Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне сайланатын депутаттарға дауыс беру рәсіміне қатысты

Дауыс беру рәсімінен кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөз сөйледі. Бұл туралы Тұңғыш Президент – Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды.

­­­«Бүгін біз Конституцияға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясынан тоғыз депутатты сайлаймыз. 25 жыл ішінде Ассамблея біздің елімізде ұлтаралық келісімді, толеранттылықты, сенім пен бірлікті нығайтатын бірегей институтқа айналды. Береке-бірліктің арқасында біз елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтап, Отанымыздың одан әрі дамуын қамтамасыз етіп келеміз», — деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ассамблея депутаттарының маңызды міндеттерінің бірі халқымызды жұмылдыру ісін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне ұсынылып отырған тоғыз кандидат – Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдері. Біз Ассамблеяны сақтап, оның институттарының дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Осы 25 жылдың ішіндегі қызметі мен қолдауы үшін барлық Ассамблея мүшелеріне ризашылығымды білдіремін. Тек бірліктің арқасында біз толағай табысқа жетіп, Қазақстанды өркендетеміз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу