Қазақстан Германиямен көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр және Германия компанияларының басшылары екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша оныншы онлайн-кездесу өткізді. Күн тәртібінде көлік және логистика саласындағы Қазақстан-Германия ынтымақтастығын тереңдету мәселесі талқыланды.

Кездесуге 50-ге жуық жетекші германиялық компаниялардың басшылары мен өкілдері қатысты. Олардың ішінде Rhenus Group, Deutsche Bahn AG, Deutsche Post, DHL Group және т.б. компаниялар бар. 

Роман Скляр өз сөзінде кең ауқымды бағыттар бойынша Германия инвесторларымен өзара тиімді серіктестікті дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты қазақстандық тарап бірлескен жобаларды, оның ішінде көлік және логистика саласындағы жобаларды табысты іске асыру үшін толық қолдау көрсетуге дайын.

Германия тарапынан Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма мүшесі, Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы, Deutsche Bahn AG халықаралық бизнес жөніндегі директоры Нико Варбанофф сөз сөйледі. Өз сөзінде ол ҚР мен ГФР арасындағы жан-жақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

ГФР Көлік және цифрлық инфрақұрылым федералдық министрлігінің Парламенттік статс-хатшысы Штеффен Бильгер өз сөзінде теміржол инфрақұрылымын кеңейту арқылы Қазақстанның ЕО елдерімен өзара іс-қимылын дамыту мүмкіндігін атап өтті.

Rhenus Group басқарма мүшесі Михаэль Виферс өз сөзінде Қазақстандағы 20 жылдық табысты жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Бүгінгі таңда компания Иран мен Қытай бағытында жүк тасымалын тиімді ұйымдастыру үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында 3 кеңсе құрған.

Өз кезегінде Deutsche Post DHL Group өкілі Томас Балдри «Қазпошта» АҚ мен Deutsche Post арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және баламалы пошта жолдарын дамыту мәселелерін пысықтау қажеттігі туралы айтты.

Онлайн-жиын қызу пікірталас форматында өтті, Германияның жетекші компанияларының басшылары көлік пен логистиканы дамыту перспективаларына, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды іске асыру әлеуетіне ерекше назар аударды. Кездесу соңында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас ұйымдастырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу