Әлихан Смайылов пен Роман Скляр Екібастұздағы жағдайды талқылады

4 желтоқсан, жексенбі, Екібастұз қаласында жүрген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр телефон арқылы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа қалалық жылу желілеріндегі апаттың зардаптарын жою барысы туралы баяндады.

Вице-Премьер 4 желтоқсандағы таңертеңгі жағдай бойынша 5А, 5Б және 6 шағын аудандарда 11 тұрғын үйге жылу беру бойынша жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді. Дайындық деңгейі жоғары, сондықтан кешке дейін олардың желілері (жертөлелер) жылуға қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар бұл үйлерде жылу радиаторлары мен жеткізу желілері ауыстырылып жатыр. Кешке пәтерлерде жылу беріле бастайды.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жылу берілген үйлердің ішкі инженерлік коммуникациялары – кәріз құбырларын, сумен жабдықтау жүйелерін және т. б. ауыстыру қажет екенін және бұл жұмыстың Үкіметтің бақылауында екенін айтты.

«Жылу толығымен берілмейінше, жөндеу жұмыстарына тартылған бірде-бір ұйым бұл үйлерден кетпейді. Қазіргі уақытта барлығы 484 адам жұмылдырылған. Біз өз жұмысымыздың форматын толығымен өзгерттік, ол тәулік бойы жүргізіледі», — деді Роман Скляр.

Премьер-Министр барлық жұмыстарды тезірек аяқтап, тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.


«Жұмысты жалғастырыңыз. Қалған үйлердің барлығына жылуды тезірек қосу керек, адамдар бір апта бойы жылусыз отыр. Ешкім мемлекеттің көмегі мен назарынсыз қалмайды», — деді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу