ЕАЭО елдерінің үкімет басшыларымен кездесу және цифрлық форумға қатысу: Ә. Смайыловтың Алматыға жұмыс сапары қалай өтті

2-3 ақпанда Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы және Digital Almaty-2023 цифрлық форумы өтті.

Халықаралық іс-шараларға қатысу үшін оңтүстік астанаға Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, сондай-ақ ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекет өкілі ретінде Өзбекстан үкімет басшылары келді.

Осы күндері жаңбыр жауып, ауа райының құбылмалы болғанына қарамастан, Алматы қала қонақтарын жақсы қарсы алды.

Әлихан Смайылов пен Михаил Мишустин. Биыл Ресей Федерациясы ЕАЭО-ға төрағалық етеді.

Әлихан Смайылов және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Михаил Мясникович.

Әлихан Смайылов пен Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко.

Әлихан Смайылов және Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров. Еске сала кетейік, Қырғыз Республикасы ЕАЭО-ға 2022 жылы төрағалық етті.

Әлихан Смайылов және Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян.

ЕҮАК-тің бірінші күні. Әлихан Смайыловтың Михаил Мясниковичпен кездесуі.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстан ЕАЭО қызметі тек экономикалық бағытта болуы тиіс деген ұстанымды басшылыққа алады.

«Барлық шешімдер экономикалық прагматизмге негізделуі керек», — деді Премьер-Министр. 

2 ақпанда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары шағын құрамда елдер үшін маңызды мәселелерді талқылау және одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын белгілеу үшін кездесті.

Атап айтқанда, тараптар ЕАЭО алкоголь нарығын реттеу мәселелерін, ортақ газ нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шарттың жобасын дайындау барысын, сондай-ақ Одақтың өңірлік даму институттарының қызметін қарастырды.

Сонымен қатар Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Әлихан Смайылов пен Михаил Мишустиннің кездесуі өтті.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын, транзиттік және екіжақты жүк тасымалдау көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды, шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі жоспарларды және басқа да бірқатар тақырыптарды талқылады. 

Уақыттың кешкіргеніне қарамастан, баспасөз орталығында жұмыс қызу болды.

Осы күндері, 2-3 ақпанда, Алматыда «Digital Almaty: жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» V цифрлық форумы өтті.

Цифрлық форум — Алматыдағы ең ірі Tech-іс-шара және цифрлық күн тәртібін, трансформацияның жаңа стратегияларын және IT-технологиялар саласындағы трендтерді талқылауға арналған дәстүрлі алаң.

Биыл форумның іскерлік бағдарламасы 20 панельдік сессиядан тұрды, онда 150-ден астам спикер – халықаралық және қазақстандық IT-қоғамдастық өкілдері сөз сөйледі. Іс-шараға қатысуға 30 елден 20 мыңнан астам адам өтінім берді.

3 ақпанда форумға Әлихан Смайылов, Никол Пашинян, Роман Головченко, Ақылбек Жапаров, Михаил Мишустин, Абдулла Арипов (Өзбекстан Премьер-министрі) және Михаил Мясникович келді. Олар технопарктер көрмесін аралап, ұсынылған стартап-жобалармен танысып, шараға қатысушылармен сөйлесті.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанда енгізіліп жатқан көптеген IT-өнімдер мен инновациялық шешімдер туралы айтып берді.

Айта кету керек, Digital Almaty форумы биыл өзінің алғашқы мерейтойын – бес жылдығын атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы форум қатысушылар саны бойынша да, контенттің әртүрлілігі бойынша да ең ауқамдысы болып отыр.

Форум «Атакент» ҚІЫО-да өтті, 12 мың шаршы метр аумақты алды. Мұнда EduTech, Med Tech, Fin Tech, IoT, AR/VR, big data, e-commerce, AI, agritech, cybersecurity және басқа да көптеген салаларда 100-ден астам жоба жиналған стартап-аллея ашылды.

Сонымен қатар Digital Almaty аясында халықаралық технопарктер, ірі IT-компаниялар мен бағдарламалау мектептерінің көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара аясында саланың көшбасшылары мен жетекші сарапшыларының қатысуымен панельдік сессиялар мен дөңгелек үстелдер өткізілді.

Ал форум аясында алғаш рет 8-17 жас аралығындағы оқушылар арасында робототехника және инновациялық технологиялар бойынша Digital Ministry Cup чемпионаты өтті.

Digital Ministry Cup-қа қатысу үшін Қазақстанның «ҚазРоботикс» білім және спорттық робототехника федерациясы Алматы қаласы Білім басқармасымен бірлесіп, Қазақстанның түрлі өңірлерінен 20 жобаны іріктеп алды.

Робототехника бойынша жарыс VEX IQ Competition бағдарламасы аясында өтті. Мұнда Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Ресейден 60-тан астам оқушы (20 команда) өз роботтарын ұсынды.

*VEX Robotics – бүкіл әлемде қолданылатын Robotics білім беру платформасы. Бұл Америкада да, Қытайда да танымал робототехника жүйесі. Vex Robotics арнайы жарыстарында бүкіл әлем бойынша студенттер жыл сайын әлем чемпионы атағына таласады.

Бұл суреттегі бала бірнеше сағат бойы роботын мұқият басқарумен болды, оның роботы баяу, бірақ сенімді түрде үстелден кубиктерді теріп, оларды бір жерге жинады.

Бұл балалар чемпионатқа қатысу үшін Новороссийск қаласынан келді.

Батыс Қазақстан облысының 10 сынып оқушысы Наргиза Дускалиева көрмеге өзі құрастырған «Айрфлоу» роботын әкелді. Android ауаны тазарту үшін жасалған. Наргизаның айтуынша, стационарлық тазартқыштардың басты кемшілігі – олар қозғалмайды. Осыған байланысты бөлменің кейбір бұрыштарындағы ауа тазартылмай қалады. Бұл жұмысты тиімді жүргізу үшін жылжымалы робот көмекшіні құрастыру идеясы пайда болған.

«Қозғалу мүмкіндігі тазартылатын ауа көлемін бірнеше есе арттырады», — деді ол. 

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жас өнертапқыштары көрмеге өздері құрастырған андроидты әкелді. Өнертапқыштардың айтуынша, QarapaiymEmdeu – бұл пациенттің диагнозын анықтай алатын робот-терапевт, ол медициналық деректерді сақтайтын мобильді қосымшаны қамтитын интеллектуалды жүйе.

Робот қан қысымын, қант деңгейін және қандағы алкоголь мөлшерін өлшей алады. Оқушылардың айтуынша, оны қоғамдық көлік жүргізушілерін медициналық куәландыру үшін қолдануға болады.

Digital Almaty – инноваторлар үшін таптырмас алаң.

Қайда қарасаң да, жан-жақта дрондар, экзоскелететер, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік IT-мамандардың басқа да өнімдері.

Коворкинг киіз үй. Мұнда сала адамдары бір-бірімен танысып, келіссөздер жүргізеді, маңызды келісім-шарттар жасалады. Айта кетейік, бірінші күні форум алаңында 15-ке жуық келісім-шарт пен меморандум, оның ішінде 1 халықаралық ынтымақтастық туралы шарт жасалды.

ЕАЭО елдері үкімет басшыларының қатысуымен өткен форумның пленарлық сессиясы. Талқылаудың негізгі тақырыбы — Одақ шеңберіндегі цифрлық әріптестіктің болашағы.

Өз сөзінде Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов соңғы жылдары Digital Almaty форумын өткізу Еуразиядағы ең маңызды оқиғаларының біріне айналғанын атап өтті.

Еуразиялық экономикалық одақ бойынша әріптестеріне сөйлеген сөзінде Үкімет басшысы ЕАЭО аумағында трансшекаралық электрондық құжат айналымын, атап айтқанда, оны көлік саласында дамытуды ұсынды. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және өзара сауданың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Никол Пашинян Армения үшін цифрлық экономиканың дамуы маңызды басымдықтардың бірі болып қала беретінін айтты. Республикадағы IT-саладағы айналым 50%-дан астам өсті, ал Арменияның ЖІӨ-дегі ақпараттық технологиялар және байланыс секторының үлесі біртіндеп өсіп келеді. Ел Үкіметі IT-бизнеске белсенді түрде мемлекеттік қолдау көрсетеді.

Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко цифрлық форумның пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде ЕАЭО елдері цифрлық дамуда өз тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы тиіс деп мәлімдеді.

Сонымен қатар Р. Головченко ЕАЭО аумағында электрондық цифрлық қолтаңбаны енгізу процесін жеделдету маңызды деп санайды, онсыз халыққа сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету мүмкін емес.

Өзбекстанның Үкімет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ нарығына өзара қол жеткізуді жеңілдету бойынша дайындық жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Өзбекстан бақылаушы мемлекет мәртебесінде ЕАЭО-мен өзара тиімді әріптестік орнату үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров сөзінің бір бөлігінің ChatGPT нейрожелісінің көмегімен жазылғанын мойындады.

Барлық жаңа технологиялық трендтердің ішіндегі ең маңыздысы ретінде ол екі бағытты — криптовалюта мен жасанды интеллектті атады.

Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин форумның пленарлық сессиясында жалпы еңбек нарығын қалыптастыруға негіз бола алатын «ЕАЭО-дағы жұмыс» қосымшасы туралы айтты. Сервисте жүздеген бос жұмыс орны туралы мәліметтер базасы бар. Платформа қазірдің өзінде Арменияда қолданылады.

Сонымен қатар Михаил Мишустин ЕАЭО-ның барлық кеңістігінде IT-парктер экожүйесін бірлесіп дамытуды ұсынды.

Әрі қарай форум аясында цифрландыру саласындағы жыл сайын берілетін сыйлықтың иегерлері марапатталды.

Әлихан Смайылов Woman in Tech номинациясында жеңіске жеткен Әсем Нұрғалиеваға марапатты табыс етті.

EdTech номинациясының жеңімпазы Daryn Online жобасы болды. Жеңімпазға марапатты Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян табыстады.

Роман Головченко MedTech номинациясының үздіг – Cerebra жобасына сыйлықты табыстады.

Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров FinTech номинациясында жеңіске жеткен Solva компаниясын құттықтады.

Жылдың үздік Chief Digital Officer номинациясындағы жеңіс Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановқа бұйырды. Оған сыйлықты Михаил Мишустин табыстады

E-Commerce номинациясында қазақстандық Flip.kz интернет дүкені үздік атанды. Жеңімпазды Абдулла Арипов марапаттады.

Кеңейтілген құрамдағы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы.

Өз сөзінде Әлихан Смайылов Одақ кеңістігінде түрлі кедергілерсіз сауда тасымалын қалыптастыру, сондай-ақ тез арада ақпарат алмасуды автоматтандыру транзиттік әлеуетті дамытуға және кооперациялық байланыстарды нығайтуға серпін бере алатынын айтты.

ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды.

Онда тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету, азық-түлікті жеделдетілген темір жол және мультимодальды тасымалдауды жүзеге асыру, интеграцияланған ақпарат жүйесін дамыту және т. б. қатысты мәселелер қарастырылған. 

Отырыс аяқталғаннан кейін Қазақстан мен Өзбекстан Премьер-Министрлері Әлихан Смайылов пен Абдулла Арипов мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және су-энергетикалық салалардағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация мен ауыл шаруашылығындағы бірлескен қадамдарды арттыру жөніндегі жоспарларды пысықтады.

ЕАЭО елдерінің үкімет басшыларының биылғы бірінші кездесуі осымен аяқталды. Келесі ЕҮАК отырысы 7-9 маусымда Сочи қаласында өтеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу