К.Мәсімов Үкімет отырысында ішкі істер министрі мен Алматы әкімінің баяндамаларын тыңдады

ҚР Үкіметінің кезекті отырысын К.Мәсімов ішкі істер министрі Қ.Қасымов пен Алматы әкімі Б.Байбектің қаладағы ахуал туралы баяндамасын тыңдаудан бастады. Бұл туралы Премьер-министр өзінің твиттер-аккаунтында хабарлады.

ҚР Үкіметінің кезекті отырысын Кәрім Мәсімов ішкі істер министрі Қ.Қасымов пен Алматы әкімі Б.Бәйбектің қаладағы жағдай бойынша баяндамаларын тыңдаудан бастады. Бұл туралы Премьер-Министр өзінің твиттердегі аккаунтында хабарлады. "Қ.Қасымов пен Б.Бәйбекті Алматыдағы жағдай бойынша тыңдадым" деп жазды К.Мәсімов. 

Ішкі істер министрі Қ.Қасымов қайғылы оқиғаның жай-жапсарын баяндап, Премьер-Министрді қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттандырды.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, ІІД, ҰҚКД және Бас прокуратура қызметкерлерінен құралған жедел тергеу тобы құрылды, қажетті сараптамалар тағайындалды. Қаза тапқандардың отбасыларын көмек көрсету бойынша барлық шараларды қабылдап жатырмыз, заң бойынша тиістінің бәрі төленетін болады, әкімдік те қажетті шараларды қабылдауда», - деді Қ.Қасымов.

Алматы әкімі Бауыржан Бәйбек өз кезегінде қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көрсетіліп жатқан қолдау туралы айтты.

«Бүгін таңертең біз смс-хабарлама арқылы тұрғындарға террористік қауіптіліктің сары деңгейі енгізілгенін жеткіздік. Барлық дүкендер мен қоғамдық нысандар штаттық режімде, күшейтілген күзетпен жұмыс істеп жатыр, жағдай қалыпты, барлығы бақылауда. Елбасының тапсырмасы бойынша әкімдіктің Қаулысы қабылданып, жергілікті бюджеттен қаза тапқандардың жақын-жуықтарына 15 млн. теңгеден берілетін болды, ал жараланғандарға 5 млн. теңгеден бөлінбек», - деді Б.Бәйбек.

Кәрім Мәсімов ІІМ-іне азаматтардың қауіпсіздігі мен Алматыдағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қосымша шараларды, сонымен қатар елдің барлық аймақтарында қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Премьер-Министр ІІМ мен Алматы әкімдігіне қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.

Әкімдік пен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне зардап шеккендер мен жараланғандарға қажетті медициналық көмек көрсету тапсырылды.

Бұдан басқа, Алматы әкімдігіне өкілетті органдармен бірлесіп талдау жүргізу арқылы экстремизмге, қылмыстылық пен криминалға қарсы әрекеттерге баса назар аудара отырып, қаладағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша нақты шаралар пакетін әзірлеу тапсырылды.

Еске салайық, кеше Алматыда террорлық акт орын алды. Алмалы АІІБ мен ҰҚК департаментінің ғимаратына шабуыл жасалды. Алты адам қаза тапты. Олардың төртеуі полиция қызметкерлері. Қалада террорлық қауіптіліктің қызыл деңгейі жарияланды. Шабуыл жасаған қылмыскер, Қызылорда облысының тумасы, бұрын сотталған Руслан Құлықбаев ұсталды. Ішкі істер министрі «Терроризм», «Адам өлтіру», «Мемлекеттік объектілерге шабуыл жасау» және «Билік өкілдеріне қарсы күш қолдану» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу