Қазақстанда кеден саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша шаралар қабылданады  — Е. Жамаубаев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кедендік әкімшілендіру саласын жақсарту, жанар-жағар майға акциз мөлшерлемесі және капиталды шетелге негізсіз шығаруға қатысты заңнамаға түзетулер енгізу туралы айтып берді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету бойынша қосымша мемлекеттік қолдау шаралары арқылы жүктемені өтеумен тау-кен металлургия кешенінің жер қойнауын пайдаланушылардан түсімдерді арттыруға қатысты бірқатар шаралар әзірленуде.

Сондай-ақ, жанар-жағар майға акциз мөлшерлемелерін қайта қарау және шекті үстеме бағаны шектеу тетігін енгізу ұсынылады, яғни, үстеме баға асып кеткен кезде айырма акциздер түрінде алынатын болады. Кедендік әкімшілендіруді жақсарту шеңберінде уәкілетті экономикалық операторларға қойылатын талаптар күшейтіледі.

«Барлық уәкілетті экономикалық операторларды біз олардың есептік жүйелеріне қол жеткізу үшін «Көлденең мониторинг» жобасына қосамыз. Жалпы, кеден саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша шаралар қабылданатын болады», — деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп кедендік шекарадағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін кешенді тексеру жүргізу жоспарлануда. Соңғы 5 жылда ҚХР және басқа елдермен айқын кедендік статистика бойынша алшақтықтар 60%-дан 40,4%-ға дейін төмендегенін атап өткен жөн, бұл жұмыстар күшейтіледі. 

Капиталды елден негізсіз шығару бөлігінде заңнамаға мынадай түзетулер пысықталуда:

  • дивидендтерге салық салу кезіндегі жеңілдіктерді, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы көздерден резидент еместерге төленетін жеңілдіктерді қайта қарау;
  • үлестес шетелдік компаниялардан алынған «материалдық емес» қызметтер бойынша шегерімге шектеулер енгізу;
  • бақыланатын шетелдік компания шеңберінде жеңілдіктерге шектеулер енгізу.

Сондай-ақ, трансферттік баға белгілеу бойынша түзетулер жобасы әзірленді. Бұл қазақстандық экспортқа әділ бағаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеке тұлғалардың банкроттығы мәселелері бойынша заң жобасы а.ж. ақпан айында енгізілетін болады. Мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алуды қысқартуға қатысты, министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде.

«Жақында мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық түзетулер күшіне енді, олар бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың 6 негіздемесін алып тастады. Бұл бір көзден сатып алудың барлық көлемінің шамамен 50%-ын құрайды», — деді Е. Жамаубаев.

Бұдан басқа, оның айтуынша, тапсырыс берушінің сатып алудың бәсекелестік тәсілдерін басым жүзеге асыруы және бір көзден сатып алу бойынша тапсырыс берушінің бірінші басшысының дербес жауапкершілігі туралы норма көзделген. Ашықтықты қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік сатып алу үлесі 2015 жылғы 92%-дан 2021 жылы 45%-ға дейін төмендеді.

Қаржы министрлігі бір көзден сатып алуды қолданудың негізділігіне бақылауды қамтамасыз етеді. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ сатып алулары бойынша осы жылдан бастап Қордың және барлық ұлттық компаниялардың сатып алулары «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу туралы» Заңмен реттеледі. Қордың Сатып алу тәртібімен Қордың ішкі құжаттарына сілтеме нормалары көзделгенін атап өту қажет. Осыған байланысты, Қордың және оның еншілес компанияларының сатып алуын жүзеге асырудың бүкіл процесін өзге ішкі құжаттарға сілтеме жасамай, бір құжат деңгейінде қайта қарау қажет.

«Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша барлық қажетті шаралар уақтылы қабылданады, ал қажетті қаражат ағымдағы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп пысықталады», — деді Е. Жамаубаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу