Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 20 ақпандағы №141 қаулысы

Қазақстан Республикасында дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізудің кейбір мәселелері туралы

 

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 46-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. «Қазақстан Республикасының азаматы паспортының, Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігінің, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаттың, азаматтығы жоқ адам куәлігінің, босқын куәлігінің, жол жүру құжатының үлгілерін және оларды қорғауға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 4 шілдедегі №684 қаулысының мынадай ережелердегі қолданылуы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын:

1) көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматы паспортының үлгісінде:

«2. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын қорғауға қойылатын талаптар» деген бөлімде:

1-тармақтың екінші бөлігінде, осы бөлік тоқтатыла тұрған кезеңде мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

«Жадының сыйымдылығы кемінде 64 Кб болатын микросхемада Қазақстан Республикасының азаматы паспортының иесі туралы графикалық және мәтіндік ақпарат қорғалған түрде сақталады.»;

2) көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігінің үлгісінде:

«2. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін қорғауға қойылатын талаптар» деген бөлімде:

1-тармақтың екінші бөлігінде, осы бөлік тоқтатыла тұрған кезеңде мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

«Жадының сыйымдылығы кемінде 64 Кб болатын микросхемада Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігінің иесі туралы графикалық және мәтіндік, оның ішінде оның заңды мекенжайы туралы ақпарат, оның фотобейнесі және қолы қорғалған түрде сақталады.»;

3) көрсетілген қаулымен бекітілген Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаттың үлгісінде:

«2. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты қорғауға қойылатын талаптар» деген бөлімде:

1-тармақтың екінші бөлігінде, осы бөлік тоқтатыла тұрған кезеңде мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

«Жадының сыйымдылығы кемінде 64 Кб болатын микросхемада шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаттың иесі туралы графикалық және мәтіндік, оның ішінде оның заңды мекенжайы туралы ақпарат, оның фотобейнесі және қолы қорғалған түрде сақталады.»;

4) көрсетілген қаулымен бекітілген азаматтығы жоқ адамның куәлігінің үлгісінде:

«2. Азаматтығы жоқ адамның куәлігін қорғауға қойылатын талаптар» деген бөлімде:

1-тармақтың екінші бөлігінде, осы бөлік тоқтатыла тұрған кезеңде мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

«Жадының сыйымдылығы кемінде 64 Кб болатын микросхемада азаматтығы жоқ адамның куәлігінің иесі туралы графикалық және мәтіндік ақпарат қорғалған түрде сақталады.».

  1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы 
    № 852 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларының 3-тармағы 11) тармақшасының және 
    5-тармағы бесінші бөлігінің қолданылуы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын. 
  2.  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қаңтардағы № 36 қаулысымен бекітілген Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларының дактилоскопиялық тіркеуді жүргізу бөлігіндегі 2 және 
    4-тарауларының қолданылуы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.
  3. «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қаңтардағы № 36 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін: 

көрсетілген қаулымен бекітілген Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларында: 

63-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«63. Ауыр немесе аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120, 121, 122, 123 және 124-баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін сотталған адамдардан биологиялық материалды алуды қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде (бұдан әрі – мекеме) орналасқан медициналық ұйымдардың қызметкерлері және пробация қызметінің қызметкерлері үлгілерді алуға жәрдем көрсету үшін ішкі істер органдары жедел-криминалистикалық бөлімшелерінің қызметкерлерін тарта отырып жүзеге асырады.».

  1. Осы қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

 

Қазақстан Республикасының 

Премьер-Министрі                                                                              Ә. Смайылов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу