Қазақстанда өңірлердегі энергетикалық объектілерге толық техникалық аудит жүргізіледі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Екібастұз қаласын жылумен қамту мәселелері қаралды.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов төтенше жағдайдың хронологиясын ұсынып, қаладағы ағымдағы жағдай туралы айтып берді, сондай-ақ қазіргі уақытта жылумен қамтуды қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

Премьер-Министр апатқа себеп болған барлық мәселелерді тез арада шешу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Энергетика министрлігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, «Екібастұзжылуэнерго» мекемесіндегі технологиялық ережелерді бұзуға қатысты тексеру жүргізуді тапсырды. 

«Қыс басталмай жатып, осындай төтенше жағдай орын алып отыр. Барлық әкімдер бұдан қорытынды шығаруы тиіс», — деді Әлихан Смайылов. 

Одан бөлек, Премьер-Министр өңірлердегі энергетикалық объектілерге толықтай техникалық аудит және объектілердің меншік иелерімен жұмыс жүргізуді, сондай-ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық кәсіпорындардан келіп түсетін әрбір өтінімді мұқият зерттеуді тапсырды.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын жаңғыртуға және жөндеуге бөлінетін қаражаттың нақты, мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алу керек. Жалпы әкімдер жылу беру маусымын тұрақты жеке бақылауда ұстауы керек», — деп түйіндеді Ә. Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу