Бұқаралық спортты, ішкі туризмді дамыту және Қазақстанның Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспары — А. Райымқұлова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жұмысы туралы

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ведомствоның өткен жылғы және 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы негізгі жетістіктеріне тоқталып, сонымен қатар алға қойған міндеттері туралы айтып берді.

Ең алдымен, 2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын қабылдады – бұл жалақыны арттыру, арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер, қосымша жүктеме үшін қосымша төлемдер белгілеу, туындылардың авторларына қаламақы төлеу, қызметкерлердің тұрғын үй жағдайларын жақсарту. Алғаш рет шығармашылық одақтарды қолдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қаражат бөлінді.

А. Райымқұлова атап өткендей, әл-ауқатты жақсарту, еңбекақы төлеуді жетілдіру, сала қызметкерлерін ынталандыру, сол арқылы азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету — Мәдениет және спорт министрлігі жұмысының негізгі басымдығы.

Осы міндеттердің барлығы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында, Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды тұғырнамасына, сондай-ақ басқа да стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына негізделген. Жыл бойы өнердің үздік үлгілерін жасауға, бұқаралық спорт пен ішкі туризмді дамытуға және оларды одан әрі ілгерілетуге бағытталған идеологиялық-мазмұнды және сапалы шараларды өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде. Қазіргі заман талабына сәйкес 2020 жылы Лотерея және лотерея қызметі (10.06.2020 ж.), ойын бизнесі (02.07.2020 ж.), мәдениет (02.11.2020 ж.), дене шынықтыру және спорт (30.12.2020 ж.) мәселелері бойынша ҚР 4 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Биыл туристік қызмет мәселелері бойынша ҚР заңы қабылданды, ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығын құру туралы білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша ҚР Үкіметі мен БҰҰ арасындағы келісім ратификацияланды.

Патриоттық сезімді, қазақстандық бірегейлікті білдіру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Мемлекеттік туды, Елтаңбаны және олардың бейнелерін, сондай-ақ Әнұран мәтінін пайдалану, орнату мен орналастыру ережесіне өзгерістер енгізілді.

 

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жоспарланған мәдени шаралар

Биыл наурыз айында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қазақстанның ұлттық дәстүрі мен мәдениетіне арналған шаралар жоспарланды, оның аясында түрлі форматтағы 1000-нан астам іс-шаралар – театр қойылымдары, шығармашылық конкурстар, фестивальдар, ғылыми-конференциялар, шеберлік сыныптар, акциялар және т. б. шаралар өткізілді. 

Олардың қатарында, 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Алғыс айту – парызым» челленджі және «Медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге алғыс!» акциясы іске қосылды. Республикалық ұйымдар дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған «Мейірімді болайық бауырлар» және «Достардың музыкалық кеші» шығармашылық концерттерін ұйымдастырды. 14 наурызда «Көрісу күні» аясында республика бойынша кішілердің үлкендерге құрмет көрсету, ізгі тілектер мен баталарды айту дәстүріне негізделген бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында берілген тапсырмасы аясында Наурызды мерекелеуге жаңа форматтағы тұжырымдамалық тәсілдер әзірленді. Республиканың барлық өңірлерінде «Әз Наурыз – ұлттық сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі» ұранымен 8 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Наурыз мейрамын мерекелеудің үздік дәстүрлерін жаңғырта отырып, балалар үйінің, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына арналған «#Келкөрісейік» қайырымдылық жобалары, этномәдени қойылымдар, ұлттық музыкалық аспаптар фестивалі, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, өлкетану экскурсиялары, бірқатар өңірлерде ағаш отырғызу және т. б. шаралар өткізілді.

Еліміздің театрларында ерекше назар ұлттық қойылымдарға аударылды. Неміс театры «Қарагөз» спектаклін, «Астана Опера»  театры «Қыз Жібек» операсын,  Қ. Қуанышбаев атындағы театр жаңа сахнада «Құнанбай» спектаклінің премьерасын ұсынды, «Ұлытау» мұражай-қорығы «Мәңгілік елдің мәртебесі Наурыз» көрмесін таныстырды.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға Республикалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасы «Тұғыры биік Тәуелсіздік» аудио форматында өлеңдер жинағын шығарды.

Ұйымдастырылып жатқан барлық іс-шаралар өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып өткізілуде. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, іс-шаралардың көпшілігі онлайн форматта ұйымдастырылып, интернет желісінде барлығына қолжетімді болды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында шілде айында 30 жаңа жоғары көркем өнер туындыларын әзірлеу үшін «Елім менің» және «Тәуелсіздік толғауы» республикалық конкурстары басталады, олардың қорытындылары Тәуелсіздік күні қарсаңында шығарылады деп жоспарлануда.

«Тәуелсіздіктің 30-жылдығына арналған 30 кинотуынды» жобасы аясында идеологиялық және тәрбиелік сипаттағы тарихи, көркем және анимациялық фильмдер әзірленеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында ең күтілетін ұлттық киножоба – «Ұлы дала таңы» тарихи көркем фильмінің тұсаукесері өтетін болады.

ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес шілденің бірінші жексенбісінде дәстүрге айналған «Ұлттық домбыра күні», сонымен қатар Елорда күні қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінен мәдениет және өнер қайраткерлері қатысуымен өтетін «Сәлем, Елорда!» фестивалі ұйымдастырылады.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеудің соңғы кезеңі «Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 30 негізі» атты 30 жұлдызды күн болмақ, оның аясында мәдениет ұйымдарының күндері басталады, күн сайын өнердің барлық жанрындағы жаңа туындылардың тұсаукесерлері өтеді», - деп нақтылады мәдениет және спорт министрі. 

 

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясындағы жалпыреспубликалық спорттық шаралар 

ҚР МСМ басшысы сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде іске асырылған бірқатар іс-шаралар мен қазіргі міндеттерді қысқаша айқындады. 

«Өткен жылы COVID-19 пандемиясына байланысты министрлік көптеген жоспарларды қайта қарап, түзеді және жаңа жұмыс нысандарын енгізді. Карантин кезінде министрлік 120 млн-нан астам қаралым жинаған көптеген онлайн-жобаларды іске қосты. Бұл тәжірибе осы жылы да жалғасады. Қалыптасқан жағдайға қарамастан, жыл нәтижелі болып, оң нәтижелерге қол жеткізілді», — деді ол.

Еліміздің ең басты ұлттық мерекесі – қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30  жылдығын мерекелеу жөніндегі жалпы республикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес барлық жоспарланған шаралардың уақтылы және сапалы өткізілуі қамтамасыз етіледі. 

«Әрбір шара ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға, сондай-ақ елдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған. Барлық іс-шаралар жыл басынан бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталуда, бүгінгі күні 300-ден астам материал жарық көрді, мәдениет және өнер қайраткерлері мен белгілі спортшылардың қатысуымен 100-ден астам сұхбат берілді. Министрліктің және ведомстволық бағынысты ұйымдардың ресми парақшаларын-да мәдениет саласының, қазақстандық спорттың жетістіктері мен еліміздің туристік әлеуеті туралы 50-ден атам бейнероликтер көрсетілуде»,  — деді министр. 

Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес ақпан айы «Қазақстан – спорттық ұлт» атауымен өтті. Оның шеңберінде 150-ден астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіліп, #МеніңТәуелсіздіккеүлесім акциясы және «Менің жетістігім - Менің елімнің жетістігі» челленджі іске қосылды. Еліміздің атақты спортшылары туралы «Спорттағы 30 атақты есім» жобасы ұйымдастырылды. Бұл жоба Қазақстанды халықаралық спорттық аренада әйгілеуге түрткі болған спортшыларымыздың жетістіктері, жас спортшыларға мотивация ретінде, сондай-ақ халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Инфрақұрылымды жақсарту және спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Тек ақпан айында Қ. Мұңайтпасов атындағы республикалық Олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінде аты аңызға айналған қазақ балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдық мерейтойының, дзюдо орталығының салтанатты ашылуы, Ресей, Марокко және Қырғызстаннан 80-нен астам спортшының қатысуымен шаңғы жарысынан Шығыс Еуропа құрлықтық кубогы, «Құсбегілік», «Қазақ күресі», «Жекпе-жек» және т. б. Қазақстан чемпионаттары өтті.

«Қазақстандықтардың өз жетістіктерін Тәуелсіздіктің 30-жылдығына арнауы жалғасуда. Олардың арасында, Мария Ауезованы ерекше атап өткім келеді. Ол Эверест тауының Кала-Патхар шыңына (5364 метр) шыққан әлемдегі ең алғашқы мүмкіндігі шектеулі қыз болып, әлемнің аңызына айналды. Күні кеше ғана альпинизмнен еңбегі сіңген спорт шебері Мақсұт Жұмаев жер бетіндегі ең биік тау жүйесі – Гималайдағы Шығыс Лобуче шыңдарын бағындырып, өзінің жетістігін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арнап, 6119 метр биіктікке ту тікті», — деді А. Райымқұлова. 

Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға, оның ішінде әрине, балаларға басымдық беру керектігін ерекше атап өтті. Дені сау ұрпақты қалыптастыру мақсатында балалар мен жасөспірімдер үшін барлық жағдайлар жасалуда. 2020 жылы 4 жаңа балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды (Жамбыл обл. – 3, Қарағанды обл. – 1). Елімізде 477 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде тегін негізде 400 мыңға жуық балалар мен жасөспірімдер қамтылған. Ол барлық оқушылар санының 17,1% құрайды. Сонымен қатар республика бойынша 602 балалар-жасөспірімдер және 119 балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтарында 188 908 балалар мен жасөспірімдер қамтылған. Мемлекеттік спорттық тапсырысты енгізу, спорт саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру, спорттық нұсқаушылардың санын арттыру арқасында 2025 жылы спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің саны 20%-ға дейін, ал спорт секциялары саны 128 100-ға  артады.

Спорт және дене шынықтыру тәрбиесінің ажырамас бөлігі болып ұлттық спорт түрлері табылады. 2020 жылғы 18 желтоқсанда «қазақ күресі»  мен «тоғызқұмалақ» ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуі Қазақстан мен халықаралық қоғамдастық тарапынан ұлттық спорт түрлерін дамытуға зор көңіл бөлуінің көрсеткіші болды. Қазақ күресін дамыту және қолдау бойынша жұмыс істейтін барлық республикалық, халықаралық, әлемдік федерацияларды біріктіру мақсатында республикада Қазақ күресі қауымдастығы құрылып, оның бірінші конгресі өтті.

«Сонымен қатар, заңнамалық негізде білім берудің барлық деңгейлеріндегі дене шынықтыру тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлерінің міндетті компоненті енгізілді. Бірінші кезекте, білім беру ұйымдарына асық ату, тоғызқұмалақ және қазақша күрес енгізіледі», — деді А. Райымқұлова. 

Заман талабына сай маңызды міндеттердің бірі – спорт секторын цифрландыру. Карантин кезінде бұл міндеттердің өте маңызды екеніне көз жеткізілді. Министрлік ұлттық цифрлық дене шынықтыру және спорт платформасын (E-sport) енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Платформа спорттық іс-шаралар, спортшылар мен спорттық объектілер және басқа да ақпаратты алу үшін бірыңғай портал болмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған өскелең ұрпақтың шығармашылық және спорттық әлеуетіне, сондай-ақ балалар үйірмелерінің қызметін қайта бастау және спорт секцияларын ашуға баса назар аудару қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізілді, оның шеңберінде балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар тетігі енгізілді.

Алғаш рет Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, жұртшылықпен бірлесіп, тиісті нормативтік құқықтық актілерді — жан басына қаржыландыру әдістемесі мен қағидаларын, мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды орналастыру қағидаларын, сондай-ақ шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларының рейтингін айқындау қағидаларын әзірлеп, қабылдады.

Биылғы 1 мамырда мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды іске асыру басталды, оларды қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі.

Жалпы, жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республикада 22 000 балалар үйірмесі мен 126 783 спорт секциясы жұмыс істейді. 2021 жылы мемлекеттік тапсырысты енгізу 4-17 жас аралығындағы 64 105 бала мен жасөспірімге тегін негізде қосымша баруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, оның ішінде үйірмелермен – 23 566 адам, секциялармен – 40 539 адам.

Мемлекет басшысының шығармашылық және қолөнер негіздерін оқыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында 2020 жылдың қазан айынан бастап «Ұлағатты ұрпақ» білім беру онлайн-платформасы іске қосылды, онда оқушыларға mmura.kz сайтындағы барлық білім беру бейне-сабақтары еркін ұсынылды, олар 5 бағыт бойынша – музыкалық өнер, театр өнері, кинематография, бейнелеу өнері және «Киелі Қазақстан» бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде.

Бүгінгі таңда тіркелген пайдаланушылар саны 11 мыңнан астам оқушыны құрайды, бейнесабақтарды қарау саны 5 млн-нан астам адамды құрайды. «Ұлағатты ұрпақ» ұлттық мәдени-білім беру онлайн жобасын оның бағыттарын ұлғайта отырып одан әрі дамыту жоспарланып отыр, соның нәтижесінде порталға кіру саны 2025 жылы екі есеге артады.

Спорт саласындағы негізгі басымдық — бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен жүйелі айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау. Бүгінгі күні дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындарды қамту 5,9 млн адамды немесе ел халқының жалпы санының 31,6%-ын құрайды. 2025 жылы спортпен айналысатын азаматтардың үлесін 45%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

Саланың инфрақұрылымын дамыту — жұмыстың маңызды бағыты. Спорттық ғимараттар желісін кеңейту және халықтың барлық жіктеріне қолжетімділігін арттыру бойынша жағдайлар жасалуда. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша басталған 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. 2020 жылы өңірлерде 14 ДШСК құрылысы аяқталды (2019 жылы – 13 ДШСК), 2021 жылы 73 ДШСК пайдалануға беру жоспарлануда.

2020 жылы Жұмыспен қамту жол картасы аясында өңірлерде 3 165 жұмыс орнын құрумен спорт нысандарын күрделі, ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу бойынша 259 жоба іске асырылды.

Ірі инфрақұрылымдық жобалардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы 7 мың көрерменге арналған жеңіл атлетикалық спорт кешенін атауға болады. Спорт кешені IAAF Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы тарапынан сертификаттаудан өтті, бұл ең жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Алматы облысында олимпиадалық даярлау базасының құрылысы жалғасуда. 

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жекпе-жек» сарайының атауы аты аңызға айналған қазақстандық балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайы болып өзгертілді.

ҚР МСМ басшысы қарапайым және ірі жобаларды қамтитын спорт инфрақұрылымын дамыту арқылы халық денсаулығын нығайту үшін жағдай жасауда бизнесмендер мен меценаттардың белсенділігінің артып келе жатқанын атап өтті. Мысалы, тек 2020 жылы ғана МЖӘ тетігі бойынша 97 жоба іске асырылды.

2021 жылы Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында еліміздің 13 өңірінде 68 спорт жобасын іске асыру көзделген.

Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары (2020 жылғы 23 сәуір) бекітілді, оған сәйкес мектеп және студенттік спорт лигаларын құру, білім беру мекемелерінде қосымша спорт секцияларын ашу, мектептерді спорттық мүкәммалдармен және жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарлануда.

2020 жылғы 30 желтоқсанда бұқаралық спортты одан әрі дамытуды көздейтін дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша ҚР Заңы қабылданды. Атап айтқанда, дене шынықтыру даярлығының балалар-жасөспірімдер клубтарының және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің желісін кеңейту, дене шынықтыру және спорт бойынша сабақтан тыс секцияларды жүргізгені үшін мұғалімдерге базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы енгізу, білім берудің барлық деңгейлеріндегі дене шынықтыру сабақтарында ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті компонент енгізу жөніндегі нормалар енгізілді, халықпен жұмыс істеу үшін спорт нұсқаушыларын штаттық бірліктерімен қамтамасыз ету көзделген.

Жоғары жетістіктер спорты дамуда. Бірыңғай күнтізбелік жоспарға сәйкес 2020 жылы ұлттық команданың спортшылары 190 халықаралық және 207 республикалық спорттық жарыстарға қатысты, оның ішінде 6 халықаралық деңгейдегі жарыс Қазақстан аумағында өткізілді.

Елдегі және шетелдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеулерге қарамастан, 2020 жылы қазақстандық спортшылар әр түрлі деңгейдегі 217 медаль жеңіп алды. Қалыптасқан жағдайға байланысты ҚР чемпионаттары мен республикалық жарыстар күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, көрермендердің қатысуынсыз өткізілді.

Жаһандану кезеңінде Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы спорттық имиджін одан әрі нығайту мен ілгерілетудің, сондай-ақ халықаралық спорт қоғамдастығына кірігудің маңызы зор.

«Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, Ұлттық құрама командалардың спортшыларын Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Ұлттық құраманы спорттың 30 түрі бойынша спортшылар таныстырады. Бүгінгі таңда 22 спорт түрінен 53 лицензия жеңіп алынды», — деді А. Райымқұлова.

Ол сондай-ақ, 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін Олимпиада құрама командасының спортшылары қосымша лицензиялар жеңіп ала алатын шамамен 15 лицензиялық турнир мен чемпионаттарға (2 құрлықтық турнир, 4 әлемдік біліктілік жарысы, 1 Әлем кубогы, 10 рейтингтік турнир) қатысу жоспарланғанын атап өтті.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау маңызды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп барлық спорт кешендерінде ересектер мен ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін спортпен айналысу үшін жағдайлар жасалады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін елімізде 15 спорт клубы, елордада паралимпиадалық жаттығу орталығы жұмыс істейді.

Паралимпиадалық қозғалысқа қолдау көрсетіледі. Бүгін Токиода өтетін жазғы Паралимпиада ойындарына (ағымдағы жылдың 24 тамызы мен 5 қыркүйегі аралығында) қатысу үшін еліміздің құрама командаларын дайындау жүргізілуде. Қазақстандық спортшылар спорттың 3 түрінен 9 лицензия жеңіп алды.

20 шілдеге дейін паралимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командасы қосымша лицензиялар ойнатылатын 8 біліктілік турниріне қатысуды жоспарлап отыр.

Ақтоты Райымқұлова журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ережеге сәйкес елімізде жыл сайын легионерлер саны азайып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жақсы нәтижелерге қол жеткізетін спортшылар да бар.

«Мысалы, бізде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Зульфия Чиншанло бар, ол 14 жасында Қазақстанға келді, біздің спорт мектептерінде оқыды және осындай тамаша нәтижелер көрсетті», — деді министр.

А. Райымқұлова «Келетін және ҚР азаматтығын алатын тұлғалар кемінде үш жыл Қазақстан азаматы болуы тиіс» деп нақтылады. Олар енді легионерлер емес, команданың ойыншылары болады.

«Әрине, ең бастысы, біз жыл сайын ойын алаңындағы легионерлер санының азаюын қадағалаймыз. Сонымен қатар, легионерлердің саны аз болған сайын, біз талантты жастарымызға, қазақстандық спортшыларға әртүрлі спорттық жарыстарда өздерін көрсетуге мүмкіндік береміз. Мысалы, бүгінгі таңда су добынан Қазақстан құрамасында бірде-бір легионер жоқ, барлығы Қазақстанның азаматтары», — деп түсіндірді Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы.

Сондай-ақ, мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова Мемлекет басшысының кәсіби спорт клубтарын қаржыландыру көлемін қысқарту және қаражатты балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағыттау қажеттігі туралы тапсырмасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Егер 2020 жылы клубтарға 55 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінсе, онда бүгінде лимит белгіленген, оны асырмау керек. Мысалы, футбол және хоккей клубтары үшін 1 млрд 200 млн теңге, қалған спорт түрлері үшін жылына 450 млн теңгеден аспайтын лимит белгіленген. Босатылатын сомалар бұқаралық спортты дамытуға және балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға бағытталатын болады», — деді ол.

  

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында туризм саласында 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылады

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында туризм саласында министрлік республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Туризмді дамыту бойынша жан-жақты жұмыс жалғасуда. Бүгінгі күні туристік нарықтың қызметін одан әрі ынталандыру бойынша заңнамалық актілер қабылданып, ішкі туризммен танысу үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, көрсетілетін қызметтер желісі ұлғайтылды. Инфрақұрылымды дамыту мен инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін барлық жағдайлар жасалуда.

Бүгінгі таңда мәдениет, әдет-ғұрыппен дәстүрлерді насихаттауға бағытталған этно-туризм ерекше өзектілік пен танымалдылыққа ие. Осы бағытта маусым-қыркүйек айларында Алматы қаласының туристік тартылыс орындарында қолөнершілердің қатысуымен «Ұлы дала мұрасы» жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Алматы қаласында ұлттық тағамдары мен Қазақстан халықтарының тағамдарын танымал ету мақсатында «Kok bazar Fest» (2021 жылдың IV тоқсаны), Ақтөбе облысында «Көшпенділер (Номад) мұрасы»  (2021 жылдың маусымынан тамызына дейін), Шығыс Қазақстан облысында BUQTYRMA FEST (2021 жылдың тамызы) және Ақмола облысында «Burabike» (2021 жылдың қыркүйегі) сияқты әр өңірге тән фестивальдерді өткізу жоспарлануда.

Киелі туризмді дамытуды ынталандыру және тарихи-мәдени объектілерге туристік қызығушылықты арттыру мақсатында ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін Қарағанды облысының Ұлытау ауданында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін ашу, шілде айында Шығыс Қазақстан облысында «Абай жолымен» ақпараттық турын және т.б. өткізу жоспарлануда. Турға өңірдің 11 киелі орны кіреді, оның ішінде Семей қаласынан 4 объект, Абай ауданында – 7 объект қамтылады.

Ішкі туризмді дамыту үшін шілде айында Павлодар облысының туристік әлеуетін көрсететін «Туризм PVL-2021» көрмесі, Алматы қаласында OCEANMAN жүзуден халықаралық чемпионаты (2021 жылғы тамыз) ұйымдастырылады.

Сонымен қатар Қазақстанның қолданыстағы туристік өнімдерінің тізімін қалыптастыру мақсатында елдің бірегей тарихи-мәдени және табиғи көрікті жерлерін қамтитын 30 жаңа трансұлттық және өңірлік туристік өнімдерді (2021 жылғы тамыз) әзірлеу бойынша арнайы жоба іске асырылады. Оның қатарында Ұлы Жібек жолы бойында трансұлттық маршруттарды құру және Қазақстанның ТОП-10 туристік дестинациясы бар.

Ұлттық және халықаралық деңгейде еліміздің туристік әлеуетін одан әрі ілгерілету мақсатында Қазақстанның 30 туристік өнімдерінің каталогы құрылады.

Қазақстанның туристік мүмкіндіктері мен әлеуетін шетелдік аудиторияға таныстыру мақсатында Алматы қаласына әлемнің 30 елінен келген 150 журналистің қатысуымен халықаралық шаңғышы Журналистер клубының (SCIJ) жыл сайынғы кездесуі ұйымдастырылады.

Туризм саласында жоспарланған 30 зәкірлі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде Ақтау курорттық аймағын дамыту шеңберінде Ақтау қаласында көпфункционалды туристік кешеннің құрылысын жалғастыру (тақырыптық парк, гольф-клуб, сауда орталығы, қонақ үйлер), Маңғыстау облысындағы «Нұр» көпфункционалды емдеу-сауықтыру кешені, Алматы қаласындағы «Holiday Inn Express» қонақ үйі, ТОП-10 туристік дестинациясы және бүкіл ел бойынша бірқатар инвестициялық жобалар бар.

«Жалпы, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 1 трлн теңгеден астам жеке және мемлекеттік инвестициялар тартып, нәтижесінде 22 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда», — деп нақтылады мәдениет және спорт министрі. 

Туризм саласында осы уақытқа дейін жүйелі шараларды іске асыру мақсатында бірқатар жұмыстар жасалды. Атап айтқанда: 

  • мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудағы тиісті нормативтік-құқықтық актілер әзірленді;
  • ТОП-10 туристік дестинациялардың әлеуетін ілгерілету бойынша шаралар қолданды;
  • жол бойындағы сервис пен санитарлық-гигиеналық тораптар дамытылды;
  • визалық және көші-қон режимі либерализацияланды;
  • авиа және темір жол дестинацияларына қолжетімділік арттырылды;
  • экологиялық туризм мен ұлттық парктерді дамытудың жаңа тәсілдері енгізілді;
  • балалар-жасөспірімдер, эко, агро және MICE туризмін дамыту, сапа стандарттары мен салаға қатысушылардың құзыреттерін арттыру және ақпараттық турларды өткізу арқылы тур өнімдері қалыптастырылды;
  • туристік салаға цифрландыру енгізілуде;
  • өткізу пункттерін модернизациялауға мониторинг жүргізілді;
  • статистикалық есептілікті жетілдіру және т.б. шаралар қабылданды.

«Халықтың табиғат аясында демалуға деген сұранысының артуын ескере отырып, еліміздің ұлттық парктерінің туристік әлеуетін дамытудың озық тәжірибесі енгізілуде. ҚР Экология, геология және табиғи ресірстар министрлігі, Қазақ туризм, Алматы және Алматы облысы әкімдіктерімен бірлесіп, Алматы тау кластерінде экотуризмді дамыту бойынша Ведомствоаралық жобалық кеңсе құрылды. Бірлескен жұмыс аясында Іле-Алатау ұлттық паркінде туристік инфрақұрылымды дамыту жобасын іске асыруға инвестор тартылды, оған визит-орталықтар, жаяу маршруттар, глэмпингтер, арнайы алаңдары, қоғамдық тамақтану орындары және т.б. объектілер кіреді. Аюсай шатқалындағы визит-орталықтың құрылысы аяқталды», - деді А. Райымқұлова.

Бұдан басқа, оның айтуынша, «Көлсай көлдері», «Шарын», «Алтынемел» сияқты 3 ұлттық паркте жобаларды іске асыру мақсатында инвесторлары тартылды.

Ұлттық парктердің деректеріне сәйкес, инвестициялардың жалпы көлемі 27 млрд теңгені құрайды.

Сонымен қатар 2021 жылы Пармеджано Групп желісінің глемпинг-қонақ үй желісін кеңейту бойынша, Тұйық-Су шатқалында, Бутаковка визит орталығының құрылысы, Қазақ ауылы мейрамханасы бар Медеу-Резорт кешенін қайта жаңарту сияқты жалпы сомасы 30,6 млрд теңгеден тұратын жобаларды іске асыру жалғастырылады.

«Туристік әлеуетті ілгерілету және маркетинг бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. MICE туризм желісі бойынша алдағы 5 жылда 3000 делегаттармен 5 халықаралық іс-шара өткізу құқығы алынды. Басқа іс-шаралармен бірге 1,2 млрд астам көрермені бар шетелдік аудиторияны қамтитын «Kazakhstan. VeryNice!» PR кампаниясы ұйымдастырылды, Қазақстанның туристік әлеуеті туралы ақпарат голливуд жұлдыздары парақтарында және әлемдік NewYorkTimes, TheGuardian, CNN және тағы басқа БАҚ  беттерінде жарияланды», — деді министр.

Француздық FrenchConnectionFilms продакшн Қазақстанның табиғи сұлулығы туралы деректі фильмнің түсірілімі ұйымдастырылды.

Instagram Facebook WeChat, Weibo, Google, Youtube, Yandex, Facebook жарнамалық құралдарын пайдалана отырып, жалпы саны 27 млн адамды қамтитын бірқатар жарнамалық науқандар өткізілді.

Сондай-ақ, «Хабар 24» телеарнасында 3,2 млн астам телекөрерменді қамти отырып, «СаяхатTime» бағдарламасының 10 шығарылымы жүзеге асырылды.

«Өткен жыл барлығымызға елдер арасындағы қозғалыс шектеулері жағдайында ішкі туризмнің қаншалықты сұранысқа ие болатынын көрсетті. Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша шығу туризмінде 73%-ға (2 865 мың адам) және келу туризмінде 76%-ға (2 034 мың адам) төмендеу байқалады», — деп хабарлады ҚР мәдениет және спорт министрі.

Сонымен қатар, бұқаралық іс-шараларды өткізуге шектеулер енгізілгеніне қарамастан, ел ішіндегі курорттарда демалуға сұраныс пен ұсыныстың артуы байқалды.

Пандемия жылына қарамастан, ішкі туризмде оң динамика тіркелді, жеке инвестицияларды тарту бойынша үлкен жұмыс атқарылды және т. б.

Курорттық аймақтардағы орналастыру орындарының саны шамамен 40%-ға, ал нөмірлік қоры 1,8 есе өсті. Курорттық аймақтарда қызмет көрсетілген келушілер саны 1,2-ден 1,7 млн адамға дейін (45%-ға өсті), ал орналастыру орындарында көрсетілген қызметтер көлемі 17-ден 24,5 млрд теңгеге дейін (1,5 есе) өсті.

Туризм саласындағы негізгі капиталға салынған жеке инвестициялар көлемі 30%-ға өсіп, 614,7 млрд теңгені құрады.

Вирустың жаппай таралуына дейін қазақстандықтарды және туристік нарықты алдын ала қолдау бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Азаматтардың құқықтарына кепілдік беру жүйесі бойынша елге демалыс орындарынан чартерлік және тұрақты рейстермен 5 913 турист қайтарылды, сондай-ақ көрші елдердің азаматтарын қауіпсіз қайтару бойынша көмек көрсетілді.

Карантиндік шектеулер кезеңінде Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп дағдарысқа қарсы шараларды енгізді. Туристік саладағы кәсіпкерлер ТЖ режиміне байланысты бірқатар салықтардан босатылды, банктік қарыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыру енгізілді және жеңілдікті кредиттер бойынша мөлшерлеме біріздендірілді.

Сондай-ақ, Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру бойынша да мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Мәдени-танымдық және рухани туризмді дамыту мақсатында бүгінде Түркістанда өңірдегі туристер санының артуына ықпал ететін ондаған жаңа нысан салынды.

Жеке инвестициялар есебінен салынған пайдалануға берілген «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені көшпелі өмір салтына, көшпенділердің тұрмысы мен дәстүріне қанығуға мүмкіндік береді. Бұл кешенде халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер, қолөнершілері бар жабық базарлар, Шығыс базары, сауда орталықтары, гондолалары бар су арнасы, ойын-сауық орталығы, балаларға арналған отбасылық орталық, виртуалды әлемге толықтай еніп, қазақ халқының тарихына үңілуге мүмкіндік беретін «ұшатын» театр жұмыс істейді.

Сондай-ақ, белгілі француз режиссері М. Лураждың жетекшілігімен шетелдік және отандық каскадерлар мен акробаттардың қатысуымен ұлттық көшпелі өркениетті көрсететін ат спорты шоуы тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Бұл нысандардың барлығы өңірге туристерді тартуға бағытталған. Қазірдің өзінде алғашқы нәтижелер байқалуда, а. ж. 8 мамырда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бару бойынша жаңа рекорд орнатылды, оған күні бойы 8 мың адам, Керуен-сарайға 10 мың адам барған. 

2021 жылы ішкі туристер санын 5 млн адамға дейін арттыру жоспарлануда, курорттық аймақтар бойынша демалушылар саны 2 млн адамды құрайды.

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, келушілерді баратын объектісі туралы барлық қажетті ақпаратпен және қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін туристерді тартудың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі визит-орталықтар болып табылады. Туристерге ыңғайлы болуы үшін Түркістанда «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «визит-орталық» салынды, онда туристер мен қала қонақтары туристік бағыттар, тарихи және мәдени объектілер, сондай-ақ тұратын, тамақтанатын орындар және т. б. туралы барлық қажетті мәліметтерді ала алады.

Бұл жағдайда туризм объектілеріне қажетті инфрақұрылымды дамыту және бизнес үшін қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету негізгі міндет болып қала береді. Бұл шаралар туристік қызмет мәселелері бойынша қабылданған заң аясында бекітілген. Атап айтқанда, ынталандырудың жаңа шаралары әзірленді, әрбір шетелдік турист үшін туроператорларды және балаларға арналған ішкі ұшуларды субсидиялау, инвесторлардың тау шаңғысы базалары мен туравтобустарға арналған жабдықтарды сатып алуға, жол бойындағы сервис объектілері мен туристік объектілерді салу кезіндегі шығындарын өтеу, сондай-ақ турдестинацияларда санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауды субсидиялау бойынша нормалар енгізілді.

«Туризм саласында жоғары білікті кадр персоналымен қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере отырып, Түркістан қаласында 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылды. Университет өз саласында Орталық Азиядағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі болуға тиіс», — деді А. Райымқұлова.

Халықаралық туризм университеті басқа елдердің бейіндік жоғары оқу орындары арасында келісімшарттар жасап, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. 2020 жылғы ақпанда екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға үлкен серпін беретін Грузия (Грузия бизнес және технологиялар университеті, Туризм және гастрономия академиясы) және Қазақстан (Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті) бейіндік жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Біліктіліктерін арттыру және оқу процесіне үздік халықаралық практикаларды енгізу мақсатында осы жазда 50 студент Түркияның үздік туристік орталықтарында оқытудан және кәсіби практикадан өтеді.

Басты мақсат — Түркістанның Орталық Азиядағы өңірлік туризмнің ірі орталығы ретінде табысты дамуы үшін барлық жағдайды жасау.

Жеке инвестицияларды тарту және туристік дестинациялардың қолжетімділігін жақсарту мақсатында қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізілді.

2020 жылы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Жұмыспен қамту және бизнестің жол карталары, сондай-ақ басқа да мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 61 млрд теңге сомасына 52 жобаны қаржыландыру қамтамасыз етілді.

2021 жылы осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. Бүгінгі таңда еліміздің негізгі курорттық дестинацияларында осы жылға инфрақұрылымдық жобалардың 19 жобасын (оның ішінде 4 өңірде Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде 6 жобаны) іске асыруға 40 млрд теңге бөлінді. Жыл ішінде сметалық құжаттаманың болуын ескере отырып, жобалар санын 81 млрд теңге сомасына 79-ға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар.

Инфрақұрылымның болуы қазіргі заманғы туристік объектілерді салу үшін жеке инвесторларды тартуға мүмкіндік береді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жеке инвестициялар есебінен республика бойынша 92 жоба пайдалануға берілді. Олардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Sheraton» қонақ үйі, Ақтау қаласындағы «Rixos Water World Aktau» кешені, Түркістан қаласындағы Rixos Turkistan және Hampton by Hilton қонақ үйлері, ЩБКА-дағы «Promenade Burabay» көпфункционалды туристік кешенінің 1-кезеңі, Алматыдағы Тенир экоотелі және т. б. бар.

Мемлекеттік және жеке инвестицияларды тарту нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша туризм индустриясы саласында 19 мың жұмыс орны құрылды.

2021 жылы жеке инвестицияларды тарту саланы дамытудың негізгі драйверіне айналады. Жалпы жеке инвестициялар көлемі 1,1 трлн теңге болатын 115 жобаны іске асыру жалғасады.

Мысалы, Каспий теңізінің Маңғыстау жағалауы жаңа объектілер іске қосылғаннан кейін одан әрі дамитын болады, таяудағы 2-3 жылда жалпы инвестициялар көлемі $1,2 млрд құрайтын «Fairmont», «DoubleTree by Hilton», «Aqualina Resort» және т. б. сияқты халықаралық деңгейдегі 4-5 қонақ үйдің тақырыптық ойын-сауық паркін және шамамен 4-5 қонақ үй салу жоспарлануда.

Бұдан басқа, туристік қызметті дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шетелдік туристердің артуын ынталандыру үшін «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Туризм жөніндегі жобалық кеңсесін құрды. Нәтижесінде визалық көші-қон процестерін ырықтандыру және елдің көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді:

  • визасыз елдердің тізімі 74-ке дейін кеңейтілді;
  • 105 мемлекеттің азаматтары үшін электрондық визалар енгізілді;
  • елге визасыз кіру режимі бар елдердің тізімі 73-ке дейін ұлғайтылды, Қытай мен Үндістан азаматтары үшін пилоттық режимде 72 сағаттық визасыз транзит енгізілді (карантиндік шектеулерге байланысты уақытша тоқтатылған);
  • 30 күнге дейінгі мерзімге келген кезде шетелдіктерді тіркеу тоқтатылды;
  • шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту басталды;
  • еліміздің ірі қалаларында «Open Sky» режимі енгізілді;

Осы жұмыс шеңберінде 20-ға жуық елмен (Катар, БАӘ, Оман, Кувейт, Бахрейн, Иордания, Малайзия, Австрия және т.б.) келіссөздер жүргізілді, олардың қорытындысы бойынша Qatar Airways, Israir, Air Asia, Salam Air, Jazeera Airways, Blue Air, Turkish Airlines және т. б. шетелдік авиакомпаниялардың жаңа халықаралық маршруттардың ашылуы күтілді, алайда, ағымдағы жағдайға байланысты осы рейстердің ашылуы әлемдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін кейінге қалдырылды.

Анықтама: Қазіргі уақытта әлемнің 12 еліне аптасына 62 рейс жиілігімен 21 маршрут орындалады (БАӘ – аптасына 16 рейс, Түркия – 11 рейс, Ресей – 6 рейс, Өзбекстан – 6 рейс, Германия – 6 рейс, Беларусь – 4 рейс, Қырғызстан – 2 рейс, Египет – 2 чартерлік рейс, Оңтүстік Корея – 2 рейс, Украина – 1 рейс, Мальдивы – 4 чартерлік рейс, Шри-Ланка – 2 чартерлік рейс).

Еліміздің әлемге танылуын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі ретінде бірқатар ірі ақпараттық басылымдардың Қазақстанды саяхат жасау үшін перспективалы бағыт ретінде танығанын атап өтуге болады.

Lonely Planet  ғаламдық баспасының нұсқасы бойынша Қазақстан «Үздік қонақ үйлер» номинациясын жеңіп алды (LonelyPlanet.com платформасын саяхат, кеңестер мен ойын-сауық туралы ақпарат алу үшін ай сайын 13 млн адам қарайды).

Le Figaro француз басылымы Қазақстанды 2021 жылы баруға ұсынылған 21 дестинация тізіміне қосты.

Британдық бэкпекерлер қоғамы (British Backpacker Society) белсенді эко-саяхаттарды ұнататындар үшін Қазақстанды 2020 жылға арналған must visit тізімінің ТОП-5-ке қосты.

The Guardian  бару үшін ең үздік орындардың тізімін жасады, оған Қазақстан кіреді.

Пандемия туризм саласын цифрландыру саласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығын көрсетті.

Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталында  қосымша функционалдар мен модульдер әзірленді. Бизнес өкілдері үшін өңірлер мен туризм түрлері бойынша іріктеу мүмкіндігімен турагенттіктердің, гид-экскурсоводтардың,  қолөнершілердің тізілімдері енгізілген.

Шетелдік аудиторияны және отандастарды қазақ халқының баға жетпес бай мұрасымен, ежелгі аңыздармен және Ұлытау тарихымен, сондай-ақ Алтын Орданың сәулет ескерткіштерімен таныстыру мақсатында «Altyn Orda» модулі әзірленді.

«Көші-қон режимін одан әрі жеңілдету мақсатында келетін туристер үшін Е-конак жүйесі әзірленді, онда шетелдік азаматтар қонақ үйлерге орналасу кезінде көші-қон органдарында автоматты түрде тіркеуден өтеді. Бүгінде жүйе пилоттық режимде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы 160 қонақүйде (4,5 жұлдызды) орнатылған. Осы жылдың соңына дейін Қазақстан бойынша 500 қонақүйге енгізуді жоспарлап отырмыз», — деді мәдениет министрлігінің басшысы.

Сондай-ақ, оның айтуынша, туризм саласындағы статистиканы жинау және өңдеу бойынша «Tourstat.kz» ақпараттық жүйесі әзірленді, онда статистикалық деректерді пайдаланушыға ыңғайлы түрде визуализациялау: графиктер, кестелер және т. б. мүмкіндіктер қарастырылған. 

Қабылданған шаралар елді ішкі және шетелдік нарықтарда ілгерілету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарастыруға, ситуациялық маркетингті сапалы іске асыруға және елдің туристік саласын одан әрі цифрландыру үшін негіз қалауға мүмкіндік берді.

Осылайша, Үкімет туризм саласында жүйелі жұмыс жүргізді:

  • сұранысқа ие туристік өнімдер жасалуда;
  • саланы дамытуды қолдаудың мемлекеттік шаралары қабылдануда;
  • қолайлы инвестициялық ахуал қамтамасыз етілді;
  • жұмыс орындары құрылуда;
  • жоғары білікті кадрларды даярлау жүзеге асырылуда.

Туризм саласын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.

 

2020 жылы жүзеге асырылған мерейтойлық іс-шаралар

2020 жылы Ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, әл Фарабидің 1 150 жылдығы және Алтын Орданың («Ұлық ұлыс») 750 жылдығы өткізілді. ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып жарияланды.

Ұлы ақынның есімімен байланысты инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар, Абайдың Жидебайдағы қыстағында, «Ұлжан-Зере» кесенесінде, Семей қаласындағы Ахмет Риза мешіті мен медресесінде, Бөрілі ауылындағы Мұхтар Әуезовтің музей-үйінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары, сондай-ақ Ақшоқыдағы Құнанбай Өскенбайұлының музейінің құрылысы аяқталды.

Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің бас ғимаратының аумағында Мемлекет басшысының қатысуымен «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші ашылды.

Осылайша, Абайдың «Жидебай Бөрілі» музей-қорығының объектілерінде жүргізілген зерттеу, ғылыми-реставрациялау, жөндеу жұмыстары және музейлендіру шеңберінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қазіргі заманға сай пайдалануға, сондай-ақ оларды сақтауға және өскелең ұрпақ арасында танымал етуге жағдайлар жасалды.

Ұлы ақынның шығармашылығын шетелде насихаттау мақсатында Қазақстанның Сингапур, Болгария, Египет, Пәкістан, Венгрия, Иран және Эфиопиядағы елшіліктері жанында Абайдың 7 орталығы ашылды. АҚШ-тағы Дж. Вашингтон  университетінде Абайдың виртуалды орталығы және Сан-Франциско Орталық кітапханасында қазақ әдебиеті бөлімі, Чехия Ұлттық кітапханасы жанында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығы, Бельгияда Қазақ мәдениет орталығы, БАӘ-де «Абай» мәдени-ағарту залы, Литвада Абай оқу залы, Өзбекстанның Нөкіс қаласында Абайға ескерткіш орнатылды.

Абайдың еңбектері әлемнің 8 тіліне - ағылшын, француз, итальян, неміс, испан, қытай, жапон, араб тілдеріне аударылып, басылып шықты.

Абай тұлғасын терең зерттеу және іргелі зерттеулер жүргізу үшін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды, мәдениет және білім беру ұйымдарының жанынан 40 орталық және Абай бұрыштары ашылды.

Ұлы ойшылдың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Абайға 60 ескерткіш пен бюст орнатылып, 31 елді мекен (ауыл, ауылдық округ), 1 300-ге жуық көшелер мен даңғылдар, 100-ден астам білім беру мекемелері ақынның атымен аталды.

Covid-19-ға байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Абайдың әдеби мұрасына арналған бірқатар іс-шаралар онлайн форматта өткізілді. Абай өлеңдерін 8 шет тілінде оқу бойынша «Абай және әлемдік руханият» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы, «Abaiworldchallenge» халықаралық бейнемарафоны өтті, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мұражай-қорығында 3D форматында бейне-экскурсиялар ұйымдастырылды, «Абай жолы» телесериалы, «Көзімнің қарасы», «Құнанбай», «Зере», «Абай-Тоғжан» телеспектаклдері, «Абайға-тағзым» виртуалды концерті және т.б. ұйымдастырылды.

Әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында Отырар қалашығында орналасқан 10 объектің, атап айтқанда, ежелгі қалашықтың Солтүстік және Оңтүстік қақпаларына, ежелгі тұрғын орамдарына, мешіттерге, шығыс моншасына, қыш шеберханасына, магистральдық көшелерге, қалашықтың бекініс қабырғаларына реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Ежелгі қалашық объектілерін ішінара қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар 2021-2022 жылдары алдын ала әзірленген ғылыми-жобалау құжаттамасына сәйкес жалғасатын болады.

Сонымен қатар, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының жаңа визит-орталығында «Әл-Фараби» экспозициялық залы ашылды. Залда Әл-Фарабидің еңбектері, сол кезде қолданған бұйымдары мен музыкалық аспаптарының көшірмелері ұсынылған. Сонымен қатар,

Әл-Фарабидің үш тілдегі 7 томдық еңбегі жарық көрді, «Отырар кеше», бүгін, ертең: туристік және зерттеу болашағы республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы аясында Алаш және Жошы хан кесенелерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары, сондай-ақ келушілер мен туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсетуге және мәдени-ағарту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруға бағытталған Қарағанды облысындағы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің визит-орталығының құрылысы аяқталды.

Жыл соңына дейін қасиетті Ұлытау өңіріне келетін отандық және шетелдік туристерді тартатын орынға айналатын «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін аяқтау жоспарлануда.

Бұдан басқа, «Хабар» телеарнасында «Алтын Орда» деректі фильмі дайындалып, көрсетілді және «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасымен бірлесіп Алтын Орда тарихы бойынша 12 деректі фильм дайындалды.

 

2021 жылға жоспарланған мерейтойлық іс-шаралар

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова биыл Тәуелсіздіктің 30-жылдығы аясында аты аңызға айналған қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойының салтанатты ашылу рәсімі өткенін айтты. 78 маңызды іс-шаралардан тұратын Жалпыреспубликалық іс-шаралар жоспары бекітілген. Олардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласында Қажымұқан Мұңайтпасұлының монументін орнату, «Қажымұқан» толық метражды көркем фильмінің тұсаукесері, халықаралық және республикалық турнирлер өткізу, сондай-ақ, Токио қаласында өтетін жазғы Олимпиада және Паралимпиада, Түркиядағы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақтың ұлы балуанына арналған халықаралық көрмелерді ұйымдастыру т.б. шаралар бар.

7 сәуірде палуанның туған күніне орай еліміздің өңірлерінде спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Ақмола облысының Қажымұқан ауылында спорт кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Күш жаттығулары бойынша әлемнің төрт дүркін рекордшысы – Мәдениет және спорт министрлігінің амбассадоры Сергей Цырульников калибрленген тағаларды кеңейту бойынша Гиннестің әлемдік рекордын жаңартты. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жас батыр» спорт кешенін «Қажымұқан» деп қайта атау бойынша жұмыстар жүргізілуде, Павлодар облысында #Ұлы дала батырымен бір толқынында челленджі, Солтүстік Қазақстан облысында «Атақты қазақ балуаны» кітап-иллюстрациялық көрмесі өтті.

«Жамбыл Жабаевтың 175-жылдық мерейтойына бастау берілді. Мемлекеттік комиссия отырысында Жалпы республикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Мерейтойлық жыл ішінде республика бойынша 80-нен астам әлеуметтік, ғылыми және танымдық іс-шаралар өтетін болады. Олардың ішінде ақын өмірінен фильмдер түсіру, оның өлеңдерінің жаңа жинақтарын шығару, кітап көрмелерін ұйымдастыру, мерейтойлық монета мен пошта маркасын әзірлеу және т. б. көзделген», — деді мәдениет министрі. 

Сонымен қатар, Қазақстанның Халық Қаһарманы Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығын, КСРО-ның Халық әртісі Әлібек Дінішевтің 70 жылдығын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығын ұйымдастыру мен өткізу жоспарлануда.

Мерейтойлық іс-шаралардың тұжырымдамалық күн тәртібі идеологиялық және ағартушылық мазмұнға толы және сапалы іс-шараларды өткізуге негізделген.

 

Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштері мен мәдени мұрасын сақтау 

Мәдениет және спорт министрлігі пандемия жағдайына қарамастан, ұлттық мәдениетімізді дамытуда тыңғылықты жұмыс жүргізуде. Еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштері мен мәдени мұрасын сақтау және танымал етуде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани Жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары ұлттық манифест ретінде жаңа кезеңге сай болмысымызды, даму бағыт-бағдарымызды айқындап берді.

А. Райымқұлованың айтуынша, бүгінгі күні «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында еліміздің киелі жерлерінің бірыңғай белдеуін құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тарихи орындарды толық жүйелеу бойынша жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 831 объектіден (ұлттық маңызы бар – 256, жергілікті – 575) тұратын qazmaps.kz платформасында визуализацияланған еліміздің киелі жерлерінің бірыңғай белдеуі құрылды. Сондай-ақ киелі нысандар туралы толық ақпаратты, аңыздарды қамтитын «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының төрт томы жарық көрді.

«Жергілікті атқарушы органдармен «Рухани Жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында жергілікті маңызы бар тарихи-мұра объектілерін насихаттау бойынша кітаптар, энцеклопедиялар басып шығарылуда, видеороликтер, телебағдарламалар сериясы, қысқа метражды және деректі фильмдер жарық көрді. Сонымен қатар жаңа турмаршруттар әзірленді және өзге де өкірлік ерекшеліктері бар имидждік өнімдер таратылуда. Жалпы атқарылған жұмыстардың барлығы республикалық және өңірлік каналдарда, әлеуметтік желілерде кеңінен таралуда», — деді А. Райымқұлова.

Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммиті аясында Түркістан қаласын Түркі әлемінің астанасы ретінде ресми түрде мойындады. Соның аясында 2020 жылы Түркістан қалашығын реставрациялау, консервациялау және қалпына келтіру жұмыстарымен 88,7 га аумақтағы 17 нысан қамтылды, оның ішінде 8 тарихи-мәдени нысанда жұмыстар аяқталды (казарма ғимараты, бекініс қабырғасы, шілдехана, Есім хан кесенесі, сегіз қырлы кесене, Жұма мешіті, Хан мешіті, Шығыс моншасы) және 9 нысанда (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, үлкен Хильвет және жерасты мешіті, Дарбазақақпа, Мұсалықақпа, Тақияқақпа, Жетіатақақпа, Әбілмәмбет хан ордасы, магистралды көше) жұмыстар жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыс объектілерді дамытудың бекітілген тұжырымдамалық жоспарына сәйкес жалғасатын болады.

Түркістанның тарихи орталығын қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда. Тарихи мәліметтер негізінде, сондай-ақ еліміздің танымал ғалымдарын тарта отырып, басты объектісі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болып табылатын Әзірет Сұлтан музей-қорығының әрбір нысанын дамытудың тұжырымдамалық жоспары әзірленді.

Қолданыстағы материалдарды барынша сақтай отырып Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бас күмбезі жаңартылды, Қазақ хандарының ресми қабылдаулары өткізілген – Үлкен Ақ-Сарай залы сол заманның ұлттық нақышында реновацияланды.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басты Жеті ата қақпасының арасынан өтетін Магистралды көшесі қайта құрылып, кейіннен қолөнер дүкендері мен шеберханаларын қалпына келтіру арқылы тарихи көшенің қызметін жандандыру жоспарлануда.

Ғылыми-қалпына келтіру жұмыстарымен қатар кесене аумағын абаттандыру бойынша жоба іске асырылуда, оның шеңберінде көлеңкелі дәліздерді, орындықтарды орналастыру, сондай-ақ кесененің бүкіл аумағын ландшафтық сәулетпен, субұрқақтармен, ашық айвандармен жақсарту арқылы келушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Сондай-ақ Яссы бағын құру көзделеді және осылайша тарихи ландшафтты жандандыру жоспарлануда.

Түркістанның ең алғашқы қалалық қоныстарының бірі – Күлтөбе қалашығы қалпына келтірілуде. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылы ашық аспан астындағы «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркі ұсынылып, туристерге өңірдің орталығы болған ежелгі қалашықтың өмірін көзбен көруге және қасиетті әлемнің аурасына сезінуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Сонымен қатар, Хильвет жерасты мешітінің (XII ғасыр) кіреберіс бөлігі абаттандырылып, ортағасырлық дәуір стиліндегі ішкі ағаш тіректері орналастырылды. Жұма мешіті (XI-XII ғасыр) аумағының жабық бөлігі кеңейтілді, құдық қалпына келтірілді, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Хан мешітінде михраб, күмбездің ішкі және сыртқы жағы, сонда-ақ мешіттің кіреберіс бөлігі қалпына келтірілді. Шығыс моншасында (XV ғасыр) тарихи айваны шынайы табиғи ағаштан қайта құрылып, қызметі қамтамасыз етілді.

Бұдан басқа, реставрациялау жұмыстары Рабия Сұлтан бегім, Есім хан кесенелерінде, Әбілмәмбет хан сарайында және басқа да нысандарда барынша аутентивті және түпнұсқасына ұқсас етіле отырып жүргізілді.

«Еліміздің барлық республикалық жетекші музей-қорықтарының аумағында визит-орталықтардың құрылысы мен оларды музейлендіру жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылы «Ұлытау» музей-қорығы визит-орталығының құрылысы аяқталды. Биылғы жылы «Сауран», «Гаухар ана» және «Ордабасы» визит-орталықтарының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар 2022 жылы құрылысы жоспарланып отырған «Есік» және «Берел» визит-орталықтарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде», — деді мәдениет министрі .

Бұл ретте ол барлық объектілердің тарихи деректерге сәйкес қайта құрылып жатқанын және объектілерді жаңғырту мәселесінде гипотикалық көзқарасқа жол берілмейтінін ерекше атап өтті. Осы мақсатта Әзірет Сұлтан республикалық музей-қорығының жанынан ғалымдар мен білікті мамандарды тартумен Ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Оның шеңберінде ғылыми-реставрациялау жұмысы жөніндегі әрбір мәселе алдын-ала талқыланады және оларға жан-жақты ғылыми-әдіснамалық қолдау мен сүйемелдеу көрсетіледі.

Сонымен қатар реставрация, реконстукция және археологиялық зерттеулер бойынша барлық жүргізілетін жұмыстар халықаралық сарапшылардың және ЮНЕСКО мен ИКОМОС сияқты беделді ұйымдарының ұсынымдарына сәйкес жүргізіліп келеді.

Саланың инфрақұрылымын жақсарту бойынша  Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде 2020 жылы мәдениет саласында 288 жобаны іске асыру қамтамасыз етілді, оның нәтижесінде 6 мың жұмыс орны құрылды. 2020 жылғы ірі инфрақұрылымдық жобалардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры үшін жаңа ғимараттың құрылысын атап өтуге болады.

Алматы қаласындағы К. Қожамиярова атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрында күрделі жөндеу аяқталды. Түркістан облысының Отырар ауданында ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың музейі, сондай-ақ өңірде бірқатар жаңа нысандар ашылды, олардың қатарында Қазақ хандығына арналған мемориалды кешен, «Керуен-сарай» туристік кешені, «Ұлы Дала Елі» орталығы, Қожа Ахмет Ясауи музейі, қолөнершілер орталығы, «Farabi Library» ғылыми-әмбебап кітапханасы, музыка мектебі, амфитеатр, спорттық-сауықтыру кешені, «Түркістан-Арена» стадионы және т.б. бар. 

Мәдениет саласындағы жүйелі ынтымақтастық пен серіктестікті жаңарту және жандандыру мақсатынды негізгі бағыттар бойынша республикалық салалық мәдениет ұйымдарының жанынан ұйымдастыру орталықтары құрылды. Олар: концерттік-гастрольдік, театрлік-гастрольдік қызмет, музейлер мен тарихи-мәдени мұра объектілеріне келушілерді тарту жөнінде, сондай-ақ «Туған жерге тағзым» мемлекеттік кітапханалардың үйлестіру-әдістемелік 4 орталығы құрылды.

Кәсіби деңгейді көтеру және ерекше мәртебе беру мақсатында 2 театрға «Академиялық» мәртебесі (Қызылорда облыстық қазақ музыкалық-драма және Қарағанды облыстық драма театрына) және тарихта алғаш рет 5 мәдениет ұйымына «Ұлттық» мәртебесі берілді (Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы).

«Бүгінде цифрландыруды дамыту экономикалық дамудың маңызды элементіне айналуда. Министрлік мәдениет саласының цифрлық инфрақұрылымын дамытуда. "E-мәдениет" порталы бойынша жұмыс жүргізілуде, ол Қазақстанның барлық мәдениет нысандары туралы толық ақпарат алуға, виртуалды 3D-тур режимінде бірегей музейлер мен театрларды аралауға, картадан қызығушылық танытқан барлық нысандарды табуға, онлайн билеттерге тапсырыс беруге және т. б. мүмкіндік береді», — деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігінің басшысы.

Ведомстволық наградалардың бірыңғай критерийлерін әзірлеу, мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану мен насихаттау мәселелері жөніндегі нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, сондай-ақ геральдикалық сараптама жүргізу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі жанынан геральдикалық зерттеулер орталығы құрылды (ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысы).

2021 жылы «Nur Otan» партиясының «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды тұғырнамасын іске асыру шеңберінде өңірлерде 89 мәдениет нысанының құрылысы және 211 мәдениет нысанын жөндеу жоспарлануда. Сонымен қатар, Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында биыл мәдениет саласында еліміздің 8 өңірінде 33 жоба қарастырылған.

«Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады. 2025 жылы 1 500 мәдениет объектісін, оның ішінде ауылдық елді мекендерде жөндеу мен құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Бұл міндет «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары шеңберінде және жеке инвестициялар есебінен іске асырылатын болады», — деді министр. 

Мәдениет мекемелеріндегі, оның ішінде өңірлердегі музейлер қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы сұраққа жауап бере отырып, А. Райымқұлова соңғы 12 жылда мәдениет саласы қызметкерлерінің, әсіресе, облыстық мекемелердегі қызметкерлердің жалақысы көтерілмегенін растады.

«Біз осы ұйымдардың қызметкерлеріне үлкен ризашылықпен және құрметпен қараймыз. Бұл нағыз патриоттар және өз ісінің шеберлері», — деді А. Райымқұлова.

Министрдің айтуынша, 2020 жылдың қаңтарында ғана республикалық ұйымдар мен мұрағаттар қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға және жергілікті деңгейдегі мекемелер қызметкерлерінің жалақысы 35%-ға өсті. Ағымдағы жылы коронавирус пандемиясына байланысты қиындықтарға қарамастан, жалақыны арттыру туралы мәселе пысықталуда.

«Пандемияға байланысты бюджет қаражатын қайта бағдарлауға тура келді, бірақ күзге қарай республикалық бюджет комиссиясына берген өтінішіміз мақұлданады деп үміттенемін. Үкімет мәдениет ұйымдарында жұмыс істейтін барлық санаттағы қызметкерлердің жалақысын көтеру жөніндегі біздің бастамаларымызды қолдайды», — деп атап өтті А. Райымқұлова.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне келетін болсақ, министрдің айтуынша, Қазақстандық ипотекалық компаниямен меморандумдарға қол қойылды және 2020 жылдан бастап көптеген мәдениет қайраткерлеріне ипотеканың неғұрлым үнемді шарттары бар пәтерлер беріле бастады.

 

Қазақстан аумағындағы фильмдердің бірыңғай мониторингі ақпараттық жүйесі әзірленуде

«Қазіргі таңда Министрлік 2021 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес кинематография мәселелері бойынша заң жобасына тиісті түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Жұмыс тобы құрылды, оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өнер, кинематография қайраткерлері және т. б. кіреді. Қазіргі уақытта жұмыс тобының 10-нан астам отырысы өткізілді, оның барысында кинематографияның проблемалық мәселелері, кинокомиссиялар құру тетігі, фильмдерді қазақ тіліне дубляждау және басқа да өзекті мәселелер талқыланды», — деп толықтырды А.  Райымқұлова.

2021 жылдан бастап Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жаңғырту жұмыстары басталды, ол үш жыл бойы жалғасады. Жоба киностудияны техникалық қайта жарақтандыруды, инженерлік желілер мен ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізуді, сондай-ақ түсірілім алаңын салуды және т. б. көздейді. Көрсетілген шаралар киностудияны толық өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және жаңа буынның кинофабрикасы ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Коронавирустың таралу пандемиясына және шектеу шараларының енгізілуіне байланысты түсірілім процестері тоқтатылды. Осыған қарамастан, 2020 жылы киностудия демеушілік көмек есебінен (шамамен 100 млн теңге мөлшерінде) табиғи газға қосылу бойынша үлкен жұмыс жүргізді, бұл шамамен 50 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Киностудияның әкімшілік корпусында бейнебақылау жүйесі орнатылды және өткізу жүйесі енгізілді, әкімдікпен бірлесіп күштік кабельдерге жөндеу жүргізілді және т. б.

2020 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін «Қазақфильм» АҚ 65 халықаралық кинофестивальге қатысып, 32 сыйлыққа ие болған 27 фильм шығарды. Биыл 14 фильм 7 халықаралық кинофестивальге қатысты.

Қазақстандық кинематографтың жетістіктерін көрсететін жарқын мысал ретінде 2020 жылы  L'Étrange Festival француз кинофестивалінің Гран-приін алған режиссер А. Сатаевтың «Томирис» фильмін атауға болады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Томирис фильмінде трюк ойнаған Nomad Stunts каскадерлік тобы әлемдік каскадерлер академиясының (АҚШ) «Таурус» сыйлығын алды. ТМД-дағы Канн фестивалі сыйлығының жалғыз иегері қазақстандық актриса Самал Еслямова «НИКА» Ресей ұлттық киножүлдесінде «Үздік әйел рөлі» үшін марапатқа ие болды.

Қазақстан Республикасының аумағында фильмдерді жүйелендіру мен есепке алуды қамтамасыз ету, фильмдерді прокаттау және көрсету бойынша дұрыс деректерді ұсыну үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп «Қазақстан Республикасының аумағындағы фильмдердің бірыңғай мониторингі» ақпараттық жүйесін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. 

     

Еліміздегі кітапханаларды цифрландыру және кітапхана қорын ұлғайту

Еліміздің барлық кітапханаларында кітап басылымдарын цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасының (ҚазҰЭК) қоры 60 мыңнан астам құжаттардың электрондық көшірмелерін құрайды, олар интернет арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен оқырмандарға қазақ әдебиетімен танысуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні ҚазҰЭК порталында көрсетілім саны шамамен 1,1 млн.құрады (2020 жылы – 335,7 мың көрсетілім).

Пандемияға байланысты мәдениет ұйымдарына бару бойынша белгіленген шектеу шаралары кезінде ҚазҰЭК халық арасында ерекше танымал болды. Карантин күндері ҚазҰЭК пайдаланушылар саны 72%-ға артты (728 905 пайдаланушы, 2019 жылы – 196 988), көрсетілім саны 90%-ға өсті (2 683 610 көрсетілім, 2019 жылы – 247 042).

Ұлттық кітап палатасының мәртебесі және қазақстандық жазушыларға авторлық қаламақылар төлеу мәселесі заңнамалық түрде бекітілген. 2020 жылы алғаш рет 61 туындының авторларына 273 млн теңге сомасында қаламақы төленді, жалпы таралымы 891 500 дана қоғамдық маңызы бар әдебиеттің 313 атауы шығарылды, олар еліміздің барлық кітапханаларына тегін негізде таратылды.

Мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету және олардың әлеуетін іске асыру мақсатында ағымдағы жылы зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қоры 2%-ға ұлғайтылатын болады. 2025 жылы зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған әдебиет тапшылығын азайту үшін елде Брайль жүйесі бойынша бедерлі-нүктелі қаріптің тұңғыш типографиясын ашу арқылы кітапхана қоры 10%-ға ұлғайтылатын болады.

Балалар әдебиетін дамытуға және өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дарыту мақсатында Министрлік республика бойынша 2021 жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялады. Бұл бағытта министрліктің бюджеттік бағдарламалары шеңберінде оқу сауаттылығын арттыру, қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару, балалар әдебиетінің авторларын жаңа шығармаларға ынталандыру, конкурстар ұйымдастыру және т.б. шаралар кешені іске асырылуда. Бұл жұмыс биылғы жылмен шектелмей, алдағы 4-5 жыл арасында жүйелі шараларды жүзеге асырумен жалғасатын болады.

21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Кәсіби мерекесі қарсаңында ағымдағы жылдың 12 мамырында кітапханалар, мұражайлар, мәдени-демалыс саласы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін одан әрі қолдау, өңірлік мәдениет ұйымдарының имиджін арттыру мақсатында «Рухани қазына-2021» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің IV фестивалі бастау алды. 

«Бүгінгі күні елдің 15 өңірінен 300-ден астам өтінім келіп түсті. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың 21 мамырында облыстық, аудандық, ауылдық маңызы бар үздік мемлекеттік мұражай, кітапхана, мәдени-демалыс ұйымы номинациялары бойынша жеңімпаздар, сондай-ақ мәдениет ұйымдарының үздік қызметкерлері ақшалай сыйлықтармен марапатталады», — деді А. Райымқұлова.

 

Қазақстанда креативті экономиканы дамыту тұжырымдамасын іске асыру

Министрлік қызметінің маңызды бағыттарының бірі ономастикалық атауларды жүйелеу және ретке келтіру болып табылады.

Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды аймақтың тарихи атауларды ауыстыру мақсатында 2020 жылы ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 7 отырысы, ағымдағы жылы – 4 отырыс өтті. Мәселен, Семей халықаралық әуежайына Абай есімі, Атырау халықаралық әуежайына – Хиуаз Доспанованың есімі, Ақтөбе халықаралық әуежайына – Әлия Молдағұлованың есімі, Жақсылық Үшкемпіровтің есімі Нұр-Сұлтан қаласындағы жекпе-жек сарайына және Тараз-аренаға берілді.

Еліміздің белгілі тарихи тұлғаларының есімдерін беру тәжірибесі өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, жалпыға ортақ тарихи сананы қалыптастыру мәселелерінде оң әсерін тигізеді.

«Бүгінгі күннің сын-қатерлеріне бейімделу кезеңінде ұлттың біртұтастығы жаңа ұлттық бірегейлікті құрудағы табыстың негізгі кепілі болып табылады. Ұлттың ішкі, сондай-ақ сыртқы экономикалық және әлеуметтік күйзелістеріне «идеологиялық иммунитетін» қалыптастыруда мәдениет миссиясы да ерекше мәнге ие болуға тиіс. Осыған байланысты, үздік халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, биыл «Ел рухы» ұлттық жобасы әзірленіп, бекітіледі», — деді мәдениет және спорт министрі.  

Оның айтуынша, Қазақстанда сапалы креативті өнім жасап жатқан азаматтар саны артып келеді. Қазақстандықтар музыка, кинорежиссура және ойын-сауық медиалық контентін жасау сияқты салаларда ерекше табыстарын көрсетуде.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 2021 жылды Халықаралық тұрақты даму үшін креативті экономика жылы деп жариялады. Жалпы алғанда, креативті индустриялар ел экономикасын дамыту үшін ғана емес, сондай-ақ қазақстандық мәдениетті халықаралық ілгерілетуде, сондай-ақ жастардың өзін-өзі танытуы үшін де жоғары әлеуетке ие. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда креативті экономиканы дамыту тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Креативті индустрияның негізгі бағыттары мәдениет және өнер саласын қамтитынын ескере отырып, Министрлік тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеуде белсенді ат салысуда.

 

«Е-архив» ақпараттық жүйесін және «Архив-2025» жобасын іске асыру

Келесі бағыт - архив ісі саласы бойынша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Е-архив» ақпараттық жүйесі әзірленіп, тәжірибелік пайдалануға енгізілді. Бүгінгі таңда жүйеге 223 мемлекеттік архив, 421 аумақтық мемлекеттік орган, 60 орталық және 870 жергілікті атқарушы орган қосылған.

«Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде Ұлттық архив қорын шетелдік архивтер мен ғылыми орталықтардан Қазақстан тарихы бойынша жаңа деректі көздермен толықтыру, цифрлық өркениет жағдайында ақпараттық-зияткерлік ресурстардың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайту жұмысы жалғасатын болады», — деді А. Райымқұлова.

Министр биылғы жылы 4 республикалық архив үшін архивтік құжаттарды қалпынаб келтіру және микрофильмдеу зертханаларын сатып алу көзделіп отырғанын айтты.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын сүйемелдеу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Орталық мемлекеттік архивте мекемелер мен ұйымдардың архивте сақталған құжаттарының заңды иелерінің (Прокуратура, Әділет министрлігі сияқты) қатысуымен  саяси қуғын-сүргіндерге байланысты құжаттарды құпиясыздандыру жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Жергілікті атқарушы органдармен өзара ықпалдастықта олардың қарауындағы мемлекеттік архивтердегі жабық қорлар бойынша ақпарат жинақталды.

Мемлекеттік басқаруды одан әрі жетілдіру мақсатында мәдениет және архив істері және құжаттаманы басқару комитеттерін құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Жалпы, 2020 жыл Министрлік жетекшілік ететін барлық сала үшін шын мәнінде мазмұнды және нәтижелі болды. Алдағы уақытта Министрлік алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды», — деп түйіндеді мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова.



 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу