ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайылов ЕҚДБ вице-президенті А. Пиюмен келіссөз жүргізді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуропа қайта құру және даму банкінің банк операциялары жөніндегі вице-президенті Алан Пиюмен кездесті. 

Кездесу барысында Қазақстан мен ЕҚДБ арасында бірқатар бағыттағы ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде инвестициялар тарту және экология мәселелері бойынша бірлескен жобаларды іске асыру жайы қаралды. Атап айтқанда, тараптар ЕҚДБ-ның Қазақстандағы 2021 жылғы қызметінің қорытындылары мен 2022 жылға арналған ағымдағы жоспарларын талқылады.

Қазақстан Үкіметі мен бизнесі инфрақұрылымдық жобалар бойынша, қаржы, муниципалдық, корпоративтік секторлар арқылы ШОБ-ты қолдау бойынша ЕҚДБ-мен белсенді ынтымақтастық орнатқан. 

«Біз ЕҚДБ-мен өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатын жоғары бағалаймыз. Биыл Қазақстан мен ЕҚДБ ынтымақтастықтың 30 жылдығын атап өтуде. Осы кезеңде біз экономиканың әртүрлі салаларында $10 млрд астам сомаға шамамен 300 жобаны табысты жүзеге асырдық», — деді Ә. Смайылов.

Өзара ынтымақтастық ЕҚДБ-ның Қазақстан үшін 2022-2026 жылдарға арналған жаңа Елдік әріптестік стратегиясы аясында жалғасатын болады. Құжат жеке кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жасыл саясатты және көміртекті бейтараптықты қолдау, сондай-ақ жеке сектордың қатысуы арқылы экономикалық интеграцияға және гендерлік теңдікке жәрдемдесу секілді мәселелер бойынша тараптардың өзара іс-қимылын қамтиды.

«Бүгінде әлемнің ірі экономикаларының декарбонизациясының тұрақты тренді байқалады. Көміртектік бейтараптық және көмірден бас тарту жөніндегі мақсаттары туралы мәлімдеген елдердің саны жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ Қазақстан “жасыл” дамудың әлемдік трендтерін белсенді түрде ұстанады», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Өз кезегінде Алан Пию Қазақстанда іске асырылып жатқан реформаларды жоғары бағалап, көптеген мәселелер бойынша екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін білдірді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу