Қазақстан экономикасының қалпына келу қарқыны 10 айда 3,5%-ға дейін жеделдеді — А. Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы баяндады.

Үкімет басшысы Қазақстан экономикасы сенімді өсу қарқынын сақтап келе жатқанын атап өтті. Биылғы жылдың он айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3,5% құрады.

Нақты секторда өндірістің орнықты өсу қарқыны байқалып отыр. Осылайша, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5,3%-ға өсті. Өсім машина жасауда 19,5%, оның ішінде автомобиль жасауда 23,4%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 59,0%, құрылыс материалдары өндірісінде 9,3%, фармацевтикада 33,6%, пластмасса бұйымдары өндірісінде 36,5%, киім өндірісінде 11,4%, жиһаз өндірісінде 11,8%, дайын металл бұйымдары өндірісінде 16,4% байқалады.

Карантиндік шараларды біртіндеп жеңілдетудің арқасында қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік 3,4% өсіммен қалпына келген, бұл байланыс қызметтері (+12,9 %) мен саудадағы (+9,5 %) серпіннің жоғары болуына байланысты.

Құрылыс саласы 7,6%-ға өсті. 10 айда елімізде 11,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9%-ға артық.

Инвестициялардың өсу қарқыны біртіндеп қалпына келуде – өсім 2,5%, ал тау-кен өндіруді есептемегенде – 14%.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімінің жоғары көрсеткіштері құрылыста (+120,6%), өңдеу өнеркәсібінде (+78,6%), ауыл шаруашылығында (+41,9%), саудада (+31,4%), жылжымайтын мүлік операцияларында (+17,4%), қаржы қызметінде (+12,1%) байқалады.

Осы жылғы қаңтар-қазан айларының қорытындылары бойынша Алматы және Жамбыл облыстары, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті.

Ең төменгі көрсеткіштерге Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында қол жеткізілді.

Үкімет басшысы азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеуді, отандық өндірісті қолдауды қамтамасыз етуді, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу