Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 19 қарашадағы №775 Қаулысы

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 27-28, 168-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларында:

4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен ақша бөлу туралы шешімдерін, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның құқықтық актісін дайындау мынадай:

1) ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерде осы мақсаттарға ақша болмаған;

1-1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мақсаттарға арнайы резервтен қаражат бөлінген;

2) Қазақстан Республикасының Үкіметі және жергілікті атқарушы органдар резервтерінің ақшасына қажеттілік ағымдағы қаржы жылында туындағанда және оларға қажеттілік Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың міндеттемелерін соттардың шешімдері бойынша өтеу жағдайларын қоспағанда, бюджеттік бағдарлама әкімшісінің өткен міндеттемелеріне байланысты болмаған;

3) Қазақстан Республикасының ресми гуманитарлық көмек көрсетуіне арналған төтенше резервін пайдалану туралы комиссияның оң қорытындысы болған;

4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервін пайдалану мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы болған жағдайларда жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен ақша бөлу туралы қолдаухатқа, жиынтық есептеулерге, сондай-ақ оларға есептеулер мен негіздемелерге орталық атқарушы органның бірінші басшысының орынбасары қол қояды.

Егер Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы қолдаухат жергілікті атқарушы органдардың сұрау салуы бойынша ұсынылса, онда:

жиынтық есептеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі немесе ол уәкілеттік берген адам бекітеді және орталық атқарушы органның бірінші басшысының орынбасары келіседі;

қолдаухатқа негіздеме мен есептеулерге жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның бірінші басшысы немесе ол уәкілеттік берген адам қол қояды.

Жергілікті атқарушы органдардың резервінен ақша бөлу туралы қолдаухатқа және жиынтық есептеулерге, сондай-ақ оларға есептеулер мен негіздемелерге тиісті жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның бірінші басшысы немесе ол уәкілеттік берген адам қол қояды.

Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің жергілікті атқарушы органдарының сұрау салуы бойынша облыстың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының резервтерінен тиісінше қаражат бөлінген кезде:

жиынтық есептеуді аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі бекітеді және облыстың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органның бірінші басшысымен келіседі;

негіздеме мен есептеулерге аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органның бірінші басшысы немесе ол уәкілеттік берген адам қол қояды.

Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан қираған тұрғын үй құрылысына Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражат бөлінген жағдайда жергілікті атқарушы органдар облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімінің осы мәселеге жетекшілік ететін орынбасары қол қойған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғын үйі авариялық деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін ұсынады.

Зардап шеккен азаматтардың тізімін заңнамада белгіленген тәртіппен растаушы құжаттардың негізінде жергілікті атқарушы органдар қалыптастырады.».

2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

 

 

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі                                                                 А. Мамин

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу