«EGov mobile» қосымшасында «eDensaulyq» медициналық деректер бөлімі кеңейтілмек

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселелері талқыланды.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Осыған байланысты елімізде цифрландыруды тереңдету және денсаулық сақтау саласындағы ақпарат жүйелерін біріктіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл орайда жеке медициналық деректердің таралу қаупін жою өте маңызды саналады.

Бүгінгі таңда пилоттық режимде «eGov mobile» мобильді қосымшасында «eDensaulyq» жаңа бөлімі іске қосылып жатыр, онда халықтың кеңейтілген медициналық деректері, оның ішінде донорлық мәртебесі (тірі кезіндегі), электрондық рецептілер, медициналық қарсы көрсетілімдер туралы мәліметтер, жүктілік бойынша есепке тұру, диспансерлік есепке тұру, ауруханаға жатқызу деректері, вакциналау туралы ақпарат, зертханалық зерттеулер нәтижелері туралы мәліметтер, көрсетілген клиникалық-диагностикалық қызметтер (дәрігердің қабылдауы және т.б.), аурухана парақтары кіреді.

Айта кету керек, қосымшаның бір бөлімінде аталған деректердің жиналуы медициналық көмек көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етеді. Ел тұрғындары кез келген уақытта өздерінің медициналық деректеріне қатысты қажетті ақпаратты ала алады.

«Медициналық көмекті одан да қолжетімді ету, үйден шықпай алуға болатын қызметтер тізімін ұлғайтып, олардың сапасын арттыру үшін денсаулық сақтау саласын цифрландыру процестерін жандандыру және тереңдету қажет», — деді А. Көлгінов.

Кеңес қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға құпия медициналық деректерді қорғау керектігін ескере отырып, ақпарат жүйелерін біріктіру және цифрлық медицинаны одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты күшейту тапсырылды.

#Алтай Көлгінов #Денсаулық сақтау #Цифрландыру

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу