Негізгі өзен бассейндерінде, әсіресе елдің оңтүстік аймақтарында вегетациялық кезең тұрақты өтті – С. Брекешев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенінде су ресурстарын пайдалану мәселелері қаралды. Осы тақырып бойынша экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.

Тақырып бойынша экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасады. Министр осы жылдың вегетациялық кезеңінің қорытындылары жөнінде баяндады.

«Биыл негізгі өзен бассейндерінде, әсіресе елдің оңтүстік аймақтарында судың аз болу циклінің жалғасуына қарамастан, қабылданған шаралардың нәтижесінде вегетациялық кезең тұрақты өтті», — деді С. Брекешев.

Алдын ала мәліметтер бойынша, биыл тұрақты суаруға барлық су алу шамамен 11,6 кмЗ болды. Оның 11,3 км3 немесе 97%-ы оңтүстік бес облысқа тиесілі. Бұл Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстары, жалпы суару алаңы 1,61 млн га немесе еліміз бойынша барлық аумақтың 73%-ы.

Министрдің айтуынша, осы өңірлерде вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін былтыр қараша айынан бастап дайындық жұмыстары жүргізілді. Ол үшін арнайы жұмыс жоспары бекітілді. Оның аясында келесілерді қамтитын сыртқы және ішкі іс-шаралар іске асырылды:

  1. Жоғарғы су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз ету бойынша іргелес елдермен жұмыс;
  2. Трансшекаралық өзендер бассейндерінде мемлекетаралық пайдалану каналдарында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары;
  3. Суару желісінің магистральдық және шаруашылық аралық каналдарын тазалау, қосымша жабдықтарды сатып алу; 
  4. Ылғал көп қажет ететін дақылдар алқаптарын қысқарту;
  5. Су үнемдеу технологияларын ауқымды енгізу.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, көршілес елдермен ынтымақтастық аясында келесі жұмыстар жүргізілді.

«Қырғыз тарапымен тауар алмасу және электр энергиясын коммерциялық негізде жеткізу аясында жаз айларында 330 млн м3 көлемінде “Достық” каналы арқылы су беру мәселесін шешуге мүмкіндік туды», — деді министр. 

Бұдан басқа, тараптардың сарапшылары Шу және Талас өзендерінің бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын зерттеді.

Тәжік тарапымен Тоқтоғұлдан ағып келетін «Бахри Точик» су қоймасы арқылы су көлемін өткізу туралы келісім жасалды. Сондай-ақ «БахриТочик» су қоймасының жұмыс істеу шарттары келісілді. Душанбе қаласында үшжақты хаттамамен осы шарттар бекітілген.

Бұдан басқа, Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды режимі келісілді. Оған сәйкес Шардара су қоймасына ағын 3,9 млрд м3 көлемінде күтілді. Алайда вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша ағын 4 млрд м3 суды құрады. Шу және Талас өзендері бойынша қырғыз тарапымен биылғы сәуір айында су беру кестелеріне қол қойып, бекітілді. Атап айтқанда, Талас өзені арқылы 500 млн м3, Шу өзені – 20 млн м3.

«Ішкі су көздері бойынша жедел су тапшылығы байқалған жоқ. Су берілген өтінімдерге сәйкес толық көлемде берілді», — деді Серікқали Брекешев. 

Сондай-ақ гидрологиялық болжамдар негізінде трансшекаралық Сырдария өзенінің бассейнінде күрделі су шаруашылығы жағдайы күтілгенін атап өткен жөн. Алайда қабылданған шаралар мен климаттық жағдайлардың арқасында су шаруашылығы жағдайы тұрақтанды. Атап айтқанда, Шардара су қоймасына ағын 2,5 еседен астам өсті, бұл Шардара су қоймасын 5 млрд м3-ге дейін толтыруға және Көксарай суреттегішіне 822 млн м3-ге дейін су жинауға мүмкіндік берді.

«Осылайша, жаппай вегетация басталғанға дейін Сырдария өзенінің арнасын толтыру, суармалы жерлерді ылғалды зарядтау, көл жүйелері мен шабындық жерлерді толтыру жүзеге асырылды», — деді С. Брекешев.

Оның айтуынша, ішкі іс-шаралар аясында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі келесі жұмыстарды жүргізді:

  1. Трансшекаралық өзендердің бассейндерінде 5 322 су шығару құрылыстарына жөндеу және қалпына келтіру жүргізілді.
  2. 1 512 км магистральдық және шаруашылықаралық каналдарды реконструкциялау және механикалық тазарту жүзеге асырылды. Бұл, өз кезігінде, су шығынын 450 млн м3-ге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
  3. Суару үшін коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалануға мүмкіндік беретін 67 сорғы қондырғысы сатып алынды.
  4. Ақпаратты жедел беру мақсатында 89 каналда гидропосттар автоматтандырылды.

«Қазіргі уақытта осы гидропосттар сынақ режимінде жұмыс істейтіндігін қосымша атап өтемін. Әрбір датчик нақты уақыт режимінде дистепчерлік пунктіне су деңгейі мен шығыны туралы ақпаратты жібереді. Соның арқасында біздің каналдардағы су шығынын анықтау үшін қажетті ақпаратты жедел алуға мүмкіндігіміз бар», — деді министр.

Оның мәлімдеуінше, оңтүстік өңірлер бойынша экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, келесі жұмыстарды атқарды. Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында су ресурстарының тапшылығын қысқарту мақсатында ылғал көп қажет ететін дақылдардың алаңдары азайтылды.

Сонымен қатар суды үнемдеу мақсатында су айналымы, суару кезегі ұйымдастырылды. Жалпы 1 030 км каналдарда механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді және 107 мың га алаңда су үнемдеу технологиялары қолданылды. Одан бөлек, Қызылорда облысы үшін Үкімет резервінен сорғы қондырғыларын сатып алуға және ұңғымаларды жөндеуге, бұрғылауға 3,6 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді.

«Алдын ала қабылданған шаралардың арқасында оңтүстік өңірлерде вегетациялық кезең шығынсыз өтті. Бүгінде келесі жылдың вегетациялық кезеңіне дайындық жұмыстарын атқару үшін арнайы жоспарды бекітіп, бастапқы жұмыстарға кірісіп кеттік», — деді Серікқали Брекешев. 

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, қантар айынан бастап фермерлер арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты келесі жұмыстарды атқару керек:

  1. облыс әкімдіктері сумен жабдықтаушы ұйымдардың фермерлермен суармалы сумен қамтамасыз ету, суару технологияларын сақтау, суару кезегін қолдану және коллекторлық-дренажды суларды қайта пайдалану жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіруді қамтамасыз ету;
  2. Ауыл шаруашылығы министрлігі суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізуді мемлекеттік қолдау жөніндегі жұмысты жалғастыру, суармалы жерлердің мелиоративтік жай-күйіне мониторингті күшейту.

«Өз кезегінде, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі шекаралас елдермен трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастық жөніндегі шараларды, барлық каналдарды жөндеу және реконструкциялауды жалғастырады. Агроөнеркәсіп кешенін сумен қамтамасыз ету мәселесі министрліктің тұрақты бақылауында», — деді министр С. Брекешев. 

Мәселе бойынша ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады.

«Үкіметтің әкімдіктермен бірлесіп қабылдаған шаралары, сондай-ақ ауа-райының қолайлы жағдайлары суармалы жерлерден айтарлықтай шығынсыз жоспарланған көлемдегі астықты өсіріп, жинауға мүмкіндік берді», — деді министр.

Оның айтуынша, суармалы жерлерде суару суын тиімді пайдалану – маңызды міндеттердің бірі. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 1,4 млн га суармалы жерлер алаңында өсірілді. Негізгі үлес, яғни 75,8% немесе 1,1 млн га жер әлі де жерүсті әдісімен суарылады. Суарудың бұл әдісі фермер үшін арзанға түседі, бірақ су пайдалану бойынша ұтымсыз саналады. 18,3% немесе 268 мың га жерде су үнемдеу технологиялары қолданды. 5,9% немесе 86,8 мың га жер бастыру әдісімен суарылды.

Дақылдар бойынша суармалы жерлерде дәнді, майлы, астық дақылдары, көкөніс-бақша дақылдары, мақта, картоп, күріш, қант қызылшасы өсіріледі. Негізгі үлесті бидай мен арпа сияқты тәлімі дақылдар, сондай-ақ мақта мен күріш сияқты монодақылдар алады.

«Осыған байланысты облыстардың әкімдіктері жоғары рентабельді дақылдарға және су үнемдеу технологияларына көшу жұмыстарын жандандырулары қажет», — деді министр. 

Өз кезегінде суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту жалғасып жатыр. Биыл басқа рентабельді дақылдарға көшу есебінен күріш алаңы 2021 жылмен салыстырғанда 8,7 мың га-ға азайды, оның ішінде Қызылорда облысында 5,3 мың га алаң, Түркістан облысында 2,9 мың га және Алматы облысында 0,6 мың га-ға қысқарды.

«Соңғы бірнеше жылда Қызылорда облысында су тапшылығы қатты сезілгені мәлім, Сырдария өзенінің ағыны бірнеше есе төмендеген. Қолданыстағы коллекторлық-кәріз жүйелері тозған, соның нәтижесінде топырақтың тұздану және жерлердің ауыл шаруашылығы айналымынан шығу процестері күшеюде», — деді Ербол Қарашөкеев. 

Министрдің айтуынша, тұздардың артық мөлшерде болуы күріш тұқымдарының өсу қарқынын тежейді, топырақтың құнарлылығын төмендетеді және суармалы су мен топырақты ластайды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Қызылорда обласы әкімдігімен бірлесіп, күріш өндіру, айналмалы егістікті оңтайландыру, тұқымдық материалды жақсарту кезінде күріш өндірісінде механикаландырылған суаруды енгізу мүмкіндігін зерделеп жатыр. Өңірдің топырақ және климаттық ерекшеліктері жағдайында мұндай технологияларды пайдалану мүмкін болса, өнімнің түсімділігі мен сапасына, сондай-ақ топырақтың сапасын жақсартуға зиян келтірмей судың тұтынуын азайтуға мүмкін болады.

Ауыл шаруашылығы министрі мақта бойынша да сөз қозғады. Оның айтуныша, биыл өсірілген мақтаны сату бағасы проблемалық мәселе болды. Осы жылы шитті мақтаның алаңдары 16 мың га-ға ұлғайтылып, 126 мың га болды. Бұған шитті мақтаның 2021 жылғы сатып алу бағасының 2020 жылға қарағанда 220 мың теңгеге қымбаттап, тоннасы 350 мың теңге болғаны ықпал етті.

«Алайда шитті мақта бағасының болжамы ақталмады. Әлемдік нарықтарда сұраныс төмендегендіктен, мақтаның әлемдік бағасы төмендеді», — деді министр.

Аталған мәселені реттеу мақсатында өткізу проблемаларын шешуге бағытталған шараларды, атап айтқанда: мақта-талшығын одан әрі өткізу, өңірді сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ шетелдік компанияларды тарта отырып, мақта-талшығын отандық қайта өңдеу мүмкіндіктеріне қарай болжамды егіс алаңдарын айқындауды қабылдау ұсынылады.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бұл мәселелерді Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пысықтап жатыр.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаның көрсеткіштерін орындау мақсатында биыл су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарда 265 мың га-ны құраса, іс жүзінде 279 мың га деңгейінде болады деп күтілуде. Заманауи суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50%-ы субсидиялау бойынша іске асырып жатқан мемлекеттік бағдарлама бұндай технологияларды ендіру үшін маңызды ынталандыру болып отыр.

«Аталған бағдарлама бойынша 2022 жылы 400-ден астам агроөнеркәсіп субъектісі 11,6 млрд теңге сомасында субсидияланды. Фермерлердің біліктілігін арттыру және суарудың заманауи технологиялары бойынша білім тарату мақсатында егжей-тегжейлі консультациялар беру, семинарлар өткізу және оқыту роликтерін шығару арқылы оқыту бағдарламасы іске асырылуда», — деді Е. Қарашөкеев.

Суармалы егіншілікте олардың мелиоративтік жай-күйінің көрсеткіштері ауыл шаруашылығы дақылдары түсімділігінің негізгі тікелей диагностикалық көрсеткіштері және гидромелиоративтік жүйе қызметі тиімділігінің жанама көрсеткіштері екені белгілі.

Республиканың барлық суармалы жерлерін мелиоративтік мониторингпен қамту мақсатында биыл гидрогеологиялық-мелиоративтік қызметтің құрылымы оңтайландырылды. 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет аясында оны материалдық-техникалық жарақтандыруға қаражат көзделген.

Жұмыстар кешенін орындау нәтижелері бойынша жай-күйі жақсы санаттарға шамамен 1,4 млн га, қанағатты жерлер сантына 556,9 мың га, қанағатсыз санатқа 354,8 мың га жатқызылды немесе суармалы жерлердің жалпы көлемінің 16%-ын құрайды. Топырақтық-мелиоративтік іздестірулерге сәйкес әртүрлі дәрежеде сортаңданған жерлердің алаңдары шамамен 855 мың га-ны құрады, оның ішінде күшті дәрежеде сортаңданғаны 130 мың га, олардың негізгі алаңдары Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Жетісу облыстарында орналасқан.

«Мелиоративтік жай-күйді жақсарту мақсатында облыстардың әкімдіктері мен су шаруашылығы ұйымдарына суару және коллекторлық-кәріз жүйелерін дұрыс пайдалануды, шаю және суарудың нормалары мен мерзімдерін сақтауды, сондай-ақ суару техникасының аудандастырылған және оңтайлы элементтерін қолдануды қамтамасыз ету ұсынылады», — деді министр.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, суармалы жерлердің әлеуетін барынша пайдалану мақсатында:

Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстар әкімдіктерімен бірлесіп:

- жоспарланған индикаторларға сәйкес су үнемдеу технологияларды белсенді ендіру бойынша жұмысты жалғастыруы;

- жыл сайын суармалы жерлерде тәлімі дақылдарды егуді біртіңдеп азайтып, егіс алаңдарын әртараптандыруы, суды көп қажет ететін және монодақылдар алаңдарын азайту бойынша жұмысты жүргізуі;

- сумен қамтамасыз етілу болжамдары негізінде егіс құрылымын жоспарлауы;

- суармалы жерлердің мелиоративтік жай-күйін жақсарту бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізуі қажет.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі:

- су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарды салу және реконструкциялау бойынша жоспарланған жұмыстардың уақтылы қаржыландырылуын қамтамасыз етуі;

- 2023 жылғы вегетация кезеңінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдері бойынша уақытылы су берілуін қамтамасыз етуі;

 - өңірлердегі әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге алдағы вегетация мерзіміне арналған сулылық болжамын уақтылы жеткізуі қажет. 

2022 жылы АӨК сумен қамтамасыз ету қорытындысы туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндады. 

«Биыл Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен су тапшылығын төмендетуге нақты шаралар қабылданды», — деді әкім. 

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп, тиісті көлемде су бөлінуіне жағдай жасады. Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге қаржы бөлініп, каналдар тазаланып, гидротехникалық нысандар жөндеуден өткізілді. 156 дана сорғы қондырғылары алынып, 52 ұңғыма бұрғыланды. Нәтижесінде егістік жерлер сумен толық қамтамасыз етіліп, табиғи мал азығымен қамтылу деңгейі жақсарып, көлдер жүйесі суландырылды.

Өңір басшысының мәлімдеуінше, облыста су тапшылығының алдын алу мақсатында күріш егісінің көлемі 5 мың га-ға қысқартылып, орнына суды аз қажет ететін мал азықтық, майлы дақылдармен қатар картоп, көкөніс, бақша егісінің көлемдері ұлғайтылды. Ирригациялық жүйелерінің техникалық жағдайын жақсарту, жерді тегістеу арқылы су пайдалану мөлшерін азайту жұмыстары жүргізілді. Егінді суару қатаң кезекшілікке қойылып, сорғылар арқылы қашыртқыдағы су қайта пайдаланылды. Сонымен қатар су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 793 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 

«Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде егілген егіс толық сумен қамтамасыз етілді», — деді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Облыс әкімінің мәлімдеуінше, су ресурстарына сұраныстың ұлғаюын ескере отырып, егісті әртараптандыру жұмыстары жалғастырып келеді. Суды аз қажет ететін дақылдар егісін ұлғайтумен қатар, 2025 жылға дейін су үнемдеу технологиясын пайдаланатын егіс көлемін арттыру жоспарланып отыр.

Атап өті керек, аймақтың ерекшелігі – топырақтың қатты тұздануы. Осы орайда оны күріш егу арқылы шайып отырмаса, қатты тұздалған топырақта басқа дақылдардан өнім алу мүмкіндігі күрт төмендейді және тұздану процесі жүру салдарынан ауыспалы егіс жүйесі айналымнан шығады.

«Осыған байланысты облыста ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтай отырып, күріш дақылының көлемі 75-80 мың га-дан кем болмауы тиіс», — деді Қызылорда облысының әкімі. 

Бұл жағдайда өндіріске суды аз қажет ететін, вегетациялық кезеңі қысқа күріш сорттарын және жаңа агротехнологиялар бағытында шаралар қабылданып жатыр.

«Бүгінде біз Украиндық ғалымдармен әріптестік орнатып, тиісті жұмыстарды бастадық», — деді Н. Нәлібаев.

Сонымен бірге облыста 16 магистральдық және шаруашылық каналдарды цифрландыру қолға алынып жатыр. Өңірде егіс көлемінің 60%-ын сумен қамтамасыз ететін негізгі магистральдық каналға су бөлуді автоматтандыру үшін Австралияның «Рубикон» компаниясы зерттеу жұмыстарын бастап кетті.

«Аталған шараларды жүзеге асыру арқылы суды пайдалану тиімділігін арттыруға және инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді сақтап қалып, егін саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік жасалады», — деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

2022 жылы АӨК сумен қамтамасыз ету қорытындысы туралы Жамбыл облысының әкімі баяндама жасады. 

«Суармалы алқаптарды қалпына келтірудің жол картасына сәйкес, 2025 жылға дейін 124,0 мың га алқапты сумен қамтамасыз ету жоспарланды», — деді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.

Әкімнің айтуынша, бүгінде халықаралық қаржы институттары арқылы 35,0 млрд теңге бөлініп, 25,0 мың га суармалы алқапқа су жеткізілді. Алдағы екі жылда 306 су нысанына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 55,0 мың га алқап айналымға қосылады. 306 нысанның 253 канал коммуналдық меншікте, 53 канал иесіз мүлік ретінде тіркелді.

Жол картасында жетіспейтін суды қосымша су көздері арқылы қамту көзделген. Жалпы жер асты суының көлемі – 1,7 млрд м3. Оның ішінде тәулігіне қайта қалпына келетін 4,4 млн м3 су қоры бар. Вегетациялық кезеңде 535 млн м3 суды пайдалануға болады. Су тапшылығы бар аудандарда жер асты суын алу үшін 646 ұңғыма қазу жоспарланып отыр.

Бүгінге 84 ұңғыма қазылып, 3,2 мың га алқап сумен қамтылды. Су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 51,0 мың га-ға жеткізілді.

«Бір жылдық вегетациялық кезеңге қажетті судың балансы жасалды. 179,0 мың га алқапты сумен қамту қажеттілігі 1,6 млрд м3 құрайды. Яғни, жетіспейтін көлем – 327,0 млн м3. Су тапшылығын реттеу үшін жаңа 6 су қоймасын салу жоспарланды», — деді Жамбыл облысының әкімі.

Әкімнің мәлімдеуінше, ҚР Экология, гелогия және табиғи ресурстар министрлігі арқылы келесі жылы «Андас–1,2,3» су қоймаларының құрылысы жүргізіледі. Одан бөлек «Ырғайты», «Қалғұтты» және «Ақмола» жаңа су қоймаларының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде және 2023 жылы құрылыстары басталады. Осы су қоймалары салынғанда қосымша 43,5 мың га суармалы алқап сумен қамтылады. Өнім көлемі жыл сайын 13,8 млрд теңгеге артады. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде вегетациялық кезеңде шаруалардың сұранысына байланысты су дұрыс бөлінді және кедергісіз берілді. 

Трансшекаралық Шу, Талас өзендерінен су Қырғыз Республикасымен келісілген кесте бойынша алынды. Ірі 9 су қоймасында орташа 90,0% су жиналды. «Тасөткел» су қоймасында 433 млн м3, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында 134 млн м3, «Қақпатас» су қоймасында 8,8 млн м3, «Ақкөл» су қоймасында 70 млн м3 және Қырғыз Республикасында орналасқан «Киров» су қоймасында 448 млн м3 Ауыл шаруашылығы дақылдары 756,2 мың га-ға орналастырылып, 2021 жылмен салыстырғанда 5,4 мың га-ға ұлғайды. Оның ішінде: дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 390,2 мың га, майлы дақылдар 72,4 мың га, қант қызылшасы 5,5 мың га, картоп 11,6 мың га, көкөніс, бақша дақылдары 61,1 мың га, мал азығы дақылдары 215,2 мың га алқапқа егілді.

Әрі қарай тақырып бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.

«Биыл вегетациялық кезеңде ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстары қалыпты деңгейде өтті. Өңіріміз аграрлық облыс болып саналады, осыған орай ағын су тапшылығы өткір сезіледі. Бұл бағытта бірқатар кешенді жұмыстар атқарылды», — деді Түркістан облысының әкімі.

  1. Облыс Өзбекстан Республикасынан келетін трансшекаралық өзендерге тәуелді болғандықтан, тиісті келіссөздер жүргізіліп, көрші елдің жоғарғы су қоймаларынан қосымша суды босату бойынша келісімгек келді. Нәтижесінде Сырдария өзенінен Түркістан облысына 2,3 млрд м3 ағын су алынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 млн м3-ге артық.
  2. Бар суларды үнемдеу мақсатында облыс аумағында соңғы екі жылда 887 шақырым каналдарға жөндеу және 1 600 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 206,3 мың га жерде сумен қамтамасыз ету жақсарды.
  3. «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобалары жүзеге асырылды. Сонымен қатар «Боралдай», «Бәйдібек ата» су қоймалары, «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу» жобалары әзірленуде. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда өңірді кепілді ағын сумен қамтамасыз етіп, 261 млн м3 ағын су қосымша жеткізілетін болады.
  4. Өңірде озық технологиялар да кеңінен ендірілуде, жалпы 30,3 мың га алқапқа орналастырылып, судың шығыны 2 есе азайды, ал алынатын өнім көлемі 2,5 есе өсті.
  5. Өңірде ылғалды көп тұтынатын дақылдарды әртараптандыру бағытында биыл күріш дақылы 3 мың га-ға, бақша 2 мың га-ға қысқартылып, мал азықтық дақылдарға алмастырылды.

«Сонымен қатар облысымызда шешім қабылдауды талап ететін бірқатар проблемалық мәселелер бар. Мысалы, “Қазсушар” теңгеріміндегі Қызылқұм магистральды каналының су өткізу қабілеті үлкен болуына байланысты, фильтрациялық шығыны 50%-ды құрайды. Салдарынан канал бойында ыза сулар көтеріліп, жердің сорлануы орын алуда», — деді әкім.

Сондай-ақ «Машиналық канал» нысанның кешенінде техникалық ақаулардың орын алуы және жобалық көрсеткіштерден қуаттылығы төмендеу орын алуда.

«Осы мәселелерді шешу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне “Қазсушар” теңгеріміндегі нысандарға талдау жүргізіп, толық жөндеу жұмыстарын атқару бойынша тапсырма беру керек. Жалпы су ресурстарын үнемдеу бағытындағы жұмыстар ары қарай жалғасын табатын болады», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу