Сенатта ҚР жаңа Әлеуметтік кодексі белсенді талқылануда

Биыл ақпан айында ҚР Парламентінің Сенаты қазақстандықтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау жөніндегі барлық заңнамалық нормаларды қамтуы тиіс жаңа Әлеуметтік кодекстің жобасын қарауға кірісті.

Осы үдерістің шеңберінде күн сайын Сенат депутаттарының, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басшылығының және басқа да жауапты мемлекеттік органдардың, сондай-ақ қоғамдық ұйымдары өкілдерінің қатысуымен Әлеуметтік кодекстің бөлімдері мен ережелерін талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырыстары өтуде.

Отырысқа қатысушылар Кодекс жобасы бойынша өзекті мәселелерді қарайды, ондағы нормалар бойынша бірыңғай ортақ ұстанымдарды әзірлеп, оны одан әрі іске асырудың басым бағыттарын белгілейді.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Әлеуметтік кодексті әзірлеу және қабылдау арқылы әлеуметтік заңнаманы бекіту бойынша жұмысты бастауды тапсырған болатын.

Әлеуметтік кодекс жобасы аясында азаматтардың әлеуметтік құқықтарын жүйелеу жүзеге асырылды, бір құжатта адамның өмір жолында туындайтын әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы барлық құқықтар көрсетілген.

Бұл ретте жаңа Кодекс азаматтарды мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан зейнетақылармен, жәрдемақылармен, төлемдермен , мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуді қоса алғанда, бүгінгі күнгі қолданыстағы барлық әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік қолдау нысандарының сақталуын көздейді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу