Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 20 наурыздағы №207 қаулысы

Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу туралы

 

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1.   Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін, сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 39-бабының 3-тармағы 31), 32) және 33) тармақшаларының негізінде сатып алынатын тауарларды қоспағанда, шет мемлекеттерден шығарылатын, сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның тізіліміне енгізілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді және электрондық өнеркәсіп өнімін ұлттық режимнен алып тастау белгіленсін.

2.   Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізіліміндегі жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік сатып алуға қатысуына рұқсат етілсін.

3.   Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:

1)   осы қаулы қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органға сенім білдірілген бағдарламалық қамтылым тізіліміне енгізілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізбесін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығына сәйкес кодтарды көрсете отырып ұсынуды қамтамасыз етсін;

2)   ақпараттың жаңартылу шамасына қарай мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органға тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығына сәйкес кодтар көрсетілген сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның тізіліміне енгізілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізбесін жіберіп тұрсын.

4.   Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап, бірақ ерте дегенде 2024 жылғы 20 мамырда қолданысқа енгізіледі және екі жыл бойы қолданыста болады.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                          О. Бектенов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу