2020 жылы жұмыспен қамту шараларымен 1,4 млн адам қамтылды, 700 мың кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды — ҰЭМ 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджетінің атқарылуының қорытындылары қаралды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ел экономикасының жай-күйі туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, 2020 жылы нақты сектор экономикалық драйвер болды. Ондағы өсім 2%-ды құрады. Көрсетілетін қызметтер үшін өткен жыл минус 5,6%-пен аяқталды, дегенмен соңғы айларда қарқын қалпына келе бастады. Соның нәтижесінде, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны минус 2,6%-ды құрады. Бұл 11 айдың деңгейінен жоғары.

Нақты сектор салаларының көбі және жекелеген қызмет түрлері өсім көрсетті. Олар құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және білім беру салалары.

Сондай-ақ, кейбір салалардағы теріс өсімге қарамастан, жыл соңына қарай серпін жақсарды. Олар көлік, сауда, ғылыми және техникалық қызмет, жылжымайтын мүлік операциялары және кен өндіру өнеркәсібі.

2020 жылы экономиканы қолдау шаралары жұмыспен қамту мен іскерлік белсенділікті сақтауға ықпал етті. Жұмыс орындарын сақтау және құру үшін Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылуда.

Зардап шеккен салалар үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды.

Шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу құралдары айтарлықтай кеңейтілді. Айналым капиталын қаржыландыру ұлғайтылды. 

Жеңілдікті шарттармен кредиттерді қайта қаржыландыру, сондай-ақ кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылды. Бюджеттік және мемлекеттік басқарудың икемділігі қамтамасыз етілді. Бюджеттік ынталандыру артты.

«Соның нәтижесінде, жұмыспен қамту шараларымен 1,4 млн адам қамтылды, оның ішінде 238 мың адам Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде қамтылды. 700 мың кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер берілді. Зардап шеккен салалардағы қарыз алушылардың 80%-ы кредиттік төлемдерін кейінге қалдырды. Кәсіпкерлердің 40 мыңға жуық жобасы төмендетілген мөлшерлемемен қаржыландырылды», — деді Р. Дәленов.

Экономика құрылымының сапалы өзгеруі байқалды.

Өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеудің үлесі 9,4 пайыздық тармаққа артты, яғни 2019 жылғы 39,4%-дан 2020 жылы 48,8%-ға дейін. Жеңіл өнеркәсіптің, автомобиль жасаудың және дайын металл бұйымдарының екі мәнді өсуі байқалады. Өңделген, дайын тауарлардың экспорты ұлғайды.

2020 жылы өндірістің өсуінің арқасында жалпы тұтынудағы қазақстандық тауарлардың үлесі 4,7 пайыздық тармаққа өсті. Электрондық сауда үлесі 6 пайыздық тармаққа, қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2 есеге және кен өндіруді есепке алмағанда инвестициялардың 14,8%-ға өскені байқалады.

Өңдеу өнеркәсібі салаларында озық өсім байқалады. Жекелеген өңдеу салаларында өткен жылмен салыстырғанда өсім жеделдеді. 

«Тамақ өндірісі 4%-ға дейін, қағаз өнімдері 16,4%-ға, фармацевтика 47%-ға, жеңіл өнеркәсіп 15%-ға дейін жеделдеді. Машина жасау 16,3%-ға, оның ішінде автомобиль жасау 52,5%-ға, былғары өнімдері 2,3 есе және ағаш бұйымдары 43,2% деңгейінде жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр», — деді Р. Дәленов.

2020 жылғы 11 айда сыртқы сауда айналымы $77,7 млрд, оның ішінде экспорт $43,4 млрд құрады. Әлемнің 117 еліне Қазақстан тауарларының 3 183 дайын, өңделген түрлері экспортталды. Импорт $34,4 млрд құрады. Осылайша, $9 млрд деңгейінде оң сауда теңгерімі қамтамасыз етілді.

2020 жылы өңдеу өнеркәсібі озық өсім көрсетті. Өңдеудің өсу қарқыны 3,9%-ға дейін жеделдеді. Бұл ретте, ОПЕК+ келісімінің шеңберінде мұнай өндірісінің қысқаруы салдарынан кен өндіру өнеркәсібі 3,7%-ға төмендеді. 

Соның нәтижесінде, жалпы өнеркәсіптің нақты көлем индексі 99,3%-ды құрады.

Өңдеу өнеркәсібі бойынша 12 өңір өсім көрсетті. Жоғары өсім Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады.

Министрдің айтуынша, 2020 жылы ауыл шаруашылығы 5,6%-дық өсумен оң аймаққа шықты. Бұл азық-түлікпен қаматамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік берді. Өсімдік шаруашылығы 7,8%-ға, мал шаруашылығы 3%-ға өсті.

13 өңірде оң серпін байқалады. Жоғары өсімді Қостанай және Ақмола облыстары көрсетті.

Құрылыс секторында 11,2% деңгейінде жоғары өсу байқалады.

Құрылыс жұмыстарының жоғары өсуін Түркістан облысы және Шымкент қаласы көрсетті.

«2020 жылы рекордты 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,8%-ға жоғары. 15 өңір оң өсім көрсетті. Ең көп ұлғаю Нұр-Сұлтан қаласында – 1,7 есе байқалады», — деп атап өтті Р. Дәленов.

Өңірлердің көбінде жоғары инвестициялық белсенділік байқалады. 12 өңір өсім көрсетті, оның ішінде 5 өңірде 20%-дан 60%-ға дейін өсім тіркелді. Ең жоғары көрсеткіштер Түркістан облысында және Шымкент қаласында байқалып отыр.

Жалпы алғанда, негізгі капиталға 12,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Инвестициялар кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда 14,8%-ға өсті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу