Қазақстанда қаржыландыру көздерін айқындай отырып, медициналық техникамен жабдықтау бағдарламасы бекітіледі — ҚР ДСМ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі тапсырмалардың орындалуы туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндады.

Мемлекет басшысы «СҚ-Фармация» арқылы бүкіл медициналық техниканы орталықтандырып сатып алуға көшуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылы барлық техника бойынша инвентеризация жүргізді, оның қорытындысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының жарақтандырылу деңгейі 83%-ды құрады, медициналық техниканың тозуы – 49,6% деңгейінде болды.

Қазіргі уақытта осы жүйенің негізгі проблемалық мәселелері мыналар:

  • жарақтандырудың жеткіліксіздігі және қолда бар медициналық техника паркінің тозу деңгейінің жоғары болуы;
  • жергілікті жерлерде медициналық техниканы сатып алу кезінде бағаны жоғары ұстау;
  • денсаулық сақтау ұйымдары үшін қолжетімді медициналық техника лизингі тетіктерінің болмауы;
  • отандық медициналық техниканы жасаудың даму деңгейінің төмендігі.

Осыған байланысты, министрдің айтуынша, осы проблемаларды шешу үшін «СҚ-Фармация» ЖШС базасында медициналық техниканы сатып алуды екі кезеңде орталықтандыруды жүзеге асыру жоспарлануда. 

Бұл ретте 1-кезеңде мынадай іс-шараларды іске асыру көзделген:

  • 2022 жылғы 1 наурызға дейін жергілікті атқарушы органдардан өтінімдер жинау;
  • медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыру мен өткізуді реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу;
  • 2022 жылғы сәуір айының соңына дейін сатып алуға техникалық ерекшеліктерді біріздендіру;
  • ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Қаржы министрлігінің электрондық қаржы орталығының алаңындағы ақпараттық жүйелер мен өтінімдерді жинауды автоматтандыру жұмыстары пысықталатын болады; 
  • 2022 жылғы мамырдан бастап электрондық сатып алуды өткізу; 
  • 2025 жылға дейін медициналық техникаға қажеттілікті талдау жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

Бұдан әрі қаржыландыру көздерін айқындай отырып, 2025 жылға дейін басым бағыттар бойынша Медициналық техникамен жарақтандыру бағдарламасы бекітілетін болады.

«2-кезеңде отандық және шетелдік медициналық техниканы өндірушілермен өндірісті жергіліктендіру мәселелерін пысықтау жөніндегі шараларды іске асыру, ұзақ мерзімді шарттардың тетіктерін әзірлеу, сатып алу практикасына өмірлік маңызды циклды және кешенді түрде жарақтандыру үшін “дайын түрде” басым бағыттары бойынша медицина техникасын сатып алу келісімшарттары тетіктерін енгізу жоспарлануда», — деді А. Ғиният.

Жалпы, осы шараларды іске асыру мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:

  • жоспарлау мен сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету;
  • қажетті медициналық жабдықтармен жарақтану деңгейін арттыру;
  • сатып алуды шоғырландыру және техникалық тапсырмаларды біріздендіру есебінен сатып алынатын медициналық техниканың құнын төмендету;
  • сервистік қызмет көрсету мен кадрларды оқыту сапасын арттыру;
  • ҚР медициналық техника нарығында Отандық тауар өндіруші үлесін арттыру. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев берген тапсырмасында денсаулық сақтау жүйесінің ресурстарын, атап айтқанда, 20 аурухананың құнын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып қайта қарау қажеттігін ерекше атап өтті.

Көпбейінді ауруханалар салу бойынша республикалық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының тізбесін оңтайландыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асыру кезеңінде бірінші кезеңде 2025 жылға дейін 5 университеттік аурухана және 3 көпбейінді аурухана салуды жоспарлап отыр. Бұл ретте, қалған 12 жоба 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілетін болады. 

Бүгінгі таңда Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен медициналық бұйымдарсыз аурухана құрылысының 1 шаршы метрінің шекті құнын және 1 төсек-орынға арналған шекті алаң нормативін айқындау, сондай-ақ оңтайлы қаржы моделін пысықтау және айтылған 8 жоба бойынша шығыстарды оңтайландыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізілуде.

«Жоғарыда аталған тапсырмалар ауруханаларды салу жөніндегі бағдарламаны іске асырудың бірыңғай тәсілі мен оңтайлы нұсқасы жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Университеттік ауруханаларды салудың басымдығы барлық қалған жобаларды кадрлармен қамтамасыз ету және білім, ғылым мен практиканың үштұғырлығы қағидатын практикада қолдану қажеттігінен туындайды», — деп түйіндеді А. Ғиният.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу