ҚР Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктеріне қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Құл-Мұхаммед, Т. Мұқашев, Қ. Қожамжаров, Т. Мұсабаев, Д. Нұржігітова және Н. Нұрсипатовтың 2020 жылғы 7 ақпандағы №16-13-37 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктеріне қатысты депутаттық сауалына жауап. 

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктеріне қатысты мынаны хабарлаймын. 

Өткізу пункттерін және шекараны кесіп өту орындарын жайластыру, инфрақұрылымды құру және оны басқару саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына қатысты 

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту және техникалық жарақтандыру бойынша жобаны іске асыру Инфрақұрылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде көзделген. 

Осылайша, Ресей Федерациясымен шекарада 2020 – 2025 жылдар аралығында кезең-кезеңмен 27 автомобиль және 11 теміржол өткізу пункттерін реконструкциямен қамту жоспарлануда. Осы шараларды іске асыру Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) мен Ресей Федерациясы Көлік министрлігінің арасындағы өткізу пункттерінің жұмыс істеуі жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары шеңберінде жүргізілетін болады. 

Осы жоспарды іске асыру үшін Министрлік реконструкциялаудың нақты мерзімдері мен жүзеге асыру кезеңдері айқындалған Өткізу пунктерін реконструкциялау жөніндегі жол картасын әзірледі және оған қол қойды, ол Ресей Федерациясының Көлік министрлігінде қол қойылу сатысында. 

2020 жылы аяқталуы ағымдағы жылдың соңына көзделген Қырғызстан Республикасымен шекарада «Қордай» өткізу пунктіне реконструкциялау жүргізу жоспарлануда. 

Бұл ретте Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы қалған өткізу пункттерін реконструкциялауды 2025 жылдың соңына дейін іске асыру жоспарлануда. 

Сондай-ақ 2020 жылдың соңына дейін бюджеттік қаражат есебінен Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Б. Қонысбаев» өткізу пунктін реконструкциялау және техникалық жарақтандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. 

Қытай Халық Республикасының Үкіметтік жеңілдік қарызы шеңберінде Қытай Халық Республикасының (4 автомобиль және 1 теміржол), Өзбекстан Республикасының (4 автомобиль), Түркіменстан Республикасының (1 автомобиль) шекараларында 10 автомобиль және 1 теміржол өткізу пунктін жаңғырту және техникалық жарақтандыру жүргізу жоспарлануда. 

Өткізу пункттерін (автомобиль, теміржол, әуе) құру, күтіп ұстау және дамыту бойынша қызметтерді бір мемлекеттік органға (Министрлікке) жүктеуге қатысты 

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қытай Халық Республикасымен, Өзбекстан Республикасымен және Түркіменстан Республикасымен шекарадағы өткізу пункттерін дамыту кедендік рәсімдерді жүргізуге байланысты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жүзеге асырады. 

Өз кезегінде, Қырғызстан Республикасымен және Ресей Федерациясымен Кедендік одақ ынтымақтастығының шеңберінде Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы өткізу пункттері Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің (бұдан әрі – Шекара қызметі) теңгерімінде. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттері инфрақұрылымын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдау мақсатында 2019 жылғы 25 қазанда Үкіметтің жанындағы Мемлекеттік шекара комиссиясының отырысы өтті. 

Осы отырыстың қорытындысы бойынша Шекара қызметі өткізу пункттерін салу және реконструкциялау жұмыстарын жүргізу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің теңгеріміне береді. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін өткізу пункттері Шекара қызметінің теңгеріміне қайтарылатын болады. 

Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы авиациялық, автомобиль, теңіз, өзен және теміржол өткізу пункттерін дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру мәселелерін бірыңғай үйлестіру мақсатында осы бағыт бойынша функцияларды жүктей отырып, Министрліктің жанынан жекелеген бөлек құрылымдық бөлімше ашу мәселесі пысықталуда. 

Ресей Федерациясының тәжірибесі бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекаралық саясаты тұжырымдамасын әзірлеу және қабылдауға қатысты 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының шекаралық саясаты тұжырымдамасын әзірлеу мәселесіне бастама жасады, оны Мемлекет басшысы қолдады. Осыған байланысты осы бағыт бойынша жұмыстар уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп белгіленген тәртіппен жүргізілетін болады.

Жалпы алғанда көтеріліп отырған мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында және олардың шешімдері көрсетілген шаралардың шеңберінде жалғастырылатын болады. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу