Халықтың газ жабдығын қауіпсіз пайдалануы бойынша шаралар қабылдауға қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А. Платоновтың 2020 жылғы 12 ақпандағы № ДЗ-45 халықтың газ жабдығын қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша жүйелі шаралар қабылдауға қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Құрметті Артур Станиславович!

Сіздің халықтың газ жабдығын қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша жүйелі шаралар қабылдауға қатысты депутаттық сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның және жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтілді және оларға: 

  • жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекцияларының елді мекендер шекаралары шегінде тұрғын үй қорын басқару, газ және газбен жабдықтау салаларындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде бақылау субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау, сондай-ақ елді мекендер шекаралары шегінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қадағалау субъектілеріне қатысты қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыруы; 
  • елді мекендердің шекаралары шегінде тұрғын үй қорын басқару, газ және газбен жабдықтау салаларындағы, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуы бойынша тексеру парақтарын және тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын әзірлеу және бекіту жөніндегі функциялар беру бойынша нормалар көзделген. 

Сондай-ақ, осы Заңда жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекцияларының лауазымды тұлғаларына мемлекеттік инспектор мәртебесі берілген. 

Қазіргі уақытта қабылданған нормаларды орындау үшін қабылдау мерзімі ағымдағы жылғы наурызда болатын заңға тәуелді актілер әзірленуде, бұл тұрғын үй инспекцияларына әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде бақылау мен қадағалауды жүргізуге мүмкіндік береді. 

Штаттық бірліктермен қамтамасыз ету мәселесі «Жергiлiктi атқарушы органдардың штат санының лимиттерiн бекiтудiң кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы №1324 қаулысына сәйкес пысықталатын болады, оған сәйкес жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй инспекциясының құрылымы мен шекті штат санын олардың штат саны лимитінің шегінде белгілейді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу