледі;

6) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған және үміткерлердің болмауына байланысты ЖЖОКБҰ-ға ұсынылған босаған білім беру гранттарының тізімі білім беру саласындағы уәкілетті органның сайтында жарияланады;

7) конкурс басқа ЖЖОКБҰ-да ақылы негізде білім алып жатқан, конкурсқа қатысу үшін құжаттар ұсынған адамдардың арасында білім беру бағдарламаларының топтары, курс бөлінісінде аралық аттестаттау нәтижесі бойынша өткізіледі;

8) білім беру саласындағы уәкілетті орган келіп түскен құжаттарды білім беру бағдарламаларының топтары, оқуға түскен жылын ескере отырып, оқу нысаны мен мерзімі бөлінісінде қарайды және шешім оң болған жағдайда босаған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру грантын беру туралы бұйрық шығарады (білім беру бағдарламаларының топтары бойынша үміткерлер болмаған жағдайда жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған білім беру гранттары даярлық бағытының немесе білім беру саласының ішінде қайта бөлінеді);

9) білім беру саласындағы уәкілетті орган бұйрығының негізінде ҰТО куәлікті ресімдейді және деректерді үш жұмыс күні ішінде тиісті ЖЖОКБҰ-ға жібереді;

10) куәліктің негізінде ЖЖОКБҰ басшысы одан әрі білім беру гранты бойынша оқу туралы бұйрық шығарады.».

  1. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

                                                               

Қазақстан Республикасының                                                                   

Премьер-Министрі                                                           Ә. Смайылов      

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу