«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның дербес ұйым түрінде сақталуына қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары А. Әбілдаев, А. Перуашев, Е. Барлыбаев, Б. Дүйсенбинов, Е. Ерубаев, Д. Еспаева, А. Жұмабаева, Қ. Иса, А. Линник, Е. Өмірғали, М. Раманкұлов, А. Сембиновтің 2021 жылғы 21 сәуірдегі №ДС-153 «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның дербес ұйым түрінде сақталуына қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның (бұдан әрі – «АШҚҚҚ» АҚ) дербес ұйым түрінде сақталуына қатысты Сіздердің сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Бүгінгі күні «ҚазАгро» және «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингтері біріктірілгеннен кейін агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «АШҚҚҚ» АҚ қаржы институттары арқылы іске асырылады.

Осылайша, «АШҚҚҚ» АҚ ауылдық және қалалық жерлерде микро және шағын бизнеске тікелей жеңілдетілген кредит беру бойынша қызметті жүзеге асырады. Жыл сайын АШҚҚҚ 60 млрд теңгеден астам сомаға 12 мыңға жуық қарыз береді, кредит портфелі 185,9 млрд теңгені құрайды, 50 мың белсенді клиентке қызмет көрсетіледі.

Сонымен қатар, бұған дейін «АШҚҚҚ» АҚ функциялары мен штат санын оңтайландыру шеңберінде кредиттік серіктестіктердің, микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейдегі банктердің қарыздарын кепілдендіру жөніндегі функцияларды «Даму «КДҚ» АҚ-ға беру жоспарланған болатын.

Жоғарыда баяндалғанды және Сіздердің сауалдарыңызда көрсетілген дәлелдерді ескере отырып, бүгінгі күні Үкімет «АШҚҚҚ» АҚ-ны дербес ұйым түрінде сақтаудың орындылығы мәселесін қосымша пысықтауда.

Аталған мәселені пысықтау қорытындылары бойынша қосымша ақпаратты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу