Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

2021 жылдың 10 айында Қазақстан экономикасының нақты секторындағы өсім 2,9%-ды құрады — ҚР ҰЭМ

Сәрсенбі, 10 Қараша 2021, 12:00:00

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы баяндады.

2021 жылғы қаңтар-қазанда Қазақстан экономикасының өсімі 3,5% құрады

ҚР ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, биылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстан экономикасының өсу көрсеткіші 3,5%-ды құрады. Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша қызмет көрсету секторындағы өсу қарқынының жеделдеуі, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс салаларының экономиканың өсуі мен тұрақтылығының драйверлері болып қала беруі, экспорттың жоғары өсім динамикасы, өндіруші емес секторлардағы жоғары инвестициялық белсенділіктің сақталуы байқалуда. 

«Осы жылдың қаңтар-қазанында нақты сектордағы өсім 2,9% құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,4%-ға дейін өсті. Салалар арасында ақпарат және байланыс, сауда, сумен жабдықтау, құрылыс, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетуде», — деді Ә. Ерғалиев. 

Ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту экономикалық өсудің маңызды факторы болып қалып отыр. Бұл ретте өндіруші емес салалар инвестициялар бойынша тартымды бағыт болып сақталуда.

«Биылғы жылдың 10 айында негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 2,5%-ды, оның ішінде тау-кен өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 14%-ды құрады. Инвестициялар, құрылыс саласында – 2,2 есеге, өңдеу өнеркәсібінде – 78,6%-ға, ауыл шаруашылығында – 41,9%-ға, саудада – 31,4%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында – 17,4%-ға және қаржы саласында – 12,1%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Павлодар облыстарында байқалуда», — деді министр.

Биылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы $72,8 млрд құрады, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш $43,3 млрд дейін жетті. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 25,5%-ға өсіп, $14 млрд дейін жетті. Тауарлар импорты $29,5 млрд құрады.

Жалпы, оң сауда балансы өткен айға қарағанда $1,8 млрд өсіп, $13,8 млрд құрады.

Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсу үрдісі сақталуда. Биылғы қаңтар-қазанда сала бойынша өндіріс көлемі 5,3%-ға өсті. 14 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы, Қостанай және Қызылорда облыстарында байқалуда.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 33,6%-ға, машина жасау 19,5%, оның ішінде автомобиль жасау 23,4%, вагондар мен локомотивтер өндірісі 59%, сондай-ақ құрылыс материалдары 9,3%, пластмасса бұйымдары 36,5%, дайын металл бұйымдары 16,4%, киім 11,4% және жиһаз 11,8% деңгейінде серпінді өсім көрсетіп отыр.

«Тау-кен өнеркәсібінде өсудің оң аймағына шығу байқалуда. Есепті кезеңде сала бойынша өндіріс көлемі 0,1%-ға артты. Салалар бойынша өндіріс металл кендерін өндіру бойынша 4,1%-ға, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 2,1%-ға, көмір өндіруде 0,2%-ға өсті. Өткен 10 ай қорытындысы бойынша орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 7,6%-ға өсіп, құрылыс секторы жоғары қарқынын сақтауда», — деді ұлттық экономика министрі.

Көрсеткіштің оң өсімі 16 өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсімі Маңғыстау және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалуда. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жалпы алғанда оң динамика сақталуда. Есепті кезеңде 11,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 7,9%-ды құрады.

Оң динамика 15 өңір бойынша тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалуда.

Ә. Ерғалиевтің айтуынша, ауыл шаруашылығында есепті кезеңде өндірістің 2,3%-ға төмендеуі тіркелді. Ең төмен көрсеткіштер Қостанай және Ақмола облыстарында байқалуда. Саладағы өндірістің оң өсуі 9 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті. 

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай.

Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім 4 өңірде – Алматы және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында байқалады.

6 көрсеткіш бойынша 9 өңірде өсім тіркелген. Олар Алматы қаласы, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстары.

Сонымен қатар 5 көрсеткіш бойынша оң өсім екі өңірде, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады. Ал, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында төмен көрсеткіш тіркеліп отыр. 

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр.

  1. Ауыл шаруашылығы кешенінде өнімнің жоспарланған сату көлемдерін және құрылыс саласындағы кезеңнің уақытында бітуін қамтамасыз ету.

  2. Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешені шараларының тиімді жүзеге асырылуын қадағалау.

  3. Халықты вакцинациялау және ревакцинациялау, кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шараларын уақытында ұсыну.

  4. Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде құрылып жатқан жұмыс орындарын динамикалық мониторингтеу, тұрақты жұмыс орындарының үлесін арттыру.

  5. Нақты сектордағы өндірудің жоғары көлемдерін сақтау және өнімнің экспортқа шығарылуын белсенді түрде ынталандыру.

Жоғарыда аталған шараларды тиімді іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді.

 

Жылдық инфляция 8,9% деңгейінде сақталып, соңғы 6 айда алғаш рет өсімін тоқтатты

ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев әлемдік экономикада пандемияға негізделген сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі, шикізат пен азық-түлік тауарларына бағаның жоғары болуы нәтижесінде инфляцияның өсуімен қатар жүретін қалпына келу жалғасып жатқанын айтты.

«Жалпы әлемдік инфляциялық ая жоғары болып қалып отыр. Дамыған және дамушы елдер көп жылдық ең жоғары көрсеткіштердің жаңаруын тіркеуде. Биылғы қыркүйекте АҚШ-тағы инфляция рекордтық 5,4%-ке дейін, қазанда Еуроодақ пен Ресей Федерациясында тиісінше 4,1%-ке және 8,1%-ке дейін өсті», — деді Е. Досаев. 

Қытайда монетарлық саясат бойынша шешімдер қабылдау кезінде басты назар аударылатын өндірушілер бағасының өсуі биылғы қыркүйекте 10,7% болды. 

Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша, қысқа мерзімді кезеңде сақталып отырған күтпеген өзгерістер тоқтаған кезде дамыған және дамушы елдердегі инфляция 2022 жылдың ортасына қарай қалыпқа келеді. Сұраныс пен ұсыныстың барынша ұзақ теңгерімсіздігі, тауар жеткізудегі тоқтап қалулар және шикізат пен азық-түлік тауарларына бағаның өсуі кезінде инфляцияны тұрақтандыру, Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша, 2024 жылға дейін созылуы мүмкін. 

Биылғы жылғы қазанда әлемдік азық-түлік бағасы 10 жылдық ең жоғары деңгейге жетіп, өсуін жалғастырды. ФАО индексі бір айда 3,9%-ке өсіп, өсімдік майының, дәнді дақылдар мен сүт өнімдерінің қымбаттауы есебінен 133,2 тармаққа жетті.

Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, сақталып отырған теңгерімсіздік пен үдеп келе жатқан инфляциялық күтулерді ескерсек, 2022 жылы Қазақстанды қоса алғанда, дамушы елдерде инфляциялық қысым жоғары болып қалады. 

Е. Досаевтың айтуынша, қаржы нарығының қатысушылары барынша ұзақ инфляциялық күтулерді қалыптастыруда. Алдағы 5 жылға инфляцияны 2%-тен жоғары қоятын АҚШ-тағы опциондардың үлесі 80%-тен, Ұлыбританияда – 56%-тен, Еуроаймақта – 41%-тен асады. Негізгі ставкаларға фьючерстер мен форвардтар да 2022 жылы ставкалар артуының жоғары ықтималдығымен бағаланып отыр.

Ақша-кредит талаптарын күшейту шеңберінде биылғы жылғы қазан-қарашада 17 ел негізгі ставканы көтерді. Осы жылдың басынан бастап жаһандық ақша-кредит саясаты индексі 4,18%-тен биылғы жылғы қазандағы 5,10%-ке дейін артты.

Инфляциялық қысымның өсуі аясында биылғы жылғы 3 қарашада АҚШ Федералды резерв жүйесі ай сайын $15 млрд сандық жеңілдету бағдарламасын қысқартудың басталғаны туралы мәлімдеді.

Мұндай жағдайларда дамыған елдердің ставкаларды көтеру кезеңінің басталуы дамушы нарықтардан капиталды әкету тәуекелін тудырады. Осыған байланысты АҚШ долларының нығаюы және дамыған елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары кірістілігінің өсуі аясында дамушы елдер валюталары қысымда болып отыр. Биылғы жылғы қазанда дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты қоржынының индексі 0,8%-ке әлсіреді.

Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елдерінде инфляция бойынша таргеттен айтарлықтай асып түсуі байқалады. Инфляцияның қазіргі деңгейі Ресейде (8,1%), Арменияда (9,1%), Беларусьте (10,2%) белгіленген мақсаттардан екі еседен аса жоғары. Бұл жағдайларда Орталық банктер инфляциялық тәуекелдердің өсуіне негізгі ставкаларды көтерумен жауап береді.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде ағымдағы деңгейлерді және Орталық банктер тарапынан жауап шараларын ескере отырып, әртүрлі серпінмен 2022-2023 жылдары инфляцияның тұрақтануы күтіледі.

Биылғы жылғы қазанда Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі оң көрсеткішке өтіп, 50,1 болды. 

Іскерлік белсенділіктің жақсаруы осы жылғы бірінші жартыжылдықта бос жұмыс орындарының 49%-ке өсуіне әсер етіп, ұсыныстан жылдам өсіп келе жатқан жұмыс күшіне сұранысқа ықпал етіп отыр.

Кейбір салаларда жұмыс орындарының бес ай қатарынан қысқаруы кезінде еңбекақының өскені байқалады. Қызметкерлер барынша қолайлы еңбек жағдайын, жоғары еңбекақы іздестіріп, жұмыстан шығуда.

Еңбекақының өсуі аясында қызметтің өзіндік құнының индексі 2020 жылғы шілдеден бастап 49-дан 67-ге дейін өсуін жалғастыруда. Іскерлік белсенділіктің қалпына келуі және қызметтің өзіндік құнында еңбекақының жоғары үлесін (50%) ескере отырып, еңбекақының өсуі инфляцияға қосымша қысым жасауда.

Е. Досаевтың айтуынша, қазанда айлық инфляция 0,7% болды. Жылдық инфляция азық-түлік бағасының 11,5%-тен 11,3%-ке дейін баяулауы аясында соңғы 6 айда алғашқы рет өсімін тоқтатып, 8,9% деңгейінде сақталды. Бұл ретте, азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,5%-тен 7,8%-ке дейін, ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы 6,8%-тен 6,9%-ке дейін жеделдеуін жалғастырды. 

Жаңа өскен көкөніс бағасы сезондық 5,5%-ке (үлес - 0,3 пайыздық тармақ) және жұмыртқаның бағасы (7,2%) өсуі аясында азық-түлік инфляциясы 0,7%-ті құрады. Қияр мен помидорлардың бағасы 22%-ке жоғары өскенін көрсетті. Құс фабрикаларында өндіріс көлемінің қысқаруынан, жем құнының артуынан, сондай-ақ 2022 жылдан бастап субсидияларды алып тастау ықтималдығынан жұмыртқаның бағасы өсті.

«Дизель отынының бағасы 16,6%-ке немесе 34 теңгеге күрт өсуінен азық-түлікке жатпайтын инфляция бір айда 1% болды. Дизель отыны бағасының айтарлықтай өсуі осы жылғы қазанда жылдық инфляцияны төмендетуге мүмкіндік бермеді. Іскерлік белсенділіктің қалпына келуі және көрсетілетін қызмет секторында өзіндік құнның ұлғаюы аясында ақылы қызмет инфляциясы 0,5% болды. Осы жылғы 9 айда қызмет өндірудің нақты көлемінің индексі 2,9%-ке өсті. Қазанда жылдық инфляциясы жеделдеген өңірлердің саны 13-тен 7-ге дейін (17-ден) төмендеді. 6 өңірде жылдық инфляция баяулады және 4 өңірде осы жылғы қыркүйектегі деңгейде сақталды», — деді Е. Досаев.

Өңірлердегі азық-түлік бағасының өсуін тұрақтандыру инфляцияның монетарлық емес факторларын ұстап тұруға бағытталған Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін Үкімет және әкімдіктердің тарапынан іске асыру нәтижесі болып табылады. 

Баға тұрақтануының алғашқы белгілеріне қарамастан, инфляция аясы әлі де болса жоғары және орнықты болып қалуда. Осы факторлар негізінде биылғы жылғы қазанда Ұлттық Банк базалық ставканы 9,75%-ке дейін 25 базистік тармаққа көтерді.

2021 жылғы 9 айда ағымдағы шот дефициті төмендеп, алдын ала деректер бойынша, сауда балансының жақсаруы аясында (-)$3,0 млрд құрады.

«Тауарлар экспорты мұнай экспортының $3,6 млрд, сондай-ақ түсті және қара металдар экспортының ұлғаюы есебінен $43,1 млрд дейін 20,4%-ке ұлғайды. Тауарлар импорты негізінен тұтыну тауарларының $1,5 млрд өсуі есебінен $28 млрд дейін 2,7%-ке өсті», — деді Е. Досаев.

Мұнай бағаларын қалпына келтіру тікелей шетелдік инвесторларға кіріс төлемдерінің 2020 жылға 9 айдағы $10,2 млрд-тан $15,7 млрд дейін 53,7%-ке өсуіне алып келді.

Тұтыну импортының өсуді жалғастыруы төлем балансының жақсаруын тежейді және нәтижесінде валюта нарығына қысым жасайды. 

Мұнай бағасының бір баррель үшін $84,4 дейін 7,5%-ке өсуіне қарамастан, экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және фискалдық серпіннің жалғасуы аясында ұлттық валюта бір айда бір АҚШ доллары үшін 427,15 теңгеге дейін 0,3%-ке әлсіреді.

Бизнес пен халық тарапынан сұраныстың өсуі аясында Ресей тауарларының импорты биылғы жылғы 2-тоқсанда жылдық мәнде биылғы жылғы 1-тоқсандағы 2,4%-тен 36,1%-ке дейін жылдамдады, бұл қазанда теңге бағамының Ресей рубліне қатысты бір рубль үшін 6,05 теңгеге дейін немесе 3,4%-ке әлсіреуіне алып келді.

Сонымен қатар базалық ставканың өсуі теңгедегі борыштық құралдардың тартымдылығын сақтайды, оған бейрезиденттердің қазанда Қазақстан Республикасында мемлекеттік бағалы қағаздарға салымдары көлемінің 863 млрд теңгеге дейін 75 млрд теңгеге өсуі дәлел болады. Шетелдік инвесторлар тарапынан шетел валютасының қосымша ұсынысы нарықтың өтімділігін жақсартуға және сұранысты ішінара қанағаттандыруға ықпал етеді. 

Импорттың өсуі аясында валютаға орнықты сұраныс, оның шектеулі ұсынысы және сыртқы нарықтардағы құбылмалылығы теңге бағамына қысым жасауды жалғастырады.

Ұлттық қордың активтері биылғы жылғы қазанның соңында $55,1 млрд құрады. 

Қазанда 428 млрд теңгеге нысаналы және кепілдендірілген трансферттерді бөлуді қамтамасыз ету үшін $988 млн сатылды. 

Қазанда Ұлттық қорға түсімдер 103 млрд теңге, оның ішінде шетел валютасында $163 млн болды. 

Биылғы жылғы қазанда Ұлттық қордың инвестициялық кірісі нарықты түзетуден кейін қалпына келіп, тек акциялар мен алтынның өсуі есебінен $871 млн болды. Инвестициялық кіріс Ұлттық қор активтерінің теңгерімді аллокациясы есебінен жыл басынан бері қалпына келді және $2 млрд немесе 3,44% болды. 

Алтынвалюта резервтері биылғы жылғы қазанның соңында $35,8 млрд құрап, бір айда $307 млн артты. 

Алтын портфелі алтын бағасының бір унция үшін $1796 дейін 3,8%-ке өсуі есебінен $1,2 млрд өсті. 

Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер негізінен екінші деңгейдегі банктердің корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың төмендеуі есебінен $854 млн азайды.

Жалпы халықаралық резервтердің барлығы бір айда $354 млн ұлғайып, $90,9 млрд құрады. 

Биылғы жылғы қазанның соңында Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бастап 337,3 млрд теңгеге немесе 2,6%-ке ұлғайып, 13,2 трлн теңге болды.

Биылғы жылғы 31 қазанда салымшылардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуы үшін 2,0 трлн теңге сомасына 545,5 мың өтініш орындалды, оның ішінде 1,95 трлн теңге немесе 97,1% тұрғын үй мәселелерін шешуге тиесілі болды.

Биылғы жылдың басынан бері есептелген инвестициялық кірістің мөлшері шамамен 1,2 трлн теңге болды, оның 14%-і валюталық портфель активтеріне тиесілі. 

Биылғы жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 7,0% инфляция кезінде 9,9% мөлшерінде кірістілік алынды, сәйкесінше салымшылар үшін 2,9% мөлшерінде нақты кірістілік қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар биылғы жылғы қазанда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Ұлттық Банк Ұлттық төлем жүйесінің техникалық дайындығын қамтамасыз етті.

1. Банкаралық төлем карточкалары жүйесі (БТКЖ) шеңберінде карточкалық транзакцияларды өңдеу бойынша инфрақұрылым құрылды. Қазіргі уақытта бұл жүйені Visa, Mastercard, Union Pay халықаралық төлем жүйелерімен интеграциялау жұмысы жүргізіліп жатыр.

2. Қазіргі уақытта нақты уақыт режимінде жеке төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізуге арналған Мезеттік төлемдер жүйесінің (ЛТЖ) платформасы жаңартылды. 

Ұлттық төлем жүйесінің компоненттері 2021 жылғы қараша-желтоқсанда пилоттық режимде іске қосылады.

Мемлекет басшысы 2021 жылы инфляцияны 8,5%-ке дейін тұрақтандыру бойынша қойған міндетке жету үшін биылғы жылдың соңғы екі айында жинақталған инфляция 1,4%-тен аспауы тиіс. Соңғы 5 жылда жинақталған инфляция қараша-желтоқсанда тарихи тұрғыдан орта есеппен 1,7% болғанын ескеретін болсақ, бұл міндет қол жетерлік болып келеді. 

«Бүгінгі таңда Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлар бағасының өсуіне басты назар аударуда. Алайда, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының құрамына кірмейтін, бірақ тұтынушылық бағалар индексінде салмағы үлкен және жылдың соңғы айларында қымбаттауға бейім азық-түлік тауарларына да назар аударған жөн. Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені шеңберінде тауар нарықтарындағы теңгерімсіздіктерді жою мақсатында жүйелі және алдын алу шараларын қабылдау инфляцияны тұрақтандыруға және 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге енуге мүмкіндік береді», — деді Е. Досаев.

Кірістер бойынша жоспар 13 млрд теңгеге артығымен орындалды, оның ішінде салықтар — 24 млрд теңге

Өз кезегінде ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржыны орындау көрсеткіштері төмендегідей қалыптасқанын хабарлады.

Мемлекеттік бюджетке 8 трлн 719 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 102,9%-ке атқарылды. 

Республикалық бюджетке 5,6 трлн теңге түсті немесе жоспар 100,2%-ке атқарылды. 

«Жалпы, кірістер бойынша жоспар 13 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар – 24 млрд теңгеге. Бұл ретте салықтық емес түсімдер 14 млрд теңгеге атқарылмады. Салық бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі», — деді Е. Жамаубаев.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы 666 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 67%-ке ұлғаюына байланысты. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспарды асыра орындауға 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы 10 айда негізгі экспорттық позицияларға бағаның орташа есеппен 28%-ке өсуі әсер етті.

Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың асыра орындалуына ағымдағы жылғы 10 айда мұнай бағасының орташа есеппен 45%-ке өсуі әсер етті.

Алайда ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы және импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспар орындалмады.

Ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы 10 айда қосылған құн салығын қайтару сомасының 173 млрд теңгеге немесе 32%-ке ұлғаюына байланысты.

Импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауына осы жылғы 9 айда үшінші елдерден импорт көлемінің өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9% немесе $1,7 млрд төмендеуі әсер етті.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 108,1%-ке атқарылды және 3,1 трлн теңгені құрады.

Жоспар 231 млрд теңгеге, оның ішінде салық бойынша – 177 млрд теңгеге асыра орындалды.

Маңғыстау облысынан басқа барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,7%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары 99,6%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ке атқарылды.

Республикалық бюджет бойынша шығыстар 12 трлн теңгені құрады.

Атқарылмау 50 млрд теңгені құрады, оның ішінде 10 млрд теңге - үнемдеу. 

«Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары төтенше жағдайлар, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, денсаулық сақтау, ішкі істер және қаржы министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілген; шот-фактуралардың, орындалған жұмыс актілерінің уақытылы ұсынылмауы; қазынашылық органдарына төлем шоттарын кеш ұсыну; конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі», — деп түсіндірді қаржы министрі.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 6,7 трлн теңгені құрады. 134 млрд теңгеге атқарылмаған.

Биыл өңірлерге 2,5 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. 1 қарашаға оларға 1 трлн 813 млрд теңге бөлінген. Оның 96,6%-і игерілді. Атқарылмағаны – 62 млрд теңге, оның ішінде үнемделгені – 6 млрд теңге, игерілмегені – 56 млрд теңге. Ең көп игерілмеу Алматы қаласында, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарында қалыптасты.

Камералдық бақылаумен осы жылғы 10 айдың ішінде 6,2 трлн теңгеге 758 мыңға жуық мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. 

Тексеру қорытындылары бойынша 34,9 мың рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 98%-ін орындады.

2 765 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 1 трлн 765 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 156 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. 

«Тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 123 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 2,4 мың ұсыным берілді», — деді Е. Жамаубаев.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 733 объектіні сату көзделген.

Есепті кезеңде сомасы 51 млрд теңгеге 170 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді.

108 объект сатылымға қойылды. 13 объекті қайта ұйымдастыруға және таратылуға жіберілді. Алдағы уақытта 382 объектіні өткізу керек.


Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз


Жаңалықтар тізбегі
28 Қараша 2021, 19:13
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №139
27 Қараша 2021, 19:32
А. Мамин жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды
27 Қараша 2021, 11:24
Қазақстанда төртінші апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының нөлдік өсімі тіркелді
26 Қараша 2021, 19:05
Ә. Смайылов Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің 10-шы отырысына қатысты
26 Қараша 2021, 15:09
Түркістанда ҚР мен ӨР аймақаралық ынтымақтастығының III форумы өтті
25 Қараша 2021, 18:32
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің 20-отырысын өткізді
25 Қараша 2021, 12:42
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 22 қарашадағы №827 Қаулысы
25 Қараша 2021, 12:38
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 23 қарашадағы №831 Қаулысы
23 Қараша 2021, 19:49
Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады
23 Қараша 2021, 12:13
ҚР Үкіметінің отырысы, 23.11.2021
23 Қараша 2021, 11:59
Ішкі нарықты жаңа тауарлармен толықтыру мақсатында офтейк-келісімшарттар пайдаланылады — Б. Атамқұлов
23 Қараша 2021, 11:56
Қазақстанда 2021 жылдың жарты жылында тұтынушы құқығының бұзылуы туралы 26 мыңнан астам азаматтың өтініші қаралды
23 Қараша 2021, 10:18
Pfizer вакцинасын 35 мыңнан астам қазақстандық алды — А. Цой
23 Қараша 2021, 10:11
Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институты енгізіледі
23 Қараша 2021, 10:01
2021 жылдың 9 айында реттелетін сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 6,4%-ға өсті
23 Қараша 2021, 09:30
Қазақстанда тұмауға қарсы вакциналау 99%-дан асты
22 Қараша 2021, 15:05
23 қараша күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
22 Қараша 2021, 13:16
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 28 қазандағы №774 Қаулысы
22 Қараша 2021, 13:05
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қарашадағы №809 Қаулысы
22 Қараша 2021, 11:31
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 9 қарашадағы №797 Қаулысы
22 Қараша 2021, 10:41
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 10 қарашадағы №804 Қаулысы
22 Қараша 2021, 10:10
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 17 қарашадағы №820 Қаулысы
21 Қараша 2021, 12:50
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №138
20 Қараша 2021, 11:37
Қазақстанда үшінші апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының нөлдік өсімі тіркелді
19 Қараша 2021, 14:34
2021 жылы Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалық етудегі басымдықтарын іске асыру бойынша тиімді жұмыс жүргізілді — А. Мамин
18 Қараша 2021, 16:41
Қызылорда өңірінің экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды
17 Қараша 2021, 16:56
А. Мамин құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ВАК отырысын өткізді
17 Қараша 2021, 15:35
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қарашадағы №811 Қаулысы
17 Қараша 2021, 12:52
ХВҚ миссиясы Қазақстан экономикасының пандемияға дейінгі өндіріс деңгейіне шыққанын айқындады
16 Қараша 2021, 16:26
Соңғы 3 жылда облыс экономикасына 1,4 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталды — Түркістан облысының әкімі
16 Қараша 2021, 13:17
ҚР Үкіметінің отырысы, 16.11.2021
16 Қараша 2021, 12:18
Қазақстанның барлық университеттері жан басына қаржыландыру жүйесіне көшеді — А. Аймағамбетов
16 Қараша 2021, 10:37
Қазақстанда ауылдардың сумен қамтылуын бақылауға мүмкіндік беретін интерактивті карта іске қосылды — Б. Атамқұлов
16 Қараша 2021, 10:22
Қазақстанда соңғы екі аптада ауру деңгейі 23%-ға төмендеді
16 Қараша 2021, 09:48
Үкімет жоғары білім беру сапасын арттыру мәселелерін қарады
16 Қараша 2021, 09:43
А. Мамин: 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз ету ауылдарда 91,8%-ға және қалаларда 98%-ға жетеді
16 Қараша 2021, 09:33
Pfizer вакцинасы ҚР нарығының коммерциялық сегментіне жеткізіледі
15 Қараша 2021, 19:07
А. Мамин РФ Үкіметі төрағасының орынбасарлары А. Новакпен және А. Оверчукпен кездесті
15 Қараша 2021, 17:49
Ә. Смайылов Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысын өткізді
15 Қараша 2021, 14:31
16 қараша күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
15 Қараша 2021, 10:24
Самат Ерғалиев ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болып тағайындалды
14 Қараша 2021, 10:38
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №137
13 Қараша 2021, 15:24
Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік Банк көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатындағы инвестициялық саясат мәселесін талқылады
13 Қараша 2021, 11:10
Қазақстанда екінші апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің нөлдік өсімі тіркелді
12 Қараша 2021, 16:14
Қазақстан 2022 жылы ТМД-ға төрағалық етеді 
12 Қараша 2021, 09:36
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 9 қарашадағы №795 Қаулысы
12 Қараша 2021, 09:25
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 қарашадағы №792 Қаулысы
11 Қараша 2021, 08:24
А. Маминнің Жамбыл облысына жұмыс сапары: инфрақұрылым, фармацевтика, өңдеу өнеркәсібі және АӨК
10 Қараша 2021, 12:16
ҚР Үкіметінің отырысы, 10.11.2021
10 Қараша 2021, 12:00
2021 жылдың 10 айында Қазақстан экономикасының нақты секторындағы өсім 2,9%-ды құрады — ҚР ҰЭМ
Депутаттық сауал
© 2019 - 2021 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.