ҚР Ұлттық ұланының кейбір мәселелеріне қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Құл-Мұхаммед, Н. Нұрсипатов, Қ. Қожамжаров, С. Ершов, Д. Нұржігітованың 2020 жылғы 11 қыркүйектегі №16-13-200Д/С Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының кейбір мәселелеріне қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының (бұдан әрі – Ұлттық ұлан) қызметін теңгерімді қаржыландыруға, сондай-ақ әлеуетті құрылымдарды үйлестіруді күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылдауға қатысты сіздердің депутаттық сауалдарыңызға мынаны хабарлаймын.

Соңғы 5 жылда Ұлттық ұланды республикалық бюджеттен қаржыландырудың жалпы көлемі жыл сайын ұлғайтылып, 391 млрд теңгеден асты. Шығыстардың негізгі өсімі лауазымдық айлықақыны арттыруға, нысанды киім-кешек сатып алуға, әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдеріне және күрделі шығыстарға (оның ішінде материалдық-техникалық жарақтандыру) бағытталған. Ұлттық ұланды қаржыландыруды одан әрі ұлғайту экономикалық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралатын болады.

Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымын Ішкі істер министрі орынбасарларының бірінің лауазымымен біріктіруге қатысты ұсынылған өзгерісті уәкілетті мемлекеттік органдар қазіргі кезде орынсыз деп санайды. Аталған қоса атқару заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етеді.

Тұтастай алғанда, Ұлттық ұланның қызметін қаржыландыру және әлеуетті құрылымдарды үйлестіруді күшейту бойынша қосымша шаралар қабылдау мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында.

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу