Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 23 қаңтардағы №31 қаулысы

«Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

                                                                                                                     

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. «Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген «Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларында:

6-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«6. «Бакалавр» дәрежесі берілетін жоғары білім алуға республикалық бюджет қаражаты есебінен ақы төлеу үшін білім беру гранттары (бұдан әрі – жоғары білімнің білім беру гранттары) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 26-бабының 8-1-тармағында көзделген жағдайды және осы тармақтың тоғызыншы бөлігінде көрсетілген адамдарды қоспағанда, оқуға түсушілер өтініш берген білім беру бағдарламалары топтарының кезектілігіне сәйкес білім беру грантын беру туралы куәлік табыс етіліп, ҰБТ нәтижелеріне сәйкес білім беру бағдарламаларының нақты топтары бойынша конкурстық негізде беріледі.»;

         16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«16. Ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін квота белгіленген білім беру бағдарламаларының топтарына арналған конкурс мынадай түрде өтеді: білім беру бағдарламаларының осы топтары бойынша гранттардың жалпы санының 65 %-ы жалпы конкурс тәртібімен беріледі, ал гранттардың қалған 35 %-ына конкурс ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін ғана өткізіледі.

Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын, Қазақстан Республикасы ЖЖОКБҰ-ға қабылдау квотасы белгіленген білім беру бағдарламалары тобының тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.».

  1. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

                                                                       

Қазақстан Республикасының                                                                   

Премьер-Министрі                                                           Ә. Смайылов 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу