Үкіметте Қазақстан-Қытай шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерінің тиімділігін одан әрі арттыру жөніндегі жоспарлар талқыланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Қазақстан-Қытай шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерінің тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды іске асыру бойынша мәселелер талқыланды.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Данияр Жаналинов қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы аптада «Нұр Жолы» бекетінің өткізу қабілеттілігі едәуір артқанын баяндады. Атап айтқанда, 19 наурызда ҚХР-дан ҚР-ға 680-ден астам жүк көлігі (13 наурызда шамамен 150 көлік), ал ҚР-дан ҚХР-ға 140-қа жуық көлік өткен. Шекарадағы кезек алғашқы күндері нақты 300 көліктен 20 наурыздағы жағдай бойынша шамамен 70 көлікке дейін азайды. Қазақстан жағында көбіне Қытай визаларын алуды күтіп отырған тасымалдаушылар басым.

Премьер-Министр Сыртқы істер министрлігінің көмегімен бұл процесті жеделдету, сондай-ақ қазақстандық компанияларды халықаралық тасымалдарға шығуын оңайлату жөніндегі шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов шекаралық бақылау-өткізу бекеттеріндегі электрондық кезекті қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауды және оңтайландыруды тапсырды. Оның айтуынша, бұл процесті ашық әрі тиімді жүргізу үшін  «Атамекен» ҰКП-ны тарту керек.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу