Егіс науқанын уақытылы жүргізу үшін барлық қажетті мемлекеттік қолдау шаралары қабылданды — ҚР АШМ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында егіс науқанын өткізу мәселелері қаралды, оның барысы туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.

Егіс жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді (АШТӨ) тұқыммен, агрохимиямен, техникамен, қаржыландырумен қамтамасыз етуге байланысты барлық мәселелерді үйлестіру мақсатында Республикалық жедел штаб құрылды. Оның құрамына барлық мүдделі органдар мен ұйымдар, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары кірді. Егін егу науқанының барлық мәселелері осы штаб аясында шешілді.

Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша биылғы 7 маусымдағы жағдай бойынша егіс жұмыстары Ақтөбе (97,7%) және Батыс Қазақстан (86,2%) облыстарынан басқа барлық облыстарда аяқталды. Аталған облыстарда егіс жұмыстары егіс кезеңіндегі жауын-шашынға байланысты созылды, жұмыстар осы аптаның соңында аяқталады деп жоспарланған.

Мысалы, жаздық дақылдар 19,8 млн га немесе белгіленген жоспардың 100,2%, картоп 189,6 мың га, көкөніс-бақша дақылдары 269,2 мың га, көпжылдық шөптер 429,6 мың га егілді.

«Майлы дақылдар 3,1 млн га, қант қызылшасы – 12,3 мың га, мақта – 121,1 мың га егіліп себу жұмыстары аяқталды. Жалпы, егіс алқабы 23,1 млн гектарды құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 105 мың гектарға артық», — деді ауыл шаруашылығы министрі. 

Өндірісті әртараптандыруға және монодақылдан алшақтауға сәйкес, дәнді дақылдар алқаптары 285,5 мың гектарға қысқарды. Басым дақылдардың өскені байқалады, мысалы, майлы дақылдар 24,9 мың гектарға, картоп 2,4 мың гектарға, көкөніс 1,7 мың гектарға және жем-шөп дақылдары 448,1 мың гектарға ұлғайды.

Егіс науқанын уақытылы жүргізу үшін барлық қажетті мемлекеттік қолдау шаралары (арзандатылған ЖЖМ, жеңілдетілген несие және т. б.) қабылданды.

«Биыл егіс жұмыстарын жүргізуге (ақпан-маусым кезеңіне) 400,2 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. Жеткізу, сақтау және өткізу бойынша облыс операторларының шығыстарын ескере отырып, АШТӨ үшін орташа баға 200 теңге/литрді құрайды, бұл орташа алғанда 15%-ға арзан. Биылғы 7 маусымдағы жағдай бойынша жоспардағы 400,2 мың тонна болған жағдайда 378,5 мың тонна дизель отынына немесе жоспардың 95%-ына төленіп, 359 мың тонна тиелді. Жалпы, отын бекітілген кестеге сәйкес жеткізіледі», — деді Е. Қарашөкеев. 

Есептік деректерге сәйкес, тұқым себу жоспардан 100% жүзеге асырылды, тұқым тапшылығы, оның ішінде ресейлік селекциясы бойынша байқалмады. Заңнамада қарастырылған тұқым сараптамасы жүргізілді, қорытындысы бойынша оның 99%-ы кондициялы деп танылды, 92%-ы себу стандартының 1 және 2-санатына сәйкес келеді. 

Жалпы, тұқым шаруашылығын қолдауға осы жылы жергілікті бюджеттерде 11,8 млрд теңге қарастырылған. Тыңайтқыштарға келер болсақ, облыс әкімдіктерінің деректері бойынша биыл шамамен 670,2 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық. 

Биылғы 7 маусымдағы жағдай бойынша шаруаларға 396,1 мың тонна минералды тыңайтқыштар тиелді, барлығы 478,3 мың тонна минералды тыңайтқыштарды тиеуге шарттар жасалды. 

Бұл ретте, минералды тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауға 38,4 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен қосымша 11,6 млрд теңге бөлінгенін атап өткен жөн. Яғни, сатып алынған тыңайтқыштар құнының 50%-ын мемлекет өтейді. 

Сонымен қатар отандық тыңайтқыштардың құнын төмендету бойынша Үкімет жұмыс жүргізді. Көктемгі дала жұмыстарын табысты жүргізудің негізгі мәселесі — фермерлерді қаржымен қамтамасыз ету. 

«Биыл "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қарастырылған қаржы көлемінің сомасы 140 млрд теңгені құрайды. Бұл жерде қосымша 70 млрд теңге көлемінде қаржыландыру түріндегі Үкімет қолдауын атап өту қажет», — деді Е. Қарашөкеев.

Бүгінгі күні «Кең дала» бағдарламасы аясында 84,1 млрд теңге сомасына 3 мыңнан астам АШТӨ қаржыландырылды. Осы бағдарлама бойынша, оның ішінде өсімдікті қорғау іс шараларын жүргізуге, сондай-ақ егін жинау жұмыстарына несиелендіру жалғасатын болады.

Бүгінгі жағдай бойынша «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ форвардтық сатып алуы шеңберінде 371 АШТӨ-ден 93,7 млрд теңгеден астам сомаға 552 өтінім келіп түсті. 80 млрд теңге сомасына 303 АШТӨ-нің 441 өтінімі қаржыландырылды.

Бұдан басқа, 2021 жылғы құрғақшылық қайталанған жағдайда мал басы мен құстың сақталуын қамтамасыз ететін 200 мың тонна көлемінде астық қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге бөлу мақұлданды. 

Сондай-ақ жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, зығыр, рапс, соя, қарақұмық және жүгері сияқты он атауға дейін сатып алынатын дақылдардың тізбесі кеңейтілді.

Осылайша, форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ жалпы қаржыландыру сомасы 100 млрд теңгені құрайды.

Үкімет көктемгі егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдады.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша жалпы болашақ өнім үшін қолайлы ауа райы байқалады. Барлық астық егетін аймақтарда жауын-шашын күтіледі. Сонымен қатар оңтүстік өңірлерде ылғалмен қамтамасыз ету тапшылығы байқалады. Осыған байланысты оңтүстік өңірлердің әкімдері сумен қамтамасыз ету шараларын уақытылы қабылдауы қажет. 

Өнімділікті сақтау мен арттырудың келесі қадамы – өсімдіктерді қорғау шаралары. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу жөніндегі республикалық жедел штаб аясында туындаған мәселелер шешімін тауып жатыр және егіс науқанын өткізу Министрліктің тұрақты бақылауына алынған.

Өз кезегінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бүгінгі күні өңірде 4,3 млн гектар жерде егіс жұмысы аяқталғанын атап өтті.

«Әртараптандыру аясында күнбағыс егісінің алқабы 1,7 есе, жасымық алқабы 1,5 есе ұлғайтылды. Әлеуметтік маңызы бар қарақұмық алқабы 10 мыңнан астам гектарды құрады», — деді ол.

Көктемгі дала жұмысын жүргізуге 71 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. 170 мың тонна минералды тыңайтқыш себу жоспарлануда. Бүгінде 1,5 млн гектарға шамамен 100 мың тонна себілді. Қалған 70 мың тоннасы вегетациялық және күзгі орақтан кейінгі кезеңде енгізіледі.

Өңір басшысының айтуынша, мамыр айында жауын-шашынның орташа мөлшері 24,9 мм құрады. Себу материалының сапасын ұлғайту үшін жыл сайын егілетін элиталық тұқым көлемі артып келеді. Биыл сорт жаңарту көрсеткіші 9,2% құрайды. Бұл ғылыми-негізделген нормаларға сәйкес келеді.

«Егістікті химиялық өңдеу жұмыстары басталды. 3,4 млн гектарда гербицидтік өңдеу жұмыстары жүргізілмек, 1,3 млн гектарға ауруға және зиянкеске қарсы өңдеу жүргізіледі. Жыл сайын қаржы институттары көктемгі дала және астық жинау жұмыстарына қаржы бөледі», — деді әкім.

Осы жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 20,8 млрд теңге қаржыландырды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 8 млрд теңгеге 231 өтінім қаржыландырылды. Форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 29,5 млрд теңгеге 106 өтінім берілді.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірде көктемгі-дала жұмыстары оңтайлы агротехникалық мерзімдерде, жоспарланған барлық көлемде аяқталғанын атап өтті. Топырақта өнімді ылғалды барынша жинақтау және сақтау үшін барлық қажетті тиісті іс-шаралар жүргізілді.

«Биыл көктемгі егін егу көлемі 57 мың гектарға ұлғайып, 5,1 млн гектарды құрады, бұл ретте, дәнді және бұршақ дәнді дақылдар көлемі 4,6 млн гектарға дейін, 27 мың гектарға кеңейді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайту мақсатында майлы дақылдардың көлемі 283 мың гектарға, картоп пен көкөніс көлемдері 20,1 мың гектарға дейін ұлғайтылды», — деді Е. Маржықпаев.

Сонымен қатар мал басын жем-шөппен толық қамтамасыз ету үшін мал азығы дақылдарының көлемі 9,1 мың гектарға ұлғайып, 185 мың гектарды құрады. 530 мың тонна тұқым егілді, 65 мың минералды тыңайтқыш енгізілді, 72 мың тонна ЖЖМ бөлінді.

Биыл егін егу науқанында 16 мыңнан астам тұқым себетін техника мен 1400 жоғары өнімді егін егу кешені жұмыс істеуде.

Инвестициялық субсидиялау және техника лизингі бойынша ынталандыру ставкасын субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдау шараларын ұтымды жүзеге асыру ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңартуда айтарлықтай рөл атқарды.

Биыл 20,6 млрд теңгеге 727 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

«Осы жылы шамамен 87 млрд теңге, сонымен қатар қайтарымсыз мемлекеттік көмек ретінде (субсидия) 48,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Көктемгі-дала жұмыстарын кредиттеу үшін 38,5 млрд теңге сомасына 380 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Бұл шара тиісті агротехникалық деңгейде көктемгі-дала жұмыстарының барлық кешенін жүргізуге мүмкіндік берді», — деп түйіндеді Ақмола облысының әкімі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу