ҚР ішкі істер министрі терроризммен күресу үшін әзірленіп жатқан шаралар туралы баяндады

ҚР Үкіметінің кезекті отырысында ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов терроризммен күресу үшін әзірленіп жатқан шаралар туралы баяндады.

Еске салайық, кеше Алматыда террористік акт орын алды. Белгісіз ер адам Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Оқиға салдарынан алты адам, оның ішінде төрт полиция қызметкері қаза тапты. Қалада террорлық қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Қылмыскер ұсталды, ол бұрын істі болған Қызылорда облысының тумасы Руслан Құлықбаев болып шықты.

Осы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, оның қорытындысы бойынша ҚР құқық қорғау органдарына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«ІІМ Елбасының нақты тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған жеті іс-шараның басты атқарушысы болып табылады. Біріншісі, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қолданыстағы заңнамаға енгізу үшін түзетулер әзірлеуде. Мұнда экстремистік және террористік іс-әрекеттерге, оның ішінде әскери іс-қимылдарға қатысу үшін шет елге шыққан тұлғалардың азаматтығын жою және олардың Қазақстанға қайта кіруіне бөгет жасау қарастырылады. Бұл мәселе келісілуде, ол халықаралық тәжірибені ескерумен мұқият пысықтауды талап етеді. Екіншісі, ІІМ дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заң жобасы әзірледі. Биылғы жылдың соңына дейін ол Парламентке ұсынылады. Жақын уақытта заң жобасы заң шығару қызметі бойынша ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылады. Жоба бойынша ғылыми-құқықтық және экономикалық сараптама жүргізу қажет. Үшіншісі, тапсырмаға сәйкес биылғы жылдың соңына дейін министрлік аймақтарға шығумен полиция қызметкерлері мен Ұлттық гвардияның әскери қызметкерлерінің жауынгерлік дайындығы мен моральдық-психологиялық қасиеттерін тексеруді аяқтайды. Оның  нәтижелері бойынша қажетті ұйымдастыру және практикалық шаралар қабылданады», - деп баяндады Қ.Қасымов.

Сонымен қатар ол министрлікте Арнайы қызметкерлерді даярлау орталығы құрылатынын, оның бөлімшелері аумақтық ІІД-інде де ашылатынын жеткізді.

«Төртіншіден, министрлік қолданыстағы заңға енгізу үшін қару-жарақ дүкендерін орналастыруға, техникалық жабдықтауға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін барлық қажетті түзетулерді дайындады. Бесіншісі, қазіргі уақытта министрлік дағдарыс жағдайларында төтенше қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін халықты дереу хабарландыру шараларын жетілдіру бойынша шаралар қабылдауда. Алтыншысы, ҰҚК әзірлеп жатқан заң жобасы аясында министрлік қолданыстағы заңнамаға баспананы қысқа мерзімге жалға алуды және қосалқы жалға алуды бақылау тетіктерін белгілеуді қарастыратын түзетулер енгізеді», - деді Қ.Қасымов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу