Облыс әкімдері Премьер-Министрге жалақы қарыздарының төленуі бойынша есеп берді

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов облыс әкімдеріне кәсіпорындардағы жалақы қарыздарының төленуі бойынша мәселені өз бақылауларына алуды тапсырды. Үкімет отырысы кезінде әкімдер аталған мәселеге қатысты ағымдағы жағдайды баяндады. Барлық облыстарда жағдай тұрақты бақылауға алынған.

Ақмола облысында жалақының төленуі бойынша жалпы қарыз көлемі 242 млн теңгені құрайды.

«Бұл қарыз 4 кәсіпорынға қатысты, банкрот болған 2 кәсіпорын бойынша қарыз көлемі - 198 млн теңге, 29,7 млн теңге – ағымдағы қарыз көлемі, 14,9 млн теңге – мерзімі өтіп кеткен қарыз», - деді әкім Сергей Кулагин.

Ақмола облысының әкімінің айтуынша, аталған мәселе аймақ басшысының және құқық қорғау органдарының бақылауына алынған.  

«Бізде бір сервистік компанияның 11,7 млн теңге сомасы көлеміндегі қарызы бар. Бұл компаниямен жұмыс істеп жатырмыз, жұмыс тобы құқық қорғау органдарымен бірлесіп мәселені тұрақты бақылауда ұстап отыр», - деп есеп берді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Алматы облысында мерзімі өтіп кеткен қарыз көлемі 9,6 млн теңгені құраған.

«Олар - банкрот болған 5 кәсіпорын, мүлкі сатылған соң қызметкерлерге жалақы төленеді.  Жалпы алғанда, қарыз көлемі 25,8 млн теңгені құрайды», - деп атап өтті облыс әкімі Амандық Баталов.

Еске салайық, Үкіметтің өткен отырысында денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары Қазақстан кәсіпорындары бойынша 2,8 млрд теңге жалақы қарызын анықтағанын айтты. Оның 2,4 млрд теңгесі өтелген. Өз кезегінде, Кәрім Мәсімов әкімдіктер мен бейінді ведомствоға аталған мәселені бақылауға алуды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу