Көші-қон саясатының тұжырымдамасында Қазақстанға тапшы мамандықтар бойынша 500 мықты маманды тарту көзделген – ЕХӘҚМ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы мақұлданды. Осы тақырып бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, ішкі істер министрі Марат Ахметжанов баяндама жасады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген және Экономикалық реформалар жөніндегі жоғары кеңесте мақұлданған «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының тұжырымдамасын ұсынды.

Тұжырымдама еліміздің экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуді көздейді.

Оның аясында алдағы жұмыстың басты 3 блогы айқындалды. Атап айтқанда:

  • елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру; 
  • шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау 
  • өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жою.

Сондай-ақ елімізге ең тапшы мамандықтар бойынша 500 мықты маманды тарту үшін 7 бағытта жұмыс жүргізіледі.   

Бірінші бағыт – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім беру иммиграциясы.  

«Бұл бағыттағы жұмыс жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын күшейтуге және білім беру сапасын арттыруға арналған. Ол үшін 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қазақстанға тарту ұсынылады», — деді Т. Дүйсенова.

Бұл санаттағы кадрларға:

  • он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін енгізу көзделіп отыр. Соның негізінде оларға Қазақстанда тұрақты тұру үшін ықтиярхат алу, одан кейін азаматтық алу мүмкіндіктері қарастырылады. 
  • дәл осындай мүмкіндікті тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер қатарынан магистранттар мен бакалаврларға да беру қарастырылған.

Екінші бағыт – бұл бизнес-иммиграция

«Инвестиция тарту үшін әлем мемлекеттері арасындағы бәсекелестік жыл өткен сайын күшейіп келеді. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып, инвестициялық виза берудің төменгі шегін $300 мыңға дейін азайту қарастырылған. Елімізге кемінде осындай көлемде инвестиция салған шетел кәсіпкерлері үшін «Инвесторлық виза» енгізу ұсынылады. Бұл виза Қазақстан аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкерлер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік береді», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Үшінші бағыт аясында елімізде тапшы болғандықтан сырттан жиі тартылатын мамандықтар бойынша шетелден 100 үздік маманды тарту көзделіп отыр.  

Олардың Қазақстанда тұруына ықтиярхат беру мүмкіндігі қарастырылған «Бағалы дағдылар визасы» енгізіледі. Мұндағы негізгі мақсат – білім трансферті және осы кәсіптер бойынша өз мамандарымызды даярлау. Сонымен бірге «Құнды дағдылар рейтингі» жасалады.  

«Көрші елдерден келетін, соның ішінде тіркеусіз, бейресми арналар арқылы келіп жатқан еңбек мигранттарының қозғалысын есепке алуды күшейту көзделіп отыр. Еңбек  мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты сұранысына сай айқындалады. Сондай-ақ мигранттардың жұмыс орнына қатаң бақылау орнатылатын болады», — деді Т. Дүйсенова.

Келесі бағыт этникалық көші-қонды реттейді. Бұл бағытта негізгі екі мәселе бар.

Біріншісі – шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану.

«Осы мақсатта «Ата жолы» картасын (америкалық Грин картаға ұқсас) енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға берілетін болады. Оларды тарихи Отанын дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен  марапаттауды ұсынамыз», — деді Т. Дүйсенова.

Екінші – елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру. 

«Еліміздегі демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, құжаттарды рәсімдеудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсынылады», — деді ол.

Бесінші бағыт – босқындармен жұмыс.

«Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауына берілген жаңа бағыт. Ведомство уәкілетті органдармен бірлесіп, ұлттық заңнама нормаларын Біріккен ұлттар ұйымының стандарттарына сай имплементациялау бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Алтыншы бағыт – Қазақстан азаматтарының еңбек мигранты ретінде шетелге шығуына қатысты.

«Бұл – жаһандық тренд. Сондықтан, біз оған шектеу қоя алмаймыз және шектемеуіміз керек. Біздің міндетіміз – олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Осы мақсатта қазақстандық еңбек мигранттары барынша көп шоғырланған елдермен олардың құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін жасауды ұсынамыз», — деп атап өтті Т. Дүйсенова.

Жетінші бағыт – еңбек күшінің тапшылығы бар өңірлерге ішкі ұтқырлықты ынталандыру. 

Ол үшін азаматтарды көшіп барған жерінде жұмыспен қамтамасыз ету және олардың баспаналы болуына мүмкіндік жасау керек. Жұмыс орындарын ашу бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылатын болады:

– жергілікті жұмыс берушілердің есебінен жаңа жұмыс орындарын құру;

– солтүстік өңірлерге еліміздің басқа аумақтарында  табысты іске асырылған жобаларды, сондай-ақ Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту тәжірибесін трансферттеу және оның ауқымын кеңейту;

– қандастар мен қоныс аударушыларды  гранттарды бере отырып оқытуды ұйымдастыру, кейін олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу;

– тұрғын үй құнының 50% мөлшеріндегі шығындарын өтеуге мүмкіндік беретін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын тапсыру (жұмыс беруші оларға арналған жұмыс орны бар екенін растаған жағдайда) көзделіп отыр.

Көші-қон ағынын есепке алу үшін бірыңғай ақпараттық жүйе құру ұсынылады. Бұл шара

  • азаматтар үшін, олардың мемлекеттік қызмет алуын жеңілдетеді, уақытын үнемдейді, мемлекеттік органдармен тікелей байланысын барынша азайтады.
  • мемлекет үшін, адамдарды келу мақсаты мен болу мерзімі бойынша бірыңғай есепке алуға, мигранттар туралы деректерді бірізді және қолжетімді етуге, сондай-ақ, көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.  

Осы ұсынылған шаралар көші-қон саясатын тиімді «жаңғыртуға» және геосаяси өзгерістерді еліміз үшін неғұрлым ұтымды әрі пайдалы етуге мүмкіндік береді. 

Өз кезегінде, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ведомство осы стратегиялық құжаттың жобасын қолдайтынын атап өтті. 

ҚР ІІМ Тұжырымдаманы іске асыру жоспарының бірқатар іс-шарасын орындаушы болып табылады. Атап айтқанда, ІТ, ғылым, денсаулық және өндіріс саласындағы кәсіби шебер мамандарға тұрақты тұруға рұқсаттарды алуды жеңілду үшін құқықтық актілерді түзету.

Бұл Қазақстан үшін ғылым, білім, өндіріс, ақпараттық технологиялар, спорт және мәдениет саласында үлес қосатын шетелдіктерге тұруға рұқсат алу құқығымен ұзақ мерзімді (10 жыл) визалар беру.

Сондай-ақ еліміздің экономикасына бір мезгілде $300 мыңнан астам инвестиция салған шетелдік инвесторлардың Қазақстанға келу және болу тәртібін жеңілдету. 

Тұжырымдаманың тағы бір бағыты –азаматтық заңнамасын жетілдіру.

Біріншіден, Қазақстанның азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді, тарихымыз бен Конституциямызды қарапайым деңгейде білу міндетті болмақ.

Екіншіден, қос азаматтық фактілеріне жауаптылықты қатаңдату көзделуде. Егер Қазақстан азаматының жеке басын растайтын құжаттар алғаннан кейін қандай да  бір адам басқа елдің азаматтығын растайтын құжатты пайдаланса, көші-қон қызметі ол адамды біздің азаматтықтан айырады.

«Сонымен бірге егер адам азаматтықты алғаннан кейін алты ай ішінде бұрынғы елдің азаматтығын тоқтатқаны туралы анықтама ұсынбаса, ондай адамдарға да қатысты азаматтықты жоямыз», — деді М. Ахметжанов.

Қазір мұндай шаралар заңдарда қарастырылмаған.   

Тұжырымдамада көші-қон процестерін цифрлық дамыту жоспарланған. Сондықтан көші-қон процестерін дұрыс ұйымдастыру үшін олар қайта қарастырылып, оңтайландырылады. 

Көптеген мемлекеттік қызметтер смартфонға ауыстырылады. Осы шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де азайтуға ықпал етеді. 

Жалпы, цифрлық түрге ауысу, сондай-ақ уәкілетті органның еңбек мигранттарына қатысты саясатты жеңілдету нәтижесінде, елімізде заңсыз болушылар көлеңкеден шығады деп күтілуде. Басқа елден келетін шетелдік азаматтарының көбеюін ескерсек, бұл өте маңызды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу