ҚР Үкіметінің отырысы, 13.02.2024

13 ақпанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • Қазақстан Үкіметінің отырысында 2024 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Жиында Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, қаржы министрі Мәди Такиев, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасады.

  • Н. Байбазаров биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша ел экономикасының өсу қарқыны 3,9%-ды құрағанын жеткізді. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%-ға, ал қызмет көрсету саласы – 3,5%-ға өсті. Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті.

  • Ұлттық банк басшысының орынбасары биыл қаңтар айында теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 448,17 теңгеге дейін 1,4%-ға нығайғанын айтты. Жыл басынан Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату теңгеге едәуір қолдау көрсетті. 

  • Биылғы қаңтар айында мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері туралы ҚР қаржы министрі Мәди Тақиев баяндады. Ол мемлекеттік бюджетке шамамен 1 трлн теңге (жоспар 111,5% орындалды), республикалық бюджетке 521 млрд теңге (жоспар 78,4%-ға орындалды) түскенін атап өтті. Кірістер бойынша жоспардың орындалмауы 143 млрд теңгені құраса, оның ішінде салықтар бойынша – 151 млрд теңге.

  • ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің айтуынша, ең кемі 6% деңгейінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету Үкіметтің осы жылға және орта мерзімді кезеңге арналған басым міндеті болып қала береді.

  • Биыл біздің алдымызда инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұру міндеті тұр. Ол үшін мемлекеттік органдар Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Премьер-Министрдің сөзінше, жалпы қаржылық тәртіпті күшейту, нәтижесіз шығыстарды жою және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу