Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысына қатысты

Бейсенбі, 25 Ақпан 2021, 18:07:51

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға зор үлес қосып келе жатқанын және кеңесте қабылданған шешімдер еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларға тың серпін бергенін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

– Бүгінгі таңда Ұлттық кеңестің ұсынысымен 13 заң қабылданды. Тағы 9 заң жобасы әзірленіп жатыр. Заң шығару жауапты және күрделі жұмыс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Кеңес мүшелері ауқымды істер атқаруда. Ұлттық кеңес алғашқы кезеңде өз қызметін консультативті-кеңесші орган ретінде бастады. Ал бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес ұсынған шаралар мен бастамалар жайында өз ойымен бөлісті. Ең алдымен, тұрғын-үй және экономика саясатын жетілдіру бағытына қатысты пікір білдірді. Бүгінде қазақстандықтар өз зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын-үй жағдайын жақсартуға пайдалана бастады. Айналасы бір айдың ішінде ғана мыңдаған азамат көптен күткен баспанасын алды, ипотекасын өтеді немесе несиесін азайтты. Дегенмен, тұрғын-үй мәселесі әлі де өзекті болып отыр. 

– Мен Үкіметтің қаңтар айындағы кеңейтілген отырысында тұрғын-үй саясатын жетілдіру үшін жаңа ұсыныстар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет айтарлықтай тиімді ұсыныстар берді. Жалпы бұл ұсыныстарды қолдаймын. Дегенмен нарықтың өз ережесі бар. Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни, алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталды. Енді мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асырған жөн. Бұл қадам аз уақыттың ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ауылдық жерлердегі тұрғын-үй мәселесін шешу үшін кәсіпкерлер өз жұмысшыларына арнап үй салса, оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қайтаруды ұсынды. Бұл ұсыныс ауылды дамытуға жан-жақты септігін тигізіп, экономикалық белсенділікті арттырып, қажетті мамандарды, ең алдымен, мұғалімдер мен дәрігерлерді, мал дәрігерлерін тартуға мүмкіндік береді. Үкімет бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуі керек. 

Мемлекет басшысы аймақтардағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысын қайта реформалап, оларды толыққанды институтқа айналдыру қажет деп санайды. Олардың жұмысы ашық әрі қоғамның толық бақылауында болуға тиіс. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін үйлестіру үшін Ұлттық экономика министрлігінің құзыретін күшейту керек. Экономиканы әртараптандыру және оның энергия сыйымдылығын төмендету шараларымен қатар, «жасыл технология» бағытына қадам баса беру керек.

– Дәл осындай стратегиялық маңызды салаға қатысты мемлекеттік саясаттың ұстанымдары мен шаралары белгісіз күйінде тұр. Сондықтан баламалы энергетиканы дамыту мәселелері бойынша жаңа заң әзірлеу қажет. Онда жаңартылатын энергия көздерін ғана емес, барлық баламалы қуат көздерін реттеудің тәсілдері мен нормаларын да көрсету керек. Үкіметке тиісті заң жобасын әзірлеп, оны Парламенттің қарауына енгізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын дамыту қажеттігін атап өтіп, Үкіметке 600 қазақстандық білім беру ресурстарына лимитсіз қол жеткізе отырып, «Білім» ұялы операторларының тарифтік жоспарын мерзімін шектемей ұзартуды, сондай-ақ, мектептердің отандық білім беру ресурстарына тегін қол жеткізуін қамамасыз етуді тапсырды.

– Тағы бір маңызды міндет – педагогика және медицина кадрларын даярлау. Қазірдің өзінде көптеген өңірлерде осы сала мамандарының тапшылығы ерекше байқалып отыр. Бұл – өте күрделі мәселе. Оны жедел шешуіміз керек. Мемлекет осы ахуалды түзету үшін нақты шараларды қолға алды.  Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, әлеуметтік мәртебесін арттырып жатырмыз. Бұған дейін біз педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам өз жемісін берді. Сондықтан медициналық оқу орындарындағы стипендияны көбейту қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесіне жеке-дара тоқталды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жүйелі түрде қолдау дамыған және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән. Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты үнемі жақсартып отыруға тиіс. Себебі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны өсуде. Сонымен қатар мұндай іске мамандандырылған ұйымдардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін қолданыстағы нормалар ескірген.

– Өңірлердің ерекшеліктерін және қазіргі заманғы стандарттарды ескере отырып, аталған саладағы нормативтерді жаңарту қажет. Бүгінде бір психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия 60 мың баланы қамтиды. Олардың жұмысының тиімділігін арттыру үшін бұл нормативті 50 мың балаға дейін төмендету керек. Балаларды сәби кезінен бастап скринингтен өткізу ісін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтердің жұмысын күшейту қажет. Уәкілетті органдар ерекше қажеттіліктері бар бала мен оның отбасы үшін бірыңғай маршрут түрінде іс-қимылдардың түсінікті алгоритмін жасауы тиіс. Өңірлердегі арнаулы мекемелерді ескере отырып, онда бала дүниеге келгеннен бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің барлық түрі ұсынылуы керек. Білім және ғылым министрлігі ерекше балалардың білім алу құқықтарын іске асыру мәселесіне айырықша назар аударғаны жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мүгедектікті анықтау рәсімдерін жеңілдетуді тапсырды. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіру керек. Осылайша азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс. Бұл жоба биылғы 1 шілдеден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға кіріп-шығуын және көліктерге мініп-түсуін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті.

– Іс жүзінде жүріп тұруы қиын азаматтардың өздігінен үйден шыға алмай қалатын кездері болады. Бұл жерде олардың қандай да бір нысанға баруы және оның ішінде өздігінен жүріп тұруы туралы айтудың өзі артық. Мұндай күрделі әрі қолайсыз жағдайды түбегейлі өзгерту қажет. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың қажетті нысандарға қиындықсыз жетуін қамтамасыз ету үшін «табалдырықтан табалдырыққа» қағидаты бойынша жұмыс істейтін нақты нормативтік-құқықтық актілерді тез арада қабылдау қажет. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар Қажетті нысандардың тізімін немесе картасын әзірлеуі тиіс. Аталған тізімде барынша қажетті ұйымдар, олардың қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтары, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да мекемелер болғаны жөн. Соның негізінде әкімдер аталған нысандарды талаптарға толық сәйкестендіруі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғауға қатысты Үкімет, жұмыс берушілер мен кәсіподақ өкілдері әзірлеп жатқан Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарының маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы әзірлеген 14 жаһандық индикатор негізінде адам құқықтарын сақтау бойынша бағалау жүйесінің Ұлттық индикаторларын кезең-кезеңімен енгізуді жолға қою ұсынылды. Өскелең ұрпақтың денсаулығын «әлеуметтік кеселдерден» қорғау мақсатында кәмелетке толмағандарды құмар ойындарға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылды. Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету мәселесі де өткір әлеуметтік проблема ретінде айтылды.

– Жыл сайын елімізде әйелдерге қатысты 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеледі. Оның ішінде адам өліміне алып келетін жағдайлар да бар. Бұл өткір мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың күш біріктіруі қажет. Бұл ретте, Ішкі істер министрлігіне қарасты 1999 жылы құрылған Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер маңызды рөл атқарады. Аталған бөлімшелер полиция мен азаматтық қоғамның арасында дәнекер болуы керек. Алайда кезінде олардың штаттық саны, әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі тіркелетін аймақтарда екі есеге дейін қысқартылды. Ішкі істер министрлігіне Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің штатын қайта қалпына келтіруді тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында түзеу мекемелері мен полицияның арнайы ғимараттарындағы «көзден таса» учаскелерді бейнебақылау жүйесімен толық қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Енді, аталған мақсатты іске асыру үшін Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және құқық қорғаушылармен бірлесіп, Нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуі тиіс. Бұдан бөлек Парламентке адвокаттардың кәсіби әдеп сақтамағаны және заң көмегін көрсету қағидаттарын бұзғаны үшін өмір бойына лицензиясынан айыру туралы норманы алып тастау мәселесін қарастыру ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларды дәйекті іске асыруға баса мән береді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу аясында тиісті заң жобасын дайындау тапсырылды. Биыл кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау өткізіледі.

– Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ. Сайлау туралы заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар пысықталуда. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасты деп айта аламыз.  Бірақ, біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Түптеп келгенде, аудандарда сайлау өткізу халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қос азаматтығы үшін жауапкершіліктің күшейтілуі мүмкін екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен бұған дейін берілген мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік ұйым басшылары арасында қос азаматтығы бар адамдарды жұмыстан шығару туралы тапсырмасының есебін сұрады.

Мемлекет басшысы жер мәселесінің ерекше маңызды екенін атап өтіп, қазақ жерінің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы бұған дейін де бірнеше мәрте мәлімдегенін еске салды.

– Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға  ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек.  Екіншіден, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек. Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын. Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Президент Ұлттық кеңестің маңызды міндеттерінің бірі мемлекет пен қоғам арасында тиімді байланыс орнату екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық жұмыс, ең алдымен, азаматтарымыздың алдындағы үлкен миссия әрі жоғары жауапкершілік. Ұлттық кеңес үйлесімді қоғамдық ортаның дамуына, өркениетті диалог нормаларының түбегейлі қалыптасуына септігін тигізуі тиіс.

Сонымен қатар жиында Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі Ерлан Қарин, сондай-ақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері: Марат Шибұтов, Қайырбек Арыстанбеков, Эмин Аскеров және Максим Рожин сөз сөйледі.


Жаңалықтар тізбегі
11 Сәуір 2021, 08:09
Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» туристік кешені ашылды
10 Сәуір 2021, 13:33
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мен ӨР Премьер-Министрі А. Арипов «Орталық Азия» ХСЭЫО жобасын іске қосты
09 Сәуір 2021, 18:29
А. Мамин Байқоңыр қ. барды және «Роскосмос» басшысы Д. Рогозинмен келіссөз өткізді
09 Сәуір 2021, 15:49
Мемлекет басшысының өкімімен Қ. Жайсаңбаев ҚР ПӘ Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды
09 Сәуір 2021, 15:43
12 сәуір күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
09 Сәуір 2021, 10:04
Қ. Тоқаев Ресейдің Сыртқы істер министрі С. Лавровты қабылдады
09 Сәуір 2021, 08:43
А. Мамин «One Web» басшылығымен ҚР-да спутниктік интернетті дамытуды талқылады
08 Сәуір 2021, 19:11
Мұғалімдерді даярлауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту, ҰБТ тапсырудың жаңа форматы, ЖОО-ларды лицензиялау - А. Аймағамбетов ҚР БҒМ қазіргі жұмысы туралы
08 Сәуір 2021, 15:47
Нұрлан Сауранбаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалады
08 Сәуір 2021, 15:27
Президент өкімімен Н. Сауранбаев ҚР ПӘ мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды
08 Сәуір 2021, 14:08
ЕЭК Кеңесінің отырысына қатысушылар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытуды талқылады
07 Сәуір 2021, 21:27
Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасын қабылдады
07 Сәуір 2021, 21:15
Қазақстан Президенті Иранның Сыртқы істер министрі қабылдады
07 Сәуір 2021, 21:05
Қ. Тоқаев Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілді қабылдады
07 Сәуір 2021, 18:00
Өнеркәсіп, құрылыс, жұмыспен қамту: Жамбыл облысының 2020 жылғы даму қорытындысы
07 Сәуір 2021, 16:38
Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады
07 Сәуір 2021, 16:19
Мемлекеттік комиссия ШОБ қолдаудың қосымша шараларын қарастырды
07 Сәуір 2021, 08:46
«Wizz Air» лоукостері Түркістан мен Алматыға әуе рейстерін ашуға ниетті
06 Сәуір 2021, 19:45
Қ. Тоқаев Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі қабылдады
06 Сәуір 2021, 12:39
ҚР Үкіметінің отырысы, 06.04.2021
06 Сәуір 2021, 12:21
2025 жылға дейін еліміздегі барлық жолдар жол бойы сервисімен қамтамасыз етіледі — ҚР ИИДМ
06 Сәуір 2021, 11:20
600-ден аса вакцинация кабинеті, 800 мұздатқыш жабдық және 3 мың термоконтейнер дайындалды — ҚР ДСМ
06 Сәуір 2021, 10:08
Биыл ҚР-да 6 мың шақырым автомобиль жолын реконструкциялау және салу бойынша ірі жобалар іске асырылады
06 Сәуір 2021, 09:53
2021 ж. қыркүйекте Қазақстанда вакцинациялауға жататын 10 млн адамға вакцина салу аяқталады
05 Сәуір 2021, 19:53
Вакцинациялаудың электрондық паспорты, жеке деректерді қорғау және байланыс сапасын жақсарту — Қазақстанда цифрландырудың дамуы
05 Сәуір 2021, 17:27
Қ. Тоқаев ҚР Ұлттық Банкі басшылығының құрылымында кадрлық өзгерістер жасады
05 Сәуір 2021, 14:59
6 сәуір күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
05 Сәуір 2021, 14:34
Мемлекет басшысы бірқатар кадрлық тағайындау жасады
05 Сәуір 2021, 14:29
Қ. Тоқаев ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілін тағайындады
05 Сәуір 2021, 12:00
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мен Татарстан Президенті Р. Минниханов Саран қ. шина зауытының құрылысын бастап берді
04 Сәуір 2021, 09:56
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №106
03 Сәуір 2021, 16:30
Е. Тоғжанов Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысын өткізді
02 Сәуір 2021, 19:17
Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады
02 Сәуір 2021, 15:14
Қазақстан мен Қырғызстан Премьер-Министрлері «Қордай — Ақ Жол» жаңғыртылған өткізу пунктін ашты
02 Сәуір 2021, 14:21
Қ. Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Е. Досаевты қабылдады
02 Сәуір 2021, 09:38
Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды
01 Сәуір 2021, 20:27
Мемлекет басшысы еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді
01 Сәуір 2021, 18:57
Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңға қол қойды
01 Сәуір 2021, 13:06
Инвестициялар тарту, өнеркәсіп өнімдерін өндіру және жұмыс орындарын құру — Батыс Қазақстан облысының 2020 жылғы дамуы
01 Сәуір 2021, 11:57
Үкіметте электрондық сауда мәселесі мен ЕАДБ-ның жаңа стратегиясы талқыланды
31 Наурыз 2021, 20:47
Елбасы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысты
31 Наурыз 2021, 20:33
Мемлекет басшысы онлайн форматта өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысты
31 Наурыз 2021, 19:08
Қазақстан Германиямен көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті
31 Наурыз 2021, 16:55
Мемлекет басшысы бірқатар заңға қол қойды
30 Наурыз 2021, 18:37
А. Мамин ЕҚҚДБ президенті О. Рено-Бассомен ҚР-да бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады
30 Наурыз 2021, 18:20
Әділбек Сәрсембаев ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалды
30 Наурыз 2021, 18:17
Талғат Жанжүменов ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметінен босатылды
30 Наурыз 2021, 16:51
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 17 наурыздағы №143 Қаулысы
30 Наурыз 2021, 16:47
Қасым-Жомарт Тоқаев Ахметжан Есімовті қабылдады
30 Наурыз 2021, 13:48
ҚР Үкіметінің отырысы, 30.03.2021
Депутаттық сауал
© 2019 - 2020 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.