Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 15 ақпандағы №128 қаулысы

«Тәуелсіз консультантты тарту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 маусымдағы № 382 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. «Тәуелсіз консультантты тарту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 маусымдағы № 382 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 100-1-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;

көрсетілген қаулымен бекітілген Тәуелсіз консультантты тарту қағидаларында:

2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) жекешелендіру – мемлекеттік мүлікті мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына сатуды қоспағанда, мемлекеттің Заңда белгіленген арнайы рәсімдер шеңберінде мемлекеттік мүлікті жеке тұлғаларға, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сатуы;

2) кешенді бағалау әдістемесі – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган бекітетін, тәуелсіз консультанттардың ұсыныстарында көрсетілген сапалық және сандық сипаттамаларды, көрсетілетін қызметтердің және (немесе) жұмыстардың бағасын және өзге де шарттарды ескере отырып, тәуелсіз консультанттардың ұсыныстарын бағалау үшін комиссия әзірлеген әдістеме;

3) мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган Заңда көзделген жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу үшін құратын алқалы орган;

4) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы – мемлекеттік мүлік тізілімінің электрондық дерекқорына бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын www.gosreestr.kz мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналастырылған интернет-ресурс;

5) сатушы – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты;

6) тәуелсіз консультанттар – заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдік заңды тұлғалар немесе олардың бірлестіктері, сатушы жекешелендіру объектілерінің нарықтық құнына бағалау жүргізу және (немесе) жекешелендіру объектілері бойынша мәмілені сүйемелдеу мақсатында тартатын, бағалау және (немесе) инвестициялық қызметке және (немесе) қаржылық консультация беруге қатысушылар.»;

3-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«2) комиссияның ұсыныстарға сұрау салуы және шарт жобасын дайындауы;»;

7-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Комиссия:»;

8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«8. Комиссия сатушыға жекешелендіру түрі, жекешелендіру объектісін сату шарттары, жекешелендіру объектісін сатып алушыға және тәуелсіз консультанттарға қойылатын талаптар туралы ұсынымдарды енгізеді.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                  Ә. Смайылов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу