Қазақстан Президенті Иранның Сыртқы істер министрі қабылдады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Мемлекет басшысы елордаға сапармен келген Иран дипломатына ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы байланыстардың достық сипатын атап өтті.

«Иран – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктестерінің бірі. Заман қалай құбылса да, елдеріміз арасындағы жақсы қарым-қатынастар үзілген жоқ. Халықаралық ахуал өзара ынтымақтастығымыздың дамуына әсер етпеді. Біз бұл жағдайды жоғары бағалаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Иран Президенті Хасан Руханиға жүрекжарды сәлемімді жолдаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Мохаммад Джавад Зариф Қазақстан Президентінің қонақжайлық танытқанына алғыс айтып, Нұр-Сұлтан қаласына тағы да келуге қуанышты екенін атап өтті.

Сыртқы істер министрі Иран Президенті Хасан Руханидің сәлемі мен Наурыз мерекесіне байланысты құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Хасан Руханидің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Иранға ресми сапармен келуге шақырғанын нақтылады.  

«Біз Сіздің еліңізбен арадағы ынтымақтастықтың дамуына зор мән береміз. Қазақстан өңірдегі жақын көршілеріміздің әрі достас мемлекеттеріміздің бірі», — деді Мохаммад Джавад Зариф.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты талқылап, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу