Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы «25» ақпандағы № 114 қаулысы

Көлік саласындағы лицензиарларды, екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілетті органдарды айқындау және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) және 4) тармақшаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Мыналар:

1) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары:

жолаушыларды облысаралық қалааралық, ауданаралық (облысішілік қалааралық) және халықаралық қатынастарда автобустармен, шағын автобустармен тұрақты емес тасымалдау, сондай-ақ жолаушыларды халықаралық қатынаста автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдау жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асыру жөніндегі лицензиар;

«Өздігінен жүретін шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлік» және «Техникалық байқаудың халықаралық сертификаты» екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілетті орган болып;

2) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті:

теміржол көлігі саласындағы жүктерді тасымалдау бойынша қызметті лицензиялауды жүзеге асыру жөніндегі лицензиар;

осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес автомобиль, су және  теміржол көлігі саласындағы екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілетті орган болып;

3) Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері «Кеменің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығы туралы уақытша куәлік» екінші санаттағы рұқсатты беруге уәкілетті орган болып;

4) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде «Ірі салмақты және (немесе) ірі өлшемді автокөлік құралдарының жүруіне арнайы рұқсат» және «Отандық рұқсат» екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілетті орган болып;

5) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік                 полиция комитеті «Қауіпті жүктерді тасымалдау маршрутына қол және мөр қою» екінші санаттағы рұқсатты беруге уәкілетті орган болып айқындалсын.

2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу