ҚР-да жастардың әскери-патриоттық тәрбиесі, дене шынықтыру және зияткерлік дайындығы бойынша жаңа тәсілдерді енгізу жоспарлануда —  А. Умаров

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Дін, азаматтық қоғамды дамыту және жастар саясатын іске асыру мәселелері бойынша ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров баяндады.

Министрдің айтуынша, министрлік өз құзыреті шеңберінде азаматтардың радикалдануына жол бермеу және дінді деструктивті мақсатта пайдалану үшін діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыс ұйымдастыруда.

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жалпы профилактикалық сипаттағы, сондай-ақ радикалды идеологияға тарту тәуекелі бар халықтың нысаналы топтары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.

«Әлеуметтік желілерге назар аудара отырып, радикалды діни идеологияның алдын алу және қарсы насихаттау бойынша ақпараттық алаңда белсенді жұмыс жүргізілуде», — деді А. Умаров.

Оның айтуынша, деструктивті және радикалды діни көзқарастарды ұстанушыларды дәстүрлі ислам арнасына қайтару мақсатында Министрлік арнайы, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп оңалту жұмыстарын жүргізуде.

Мемлекет басшысы белгілеген тапсырмаларды іске асыру шеңберінде:

1) жастар, жұмыссыздар, маргиналды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, қандастар, діндарлар, деструктивті діни ағымдардың жақтаушылары сияқты азаматтардың неғұрлым осал топтарымен атаулы ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту;

2) интернет арқылы халықтың радикалдануына жол бермеу мақсатында, радикалды діни контентті анықтау, оның алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік желілерде, әсіресе жастар арасында діни экстремизмнің қарсы пропагандасын анықтау тұрғысынан интернет-кеңістіктің мониторингін күшейту және әлеуметтік желілердегі радикалды топтар мен қоғамдастықтардың қазақстандық жазылушыларымен атаулы жұмысқа назар аудару;

3) деструктивті діни ағымдарды ұстанушылармен, оның ішінде «Жусан» арнайы операциясы шеңберінде террористік белсенділік аймағынан қайтарылған әйелдермен оңалту жұмысын одан әрі жалғастыру.

А. Умаровтың айтуынша, Министрлік азаматтық қоғам мен сарапшылардың қатысуымен Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа саяси бастамаларын кеңінен талқылауды ұйымдастыратын болады.

Сонымен қатар еліміздің өңірлерінде азаматтық сектордың қатысуымен сараптамалық пікірталастар, стратегиялық сессиялар мен талқылаулар сериясын өткізу жоспарлануда.

«Жалпы алғанда, орталық билік пен жергілікті халық арасындағы өзара іс-қимылдың коммуникациялық арналарын күшейту мақсатында жергілікті жерлердегі биліктің төтенше жағдайларға дайындығына ЖАО жұмысын үйлестіруге талдау жүргізілетін болады», — деді А. Умаров.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы халықаралық шарттар мен ұйымдардың (БҰҰ, ЕҚЫҰ және т. б.) қатысушысы ретінде, сондай-ақ ЭЫДҰ, OGP сияқты халықаралық бастамаларға қатысқысы келетін ел адам құқықтары саласында белгілі бір міндеттемелер алады.

«Құқықтық реттеу тетіктері үкіметтік емес ұйымдар қызметінің, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етудің ерекшеліктерін ескеруге тиіс», — деді А. Умаров.

Азаматтық қоғам институттарының дамуына және азаматтық бастамаларды іске асыру мүмкіндігіне қосымша қарқын беретін құқықтық құралдар қажет.

Ол үшін 2023 жылы қолданыстағы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы азаматтардың бірлесу бостандығына құқығын іске асыру тетігін кеңейту жоспарлануда.

Жастар саясаты саласында биылғы жылдың 5 қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісімен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы жұмысқа қабылданды.

Осы Заң жобасы аясында «NEET санатындағы жастар» ұғымын заңнамалық бекіту қарастырылған.

Сондай-ақ еңбек жөніндегі уәкілетті органға NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бойынша құзырет беру көзделеді. 

«Министрлік “Ұлттық рухани жаңғыру” ұлттық жобасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жастарын қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын іске асыруды жалғастырады, оның шеңберінде осы санаттағы жастарды әлеуметтендіруге бағытталған іс-шаралар іске асырылады», — деді А. Умаров.

Мемлекет басшысы белгілеген тапсырмаларды іске асыру шеңберінде:

1. NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіруді, ақпараттандыруды арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары туралы NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі Жол картасын әзірлеу ұсынылады.

2. Жастарды қолдау жөніндегі қосымша шараларды енгізу үшін 2021-2025 жылдарға арналған жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспарға өзгеріс енгізу қажет.

3. ҚР ҚК-де міндетті мерзімді қызмет өткеру кезінде жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу, жастардың дене шынықтыру және зияткерлік даярлығы, сондай-ақ мамандықтарға оқыту бойынша жаңа тәсілдерді енгізу.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу