ЕАДБ 2022 жылы қазақстандық жобаларға инвестициялар көлемін ұлғайтты

ҚР Премьер-Министрі, Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Кеңесінің төрағасы Әлихан Смайылов қаржы ұйымының басқарма төрағасы Николай Подгузовпен кездесті.

2022 жылғы ЕАДБ жұмысының алдын ала қорытындылары және келесі жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Мәселен, биыл Банк республикадағы жобаларға салынған инвестицияларды $1,2 млрд-қа дейін ұлғайтты, бұл өткен жылдың жоспардағы индикаторлары мен көрсеткіштерінен асып түсті. 2023 жылы ел экономикасының басым салаларына тағы $1,1 млрд бағыттау жоспарланып отыр.

Әлихан Смайылов кооперациялық жобалар санын арттырудың маңызды екенін атап өтті.

«Осы қарқынды сақтап, жобалар пулын кеңейту қажет», — деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде Николай Подгузов 2026 жылға дейін Қазақстанда жобаларды іске асыруға кемінде $3,8 млрд көзделгенін хабарлады.

«Келер жылы қаржыландыру кезінде логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, су ресурстарымен, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге, экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған жобаларға басымдық беріледі», — деді ЕАДБ басшысы.

Анықтама: Еуразиялық даму банкі – Еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметті жүзеге асыратын халықаралық қаржы ұйымы. ЕАДБ экономикалық байланыстарды кеңейтуге және ұйымға мүше елдер – Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстанның жан-жақты дамуына жәрдемдеседі. Банк портфеліндегі негізгі үлес көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, «жасыл» энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы ірі интеграциялық жобаларға тиесілі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу