Е. Тоғжанов саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай М. Нәрікбаев атындағы KAZGUU-де дәріс оқыды

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі М. Нәрікбаев атындағы KAZGUU университетінің оқытушылары мен білім алушыларына дәріс оқыды.

Ол өз сөзінде ел басына күн туған зұлмат жылдары елдің тұтастығын сақтап, бірлігін нығайтуға күш салған көрнекті мемлекет қайраткерінің ерлік істерін, қазақ тарихындағы трагедиялы кезеңдерді баяндап, тарихтан тағлым алып, өткенге тағзым етуге үндеді.

Сондай-ақ кездесу барысында Е. Тоғжанов Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығы негізінде құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия атқарған шараларға тоқталды. 

Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтары мұрағат материалдарын жинау бойынша 30 ғылыми-іздестіру іссапарларын жасады, 31 мыңға жуық мұрағаттық құжаттардың көшірмелері жиналды. 

Арнайы мұрағаттарда 2523 мұрағаттық іс, оның ішінде Ішкі істер министрлігінің 2190, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 333 және КСРО НКВД-нің 1937-1938 жылдардағы 7 нормативтік құқықтық актілері құпиясыздандырылды. 

Қазіргі уақытта Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, сондай-ақ Мемлекеттік орталық мұрағат, Ұлттық мұрағат, Президент мұрағаты қорларының 268 715 астам мұрағаттық істері мен мұрағаттық қорларының материалдары зерделенді.

Республика бойынша 82 жаппай жерлеу орны анықталды, Жамбыл облысында 3 жаппай жерлеу картасы жасалды. 

«Бұл жұмыс, бұл бағыт – бақытты болашақ үшін, біздің бірлігімізді сақтау және нығайту үшін қажет», — деді вице-премьер.

Кездесу соңында Е. Тоғжанов 5 маусым күні өтетін жаңа Қазақстанды құрудағы референдумның маңызы мен конституциялық реформаның бағыттарына тоқталды. Референдум арқылы мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа жүйесіне көшу жүзеге асырылатындығын атап өтіп, маңызды күні науқанға белсенді қатысуға шақырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу