Петициялар институты азаматтардың сұраныстарына жауап беру жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді — «Қоғамдық бақылау туралы» заң

21 қыркүйек күні Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қаралды. 

Үкімет аталған актілерді Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың қоғамдық бақылауды күшейту саласына қатысты алға қойған міндеттерін орындауға құқықтық жағдайлар жасау мақсатында әзірледі.

Заңды әзірлеуге сарапшы-заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғам қайраткерлерінен құрылған жұмыс топтары қатысты.

Аталған заң елімізде қоғамдық бақылаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мәселен, заңға сәйкес қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын тұлғалардың, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары мен коммерциялық емес ұйымдардың ауқымы едәуір кеңейтілді.

Заң алғаш рет қоғамдық бақылаудың заңдылығы, жариялылығы, ашықтығы, еріктілігі мен тәуелсіздігі сынды бірқатар маңызды қағидаттарын белгілейді. Сонымен бірге қоғамдық бақылауға алынатын нысандардың тізбесі айтарлықтай кеңейіп келеді.

Петициялар институтын реттеуші заңды қабылдау азаматтардың сұраныстарына жауап беру жылдамдығын, азаматтық қоғамның мемлекетті басқаруға қатысу деңгейін, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Заң «петиция» ұғымын бекітуді, петицияны беру, қосу және қарау тәртібін реттеуді, петиция беріле алмайтын тақырыптардың тізбесін айқындауды және берілетін петицияға қойылатын талаптарды белгілеуді, петицияны заң деңгейінде міндетті түрде қараудың шекті мәндерін айқындауды (шешім қабылдау деңгейлері бойынша саралау – аудандық, облыстық және республикалық) көздейді.

Жалпы, бұл түзетулер қоғамдық бақылау саласын реттеудің нормативтік негізін тұжырымдамалық тұрғыдан жаңартуға мүмкіндік береді және қоғамдық бақылау саласындағы ұлттық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

#Азаматтық қоғам #Заң жобалары

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу