Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі электрондық аукциондарды ұйымдастыруға қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Р.Әбдікеров, Н. Бекназаров, А. Лукин, Қ. Сафинов, Л. Сүлейменнің 2020 жылғы 1 қазандағы №16-13-220Д/С көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі электрондық аукциондарды ұйымдастыруға қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі электрондық аукциондарды ұйымдастыруға қатысты сіздердің сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен бастап электрондық аукциондар жүйесі іске қосылды, оның іске қосылуы туралы ақпарат бірқатар қазақстандық БАҚ-та және Ресей, Украина және Әзербайжанның ақпараттық ресурстарында жарияланды. Бүгін Энергетика министрлігінің сайтында 10 жер қойнауы учаскесі бойынша электрондық аукцион өткізу туралы хабарлама орналастырылды, олар бойынша өтініштер келіп түсті және оны өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексті (бұдан әрі – Кодекс) іске асыру үшін ағымдағы жылы Энергетика министрлігі 4 заңға тәуелді актіні қабылдады (операторды айқындау критерийлері, операторды айқындау, аукцион өткізу қағидалары, жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссия туралы ереже бойынша), оның шеңберінде:

нормативтік құқықтық актілерге сәйкес терминология келтірілді;

аукциондарды өткізу мерзімдері, сондай-ақ электрондық аукциондар операторының іс-әрекеттері регламенттелді;

ақпараттық жүйеде жұмыс істеу шарттары мен тәртібі сипатталды;

электрондық аукционды өткізуге және оған қатысуға өтініштер беруден бастап (қатысу жарналарын төлеуді, электрондық түрде аукцион өткізуді, аукцион қорытындыларының хаттамасын автоматты түрде қалыптастыруды және жеңімпазды айқындауды қоса алғанда) электрондық аукциондарды өткізудің бүкіл процесі автоматтандырылды.

Бұдан басқа Кодексте жеке және заңды тұлғалардың - елдің резиденттері мен бейрезиденттерінің қатысуы көзделеді. Осыған байланысты өтініштерді беру процесін автоматтандыру есебінен қоса берілетін құжаттардың көлемі 3 есеге қысқартылды және мемлекеттік органдардың өзге де ақпараттық жүйелерінен деректерге сұрау салу мүмкіндігі іске асырылды. Айта кету керек, аукциондарды өткізудің электрондық форматы рейдерліктің алғышарттарын анықтауға мүмкіндік береді, өйткені сауда жүйесі аукционға жіберілген қатысушылардың анонимділігін және олардың санын толық қамтамасыз етеді.

Жұртшылықты электрондық аукциондарды өткізуді бақылауға тартуға қатысты ұсынысты іске асыру мақсатында Энергетика министрлігінің сайтында аукциондарды өткізу процесін тікелей трансляциялау жоспарланады, бұл оның ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тікелей трансляция барысында онлайн-режимде аукцион тарихы және қол қою бонусының ағымдағы мөлшері көрсетіледі. Трансляцияны өткізуді нормативтік регламенттеу мәселесін Энергетика министрлігі пысықтап жатыр.

2011 жылдан бастап көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондардың операторы болып сауда-саттықты өткізу тәжірибесін ескере отырып, «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ анықталды (оператордың сауда жүйесінде 80 мыңнан астам қатысушы тіркелген және 30 мыңнан астам сауда-саттық өткізілген).

Оператор Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 641-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін толық көлемде жауапты болады.

Сонымен қатар, Кодекстің 99-бабының 6-тармағымен аукциондарды тиісті түрде өткізу бойынша оператордың міндеттері анықталған, оның ішінде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен электрондық аукциондарды өткізуді тоқтата тұру, ауыстыру немесе күшін жою кіреді. Сауда жүйесінде аукционды өткізуге немесе аукционды өткізу рәсіміне кедергі келтіретін техникалық іркіліс фактісі болған жағдайда, оператор бұл туралы уәкілетті органды жазбаша хабардар етеді және қатысушыларды құзыретті органның интернет-ресурсында ақпаратты орналастыру және қатысушының электрондық поштасына электрондық хабарлама жіберу арқылы осы аукционды жалғастырудың күні мен уақыты туралы міндетті түрде алдын ала хабардар ете отырып, аукционды техникалық іркіліс түзетілген күннен кейін келесі жұмыс күніне ауыстырады. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі электрондық аукциондарды ұйымдастыру мәселелері Үкіметтің бақылауында тұр. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу