Қазақстан СОР26 аясындағы міндеттемелерін уақытылы орындайды — А. Мамин 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту және СОР26 климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық саммиттің қорытындысы бойынша Қазақстанның міндеттемелерін орындау аясында ҚР-ның төмен көміртекті экономикаға көшуі мәселелері қаралды.

«Жасыл экономиканы» дамыту және жаңартылатын энергия көздеріне шетелдік инвестицияларды тарту перспективалары туралы ҚР Америкалық сауда палатасының атқарушы директоры Дорис Брэдбюри, Халықаралық экономикалық агенттіктің атқарушы директоры Фатих Бироль, Халықаралық валюта қоры Еуразия бөлімінің басшысы Николас Бланше, ЭЫДҰ салық саясаты орталығының директоры Паскаль Сент-Аман, ЕҚДБ-ның Қазақстан бойынша директоры Хусейн Озхан, Италияның ҚР-дағы елшісі Марко Альберти, Нидерландының ҚР-дағы елшісі Андре Карстенс, сондай-ақ EY, Eni және т.б. компаниялардың өкілдері баяндама жасады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.

Экономиканы декарбонизациялау процесінің ұйымдастырушылық, заңнамалық және қаржылық аспектілері, шығарындыларды азайту бойынша ұлттық деңгейде айқындалған Қазақстанның жаңартылған үлесін іс жүзінде жүзеге асыру, энергетикалық теңгерімді оңтайландыру және жаңартылатын энергия көздерін және жалпы «жасыл» экономиканы дамытуға салынатын инвестициялар көлемін одан әрі ұлғайту мәселелері талқыланды.

Үкімет басшысы Шотландияның Глазго қаласында өткен БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының (СОР26) әлемдік көшбасшыларының саммитінде Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін 3%-дан 15%-ға дейін бес есе ұлғайту, 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуетін арттыру, сондай-ақ 2060 жылға қарай ҚР-ның көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатын жариялағанын атап өтті.

Премьер-Министр Қазақстан баламалы энергетиканы дамыту саласына шетелдік капитал мен озық технологияларды тарту үшін инвестициялық ортаны жақсарту жөнінде бірқатар шара қабылдағанын атап өтті. 

Соның нәтижесінде, 2020 жылы жаңартылатын энергетика саласында жалпы қуаты шамамен 600 МВт болатын 25 жоба пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі $510 млн асты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша $445 млн инвестиция тарта отырып, жалпы қуаты 450 МВт болатын 22 жоба іске қосылады.

Алдағы төрт жыл ішінде жалпы қуаты 2400 МВт және инвестициялар көлемі $2,5 млрд асатын ЖЭК-тің 60-тан астам жаңа жобасын пайдалануға беру жоспарда бар.

А. Мамин энергетика секторын жаңғыртуға және ҚР жаңартылатын энергия көздерін дамытуға салынатын инвестициялардың одан әрі өсуіне биыл 1 желтоқсанда Дубай қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ мен Abu Dhabi Developmental Holding Company (ADQ) тәуелсіз қоры арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ ҚР-да жалпы қуаты 4 ГВт күн және жел электр станцияларын салу жөніндегі инвестициялық құжаттарға қол қою ықпал ететінін атап өтті.

«2030 жылға қарай Қазақстанда жалпы қуаты 9 ГВт құрайтын жаңартылатын энергетиканың 180-нен аса жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Біздің еліміз СОР26 шеңберінде өз міндеттемелерін уақытылы орындайтынына күмән жоқ», — деді А. Мамин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу