Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

2030 жылға дейін Қазақстанда суармалы жерлер көлемі 3 млн га дейін жеткізіледі — С. Брекешев

Сейсенбі, 05 Қазан 2021, 11:16:35

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау барысы туралы баяндады.

«Қазақстанның су ресурстарының көлемі 90-100 текше км құрайды. Оның ішінде 50,8 текше км – жергілікті ағын, ал қалғаны 39,2 текше км Қытай, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келіп түседі. Жер асты суларының қоры жылына 15,5 текше км құрайды, олар 3,5 мыңнан астам кен орындарында барланған», — деді елдегі өзендер ағынының қалай қалыптасатыны туралы қысқаша баяндаған С. Брекешев. 

Министрдің мәліметінше, 2020 жылы республика бойынша су тарту 24,9 текше км құрады, оның ішінде 15 текше км су ауыл шаруашылығының мұқтаждықтарына жұмсалған. Суды тиімсіз қолдану 3 текше км құрады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін суармалы жер көлемін 3 млн га дейін жеткізуіміз қажет.

«Суармалы егіншілік негізгі су тұтынушы болып табылады. Бүгінгі таңда суармалы жерлердің алаңы 1,6 млн га құрайды. Бес жыл ішінде 600 мың га суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылады. Осылайша, суармалы жерлердің алаңы 2,2 млн га дейін жеткізіледі. Бұдан әрі 2025-2030 жылдар аралығында 800 мың га суармалы жер айналымға енгізіледі», — деді ЭГТРМ басшысы.

Сондай-ақ Серікқали Брекешев суармалы егіншіліктің қазіргі жай-күйі туралы баяндады.

Су тартудың барлығын есепке алғанда, 12,1 текше км тұрақты суаруға келеді. Оның ішінде 11,8 текше км төрт оңтүстік облысқа, яғни 1,25 млн га суармалы алаңы бар Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі. Демек, бұл суаруға арналған су тартудың 97%-ы және ел бойынша барлық суармалы алаңның 78%-ы. Бұл ретте, осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, су үнемдеу технологияларымен қамтылған алаң республика бойынша 248 мың га құрады. Оның ішінде оңтүстік өңірде 1,25 млн га жерден тек 5,4% немесе 67,7 мың га ғана енгізілген.

2025 жылға қарай Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасына сәйкес су үнемдеу технологияларымен қамтылған алаңдарды 450 мың га дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл жыл сайын 1,5 текше км көлемінде суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Осыған байланысты, министрлік Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, алаңдарды анықтай отырып, барлық облыс бойынша су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі Жол карталарын әзірлеуді және бекітуді ұсынады. 600 мың га суармалы жерді қалпына келтіру мақсатында біз каналдарды реконструкциялау және су қоймаларды салу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз», — деді министр.

Каналдарды реконструкциялау мәселелеріне тоқталған С. Брекешев бүгінгі күні суару жүйесінде ұзындығы 21,5 мың км болатын шамамен 3,5 мың магистралдық және шаруашылықаралық канал бар екенін атап өтті. Олардың 55%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұл соңғы тұтынушыларға дейін суды тасымалдау кезінде жоғары шығындардың негізгі себебі болып отыр. 2025 жылға дейін жеті облыста ұзындығы 2,3 мың км болатын 120 суару каналын кезең-кезеңмен реконструкциялау және қалпына келтіру жоспраланған. Бұл суармалы алқапты 2,2 миллион га дейін жеткізуге және суармалы судың шығынын жыл сайын 800 млн текше км төмендетуге мүмкіндік береді.

Облыстар бөлінісінде реконструкциялауды қажет ететін каналдардың басым бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінде орналасқан. Алдын ала есептеулерге сәйкес, толық реконструкциялаудың жалпы құны 205 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде жобалау-сметалық құжаттамаға 6,8 млрд теңге қажет. Сондай-ақ 34 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы бюджеттен тыс қаражат тарту жоспарлануда.

Одан әрі экология, геология және табиғи ресурастар министрі апатты су қоймаларын қайта құру және жаңа су қоймаларын салу мәселесіне тоқталды.

«Қазіргі уақытта 41 авариялық су қойма мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау жүргізілуде. Соңғы 5 жыл ішінде 15 жоба пайдалануға берілді. 7 жобаны келесі жылдың соңына дейін, ал қалған 19-ын 2025 жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланған», — деді С. Брекешев. 

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен 30 млрд теңгеден 20 млрд теңге қолдау тапты. Авариялық құрылыстарды қайта жаңартуды аяқтау үшін қосымша 10 млрд теңге мөлшерінде қаражат қажет. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде суды 1,2 текше км дейін жинақтауға мүмкіндік береді және жалпы саны 300 мың адамы бар 40 елді мекен үшін су тасқыны қаупін қосымша төмендетеді.

Алдағы 5 жылда 1,7 текше км көлемінде суды шоғырландыру үшін 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Бұл 14 елді мекенде су тасқыны қаупін азайтуға, 195,3 мың га жаңа суармалы жерді айналымға енгізуге, ауыл шаруашылығында 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Алдын ала есептеулерге сәйкес, 9 жаңа су қоймасын салудың жалпы құны 59,4 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 11,3 млрд теңге 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қолдау тапты. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау үшін қосымша 700 млн теңге, сонымен қатар құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2025 жылға дейін 47,4 млрд теңге қажет. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде көрші елдерге су тәуелділігін төмендетуге әкеледі: Қырғызстаннан 30%-ға дейін, Өзбекстаннан 25%-ға дейін және Ресейден 15%-ға дейін. 

Биыл Түркістан облысындағы «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасының құрылысының құрылыс-монтаж жұмыстары  аяқталуға жақын. Бес су қойма бойынша техникалық экономикалық негіздеме әзірлеу аяқталды. Олар: Ырғайты, Ақмола, Қалғұты, Үлкен Өзен, Покатиловка. Ал, Қараөзек, Бұзылық су қоймалары бойынша жобалық сметалық құжаттама әзірленуде.

Қазіргі уақытта тасымалдау және бөлу кезінде су ресурстарын үнемдеу мақсатында цифрландыруды енгізу мәселесі өзекті болып отыр.

Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша «Қазсушар» мекемесі суару желісін автоматтандыру бойынша бес жылдық жоспар жасады. Цифрландырумен 35,8 мың су тұтынушысы, яғни фермерлік шаруашылығы бар еліміздің 4 оңтүстік облысы қамтылады. 497 мың га суармалы алаңда 7,7 текше км жиынтық су жинаумен 212 негізгі магистралдық және шаруашылықаралық каналдарды автоматтандыру мен цифрландыруды жүргізу көзделіп отыр.

«Биыл 16 каналды цифрландыру жоспарланған, ал 5 жыл ішінде автоматтандырылған каналдардың жалпы ұзындығы 3,2 мың км астамды құрайды. Бұл шаралар жыл сайын судың артық шығынын 1,2 текше км қысқартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру және 1,7 текше км көлемінде су ресурстарын шоғырландыру есебінен қосымша жалпы су жинау 6,4 текше км құрайды. Бұл болжамды су тұтынуды ескере отырып, 2025 жылға қарай 27,9 текше км су ресурстарының тапшылығын жабуға және экономика салалары үшін қолда бар су ресурстарын 31,3 текше км дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді С. Брекешев. 

ЭГТРМ басшысы жоғарыда көрсетілген көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында төмендегідей шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті:

Бірінші. Ауыл шаруашылығы министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, алаңдарды айқындай отырып, барлық облыс бойынша су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі Жол карталарын әзірлеу және бекіту.

Екінші. 9 жаңа су қойманың және каналдардың техникалық жай-күйін жақсарту жөніндегі жобалардың, оның ішінде 2025 жылға дейін 120 негізгі каналдың құрылысы бойынша Жол картасын әзірлеу.

Үшінші. Суармалы суды ұтымды және үнемді пайдалану мақсатында суару арналарында су есептеуді цифрландыруды енгізуді жалғастыру.

Төртінші. Қаржы және ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп су шаруашылығы жобаларын іске асыруға республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесін қарастыру.

Бесінші. Облыс әкімдіктері Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ылғалсүйгіш дақылдардың егіс алаңдарын кезең-кезеңімен азайту.

Алтыншы. Су тұтыну лимиттерін төмендету жағына қарай қайта қарау.

«Жоғарыда көрсетілген іс-шаралар жүйелі қаржыландыру кезінде жоспарланған мақсаттарға қол жеткізуге, бес жыл ішінде 600 мың га алқаптағы суару желілерін қалпына келтіруге және 2,2 млн га суармалы жерді сумен кепілдікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп қорытындылады С. Брекешев. 

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндамасында үнемі өсіп келе жатқан су ресурстарының тапшылығы жағдайында суды есепке алып, ұтымды бөлетін цифрлық технологияларды енгізе отырып, каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау мәселелерінің өзекті және дер кезінде көтерілген мәселелер екендігін айтты.

«Каналдар мен су қоймаларын реконструкциялау және қалпына келтіру жобаларын іске асыру нәтижесінде 2021 жылы су шаруашылығы инфрақұрылымы жүргізілген алаң 1,6 млн га құрайды, оның ішінде 1527 мың га жер өңдеп өсірілуде, бұл 2020 жылға қарағанда 16,8 мың га көп. Аталған алаңның 1182 мың га немесе 77,4%-ы жер үсті суару тәсіліне тиесілі, 96,3 мың га немесе 6,3%-ы – негізінен жаппай су басу әдісімен суарылатын күріш алқаптары, тек 248,4 мың га немесе 16,2%-на ғана заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару пайдаланылады», — деді ауыл шаруашылығы министрі. 

Статистика деректері бойынша, суармалы жерлерде майлы, дәнді, азықтық дақылдар, көкөніс-бақша дақылдары, мақта, картоп, күріш, қант қызылшасы өсіріледі.

Сонымен қатар жыл сайын 200 мың га жуық жер суарылмай пайдаланылады, яғни мақсатына сай пайдаланылмайды. Ербол Қарашөкеев осыған байланысты облыстар әкімдіктері нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жерлерді алып қойып, заңнамада белгіленген тәртіппен адал жер пайдаланушыларға беру жұмыстарын жандандыруы қажеттігін ескертті.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында суармалы алаңдарды 2025 жылға қарай 2,2 млн га және 2030 жылға қарай 3 млн гектарға жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Суды көп қажет ететін күріш және мақта, сондай-ақ масақты дәнді дақылдар сияқты дақылдардың үлесінің азаюы күтілуде, бұл ретте дәнді масақты дақылдарды суару тек азықтық ауыспалы егісте ғана көзделген.

«Жалпы көрсетілген шаралар 2030 жылға қарай суармалы жерлер алаңын 2 есе, жалпы жиналымды 5,6 есе, жалпы пайданы 6,4 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді Е. Қарашөкеев.

Суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру перспективасы суарудың су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданумен тығыз байланысты, бұл су шығынын азайтуға және су мен қоректік заттарды дәлме-дәл беру арқылы өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Министр атап өткендей, бүгінгі күні су үнемдеу технологиялары енгізілген алаңдардың ұлғайғаны байқалады, оған инвестициялық субсидиялау ықпал етті. Бұл инвестициялық субсидиялау шеңберінде фермерлердің қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ су алу мен беруге арналған бүкіл қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі.

Әзірленіп жатқан Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың га дейін жеткізу индикаторы көзделген.

Суы аз циклдің сақталып отырғанын және суаратын су тапшылығының өсуін ескере отырып, фермерлерге су үнемдеу технологияларын белсенді түрде енгізу ұсынылады. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Экология министрлігінің барлық облыстағы алқаптарды айқындай отырып, су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі жол карталарын әзірлеп, бекіту, жоспарлардың орындалуын міндетті түрде бақылау туралы ұсынысын қолдайды.

Фермерлерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында қазіргі уақытта су беру бойынша көрсетілетін қызметтерді өтеу жөніндегі субсидияларды суару тәсілдеріне байланысты саралау жұмысы жүргізілуде, яғни су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана бұрынғы деңгейдегі субсидияларды алады. 

Су үнемдеудің маңызды бағыттарының бірі суды көп қажет ететін дақылдарды әртараптандыру болып табылады. Жалпы алғанда, министрлік облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, жыл сайын суды көп қажет ететін дақылдар мен монодақылдарды азайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, биыл 2020 жылмен салыстырғанда мақта алаңы 18 мың га, күріш алаңы 7,6 мың га дейін азайтылды.

Үкімет отырысының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында алдағы уақытта Түркістан облысы бойынша мақта алқаптарын 100 мың га дейін, сондай-ақ Қызылорда облысы бойынша күрішті 75 мың га дейін азайту жоспарлануда.

Сонымен қатар биыл шитті мақтаның бір келісінің бағасы өткен жылғы 130 теңгенің орнына, 280 теңгені құрады. Осыған байланысты келесі жылы фермерлер тарапынан мақта алаңдарын ұлғайту жөнінде шаралар қабылдануы мүмкін.

Жайылымдарды суландыру мақсатында 2014-2020 жылдар кезеңінде республика бойынша 8555 құдық қазылды, сонымен бірге 11,9 млн га жайылым суландырылды және 3,8 млн бас мал сумен қамтамасыз етілді.

Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес, жайылымдарды суландыру үшін құдықтар қазу кезіндегі шығындарды өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін арттыру жұмыстары жүргізілуде.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, жайылымдық алқаптардағы жер асты суларының қорларын растау жөніндегі жұмысты жандандыруы қажет. Сондай-ақ облыстар әкімдіктері қолданыстағы заңнама шеңберінде иесіз құдықтарды түгендеу және анықтау жұмыстарын жүргізіп, кейіннен мал суаруға арналған пункттерді белгілеуі қажет», — деп түйіндеді Е. Қарашөкеев. 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, республикадағы суармалы жерлердің үштен бір бөлігі осы облысқа тиесілі. Өңірдегі суармалы алқаптарды ағын сумен қамтамасыз етуде жыл сайын 200 млн текше м су тапшылығы байқалады.

Өңір басшысы ағын су тапшылығын шешу мақсатында, бірқатарірі су нысандарының жобасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда:

  • «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу»;
  • «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салу;
  • Кентауда су төмендету жүйесін салу;
  • «Сарқырама» су қоймасын салу;
  • «Сырдария өзенінен машиналық арна салу».

«Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда өңірді кепілді ағын сумен қамтамасыз етіп, 252 млн текше м ағын су қосымша жеткізілетін болады. Бұл Түркістан қаласын суландыруға, көгалдандыруға толық жетеді деп ойлаймыз», — деді Ө. Шөкеев. 

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың мәлімдеуінше, өңір аумағында 249 гидротехникалық құрылыс орналасқан. Барлық суару желілерінің ұзындығы 17 мың шақырымды құрайды. Су шаруашылығы саласында суармалы жерлерді қалпына келтіру үшін облыстың 16 ауданында суару желілерін қайта жаңарту жұмыстары басталды. Осы мақсатта жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен барлығы 3,3 млрд теңге бөлінді.

«Қазіргі уақытта үш ауданда құрылыс-монтаждау жұмыстарын  жүргізу басталды. Нәтижесінде 19,9 мың га суармалы жер іске қосылады», — деді А. Баталов.

Әкімнің сөзінше, су шаруашылығы объектілерін күрделі жөндеу бойынша 2018-2020 жылдары 485 млн теңге сомасына 44 жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Оның ішінде жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге 24 жоба жергілікті бюджет есебінен іске асырылды. Нәтижесінде 16,6 мың га суармалы жер қалпына келтірілді. Қалған 20 жобаны іске асыру үшін қосымша 9,5 млрд теңге қажет.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жалпы құны 3,6 млрд теңге болатын Панфилов ауданындағы Өсек су торабын, Көксу, Қаратал бөгеттерін,  Талдықорған қаласындағы суару желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.Осы жобаларды іске асыру 58 мың га жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді. Ақсу ауданында 5,6 млрд теңге сомасына Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру бойынша жұмыс аяқталды. Аспалы алқаптың алаңын 7 мың га дейін ұлғайту үшін жалпы құны 8,9 млрд теңге болатын суару желілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Қаражат бөлуге бюджеттік өтінім берілді, келесі жылы бұл жұмыстарды бастаймыз», — деді әкім.

Қазіргі уақытта облыста 5 су қоймасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Олар: Покатилов, Бүйен, Сұңқар, Диірмен, Балықты өзендері. Осы су қоймаларының құрылысы іске асыру нәтижесінде 19,4 мың га суармалы жер айналымға енгізілетін болады. Жалпы, 2025 жылға дейін облыс бойынша 137,8 мың га суармалы жер қалпына келтіріледі.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова соңғы жылдары Сырдария өзенінің төменгі ағысында вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы байқалып отырғанын атап өтті. Дегенмен, Үкіметтің қолдауымен қабылданған шаралардың нәтижесінде егілген дақылдарды сумен қамтамасыз етуге мүмкін болды. 

«Облыста 251 мың га суармалы жер бар болса оның инженерлік жүйеге келтірілгені – 178,6 мың га, сумен қамтамасыз ететін ұзындығы 13 мың шақырымнан астам 1 549 канал мен дренаждық жүйелер бар. Соның 2,3 мың шақырым болатын 19 магистралды және шаруашылықаралық каналдар республикалық меншікте», — деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні, суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу бойынша 3 жоба бар: пайдаланылмай тұрған 29 мың га суармалы жерді айналымға қосу және 158 мың га суармалы егістіктегі ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру. Осы жобалар бойынша су шаруашылығы нысандарын құжаттандыруға 2017-2020 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Г. Әбдіқалықова аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда, суармалы жерлердің 80%-ы қалпына келетінін нақтылады. Бүгінгі күні, облыс аумағында жалпы сыйымдылығы 37,9 млн текше м болатын 7 су қоймасы бар.

Сонымен қатар, қазіргі таңда «Қызылорда» және «Әйтек» су тораптарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023 жылға дейін коммуналдық меншіктегі 192 су шаруашылығы нысандарын тазалау және жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылатын болады. Облыстағы су нысандарының жағдайын жақсарту үшін «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына облыстың су шаруашылығы жобаларын енгізу жөнінде ұсыныстар беріліп, Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес 2025 жылға дейін республика бойынша қайта жаңғыртылатын 120 каналдың 21-і Қызылорда облысы аумағында жүзеге асыру жоспарланып отыр.

«2025 жылға дейін облыс бойынша 30 магистралды және шаруашылықаралық каналдарды цифрландыру жоспарланса, соның 14 каналы келесі жылы ПУИД-2 жобасы аясында цифрландырылады. Облыста 251 га жерге тамшылатып және жаңбырлататын суландыру әдісі енгізілді, 2025 жылға қарай, 45 мың га жерге су үнемдеу әдісін енгізу жоспарлануда», — деді Г. Әбдіқалықова.

Аталған шаралардың нәтижесінде облыс бойынша 30%-ға дейін суды үнемдеуге, 25%-ға дейін ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін жоғарылатуға болады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес 775 млн текше м су жинайтын Қараөзек арнасындағы су қоймасы салынатын болады. Оны салудың негізгі мақсаты – қыс айларында келген артық суды жинақтап, көктем-жаз айларында төмен ағысына жіберу. 

«Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде, ауылдық жерде 300-ге жуық қосымша жұмыс орындары ашылып, 5,4 мың га жаңадан суармалы жерлер айналымға қосылады, 3,3 мың га көл жүйесін, 120,8 мың га шабындықтар мен жайылымдарды сумен қамтамасыз етілетін болады», — деді өңір басшысы. 

 


Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз


Жаңалықтар тізбегі
20 Қазан 2021, 20:27
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин РФ Үкіметінің Төрағасы М. Мишустинмен телефон арқылы сөйлесті
20 Қазан 2021, 16:33
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Цифрландыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді
20 Қазан 2021, 10:46
Ержан Еркінбаев ҚР мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды
19 Қазан 2021, 11:34
ҚР Үкіметінің отырысы, 19.10.2021
19 Қазан 2021, 11:23
Ә. Смайылов сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөнінде ВАК отырысын өткізді
19 Қазан 2021, 10:46
Қазақстанда соңғы екі аптада ауру деңгейі 17%-ға төмендеді — ҚР ДСМ
19 Қазан 2021, 10:30
Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 480 ауылды дамытуға 106 млрд теңге бөлінді — Ә. Ерғалиев
19 Қазан 2021, 09:39
А. Мамин ауыл аумақтарын дамытудың кешенді және бірыңғай тәсілін қамтамасыз етуді тапсырды
19 Қазан 2021, 09:24
8 млн астам қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды
18 Қазан 2021, 15:09
Еңбек өнімділігін арттыру, экспорттық өнімді ұлғайту, ауыл тұрғындарының табысын өсіру — АӨК ұлттық жобасы қандай міндеттер қойып отыр
18 Қазан 2021, 14:31
19 қазан күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
17 Қазан 2021, 10:16
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №133
16 Қазан 2021, 12:21
А. Мамин бағаны тұрақтандыру бойынша әкімдіктер жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырды
15 Қазан 2021, 18:30
«Дені сау ұлт». Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің ұлттық жобасы қандай бағыттарды іске асыруды қамтиды
15 Қазан 2021, 11:34
Талғат Момышев экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болып тағайындалды
14 Қазан 2021, 20:42
Е. Тоғжанов пен БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі ҚР Үкіметі мен БҰҰ ДБ ынтымақтастығының басым бағыттарын талқылады
14 Қазан 2021, 18:06
А. Мамин ірі көлік инфрақұрылымы жобаларының іске асырылуын тексерді
13 Қазан 2021, 20:37
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 қазандағы №718 Қаулысы
13 Қазан 2021, 20:21
Қайта вакциналау, бизнес нысандарының жұмысы және ұжымдық иммунитетті қалыптастыру — Е. Тоғжанов ВАК отырысын өткізді
13 Қазан 2021, 16:46
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 22 қыркүйектегі №662 Қаулысы
13 Қазан 2021, 16:43
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 қазандағы №714 Қаулысы
12 Қазан 2021, 15:26
Үкіметте Қазақстанның ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығының мәселелері талқыланды
12 Қазан 2021, 13:46
ҚР Үкіметінің отырысы, 12.10.2021
12 Қазан 2021, 13:19
Мемлекеттік ведомстволар Қазақстанның ұлттық даму жобаларын ұсынды
12 Қазан 2021, 12:47
2021 жылдың 9 айында экономиканың барлық секторында оң өсу динамикасы сақталды — Ә. Ерғалиев
12 Қазан 2021, 10:27
Үкімет ұлттық даму жобаларын бекітті
12 Қазан 2021, 09:42
Қазақстан экономикасының қалпына келу қарқыны 9 айда 3,4%-ға дейін жеделдеді
11 Қазан 2021, 17:45
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Chevron басшылығымен кездесті
11 Қазан 2021, 14:54
12 қазан күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
11 Қазан 2021, 12:52
ҚР Үкіметі 2022 жылы демалыс күндерін ауыстыруды бекітті
11 Қазан 2021, 10:07
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі №620 Қаулысы
11 Қазан 2021, 10:04
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 қазандағы №707 Қаулысы
11 Қазан 2021, 09:56
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 қазандағы №709 Қаулысы
11 Қазан 2021, 09:49
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 4 қазандағы №703 Қаулысы
11 Қазан 2021, 09:37
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қазандағы №700 Қаулысы
11 Қазан 2021, 09:34
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 23 қыркүйектегі №668 Қаулысы
11 Қазан 2021, 09:20
А. Маминнің БАӘ-ге сапары: бірлескен жаңа жобалар пулы $6 млрд-тан асады
10 Қазан 2021, 11:55
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №132
09 Қазан 2021, 12:37
А. Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен жанар-жағар май бағасы мәселесі бойынша кеңес өткізді
09 Қазан 2021, 07:59
Е. Тоғжанов Орал қаласында өнер сарайының ашылуына қатысты
08 Қазан 2021, 20:23
Е. Тоғжанов Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік нысандарын аралады
08 Қазан 2021, 18:06
ЕЭК отырысында интеграциялық процестерді одан әрі дамыту жөнінде бірқатар шешім қабылданды
08 Қазан 2021, 17:43
Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес баламалы энергетиканы дамыту мәселелерін қарастырды
08 Қазан 2021, 08:25
А. Мамин СИБУР басшысы Д. Коновпен мұнай-газ химиясы саласында бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады
07 Қазан 2021, 19:43
Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады
07 Қазан 2021, 10:22
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 4 қазандағы №702 Қаулысы
06 Қазан 2021, 15:02
А. Мамин Дүниежүзілік кеден ұйымының басшысы К. Микуриямен кездесу өткізді
05 Қазан 2021, 18:28
Ерлан Әукенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметінен босатылды
05 Қазан 2021, 16:37
2021 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚР экономикасына ТШИ көлемі 30,4%-ға артты
05 Қазан 2021, 16:14
Р. Скляр кореялық бизнес қауымы өкілдерімен кездесті
Депутаттық сауал
© 2019 - 2021 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.