Субсидиялар, кейінге қалдыру және әділ баға: Үкімет фермерлерге қалай қолдау көрсетеді?

ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында Үкімет, Азық-түлік корпорациясы, «Бәйтерек» холдингінің өкілдері депутаттармен бірлесіп Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолайсыз ауа райынан зардап шеккен фермерлерді мемлекеттік қолдау шараларын талқылады.

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Әбілқайыр Тамабек бұған дейін Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияда бірқатар маңызды шешімдер қабылданғанын еске салып, осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы хабарлады:

  • фермерлер үшін нарықтық деңгейде әділ сатып алу бағаларын белгілеу;
  • айыппұл санкцияларын қолданбай ақшамен міндеттемелерді орындау мүмкіндігін беру;
  • 2023 жылға белгіленген комиссиямен форвардтық сатып алу және тауарлық кредит бойынша міндеттемелерді орындау бойынша 1 жылға кейінге қалдырылсын.

Бүгінде Үкімет диқандардың субсидияларға деген қажеттілігін толық жабу мәселелерін пысықтауда, олардың жалпы көлемі 155 млрд теңгені құрайды. Бастапқы кезеңде 30 млрд теңге мөлшерінде берешекті өтеу жоспарланып отыр.

Әбілхайыр Тамабек атап өткендей, «Аграрлық несие корпорация» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша 62 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 4 541 млн теңге сомасына міндеттемелерді орындауды ұзартуға арналған құжаттардың толық пакетімен өтініштер келіп түсті. Зардап шеккен фермерлерден түскен барлық мәселелер бойынша АНК және ҚАҚ филиалдарының қызметкерлері қажетті консультациялар өткізеді. 

Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин келесі жылы мұндай жағдай қайталанса, фермерлер не істеу керек деген мәселені көтерді.

«Егер келесі жылы ауа-райының қолайсыздығы қайталанса, біз жағдайдан шығудың жолын табатынымызға сенімді болыңыз», — деді вице-премьер Серік Жұманғарин.  

АШМ деректері бойынша астық жинау жұмыстары Қазақстанның басым бөлігінде жүргізілді. 2023 жылғы 10 қазандағы жағдай бойынша 14,6 млн га дәнді және бұршақты дақылдар немесе 84,5% жиналды.

Әкімдіктердің жедел деректері бойынша күтілетін жалпы астық жинау көлемі шамамен 15,3 млн тонна, оның ішінде бидай бойынша шамамен 11,2 млн тонна болады. Бұл ретте, елімізде өткен жылғы егіннің жоғары сапалы дәнінің көлемі шамамен 3 млн тоннаны құрайды.

«Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, күтілетін жалпы алым Республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін және астықтың белгілі бір көлемін экспортқа өткізу үшін жеткілікті», — деп атап өтті министрдің міндетін атқарушы.

Бұдан басқа, 350 мың тонна көлемінде бидайды тікелей сатып алуды қамтамасыз ету және форвардтық сатып алу бағасын белгілеу үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталын толықтыруға 31,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын депутаттарды хабардар етті.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Альберт Рау атап өткендей, депутаттардың ауыл шаруашылығы саласында шешілуі тиіс бірқатар міндет бар. Дегенмен, үкімет уақтылы қабылдаған шаралардың арқасында ауа-райынан зардап шеккен фермерлерді қолдау жөніндегі ең маңызды мәселенің ауырлығы айтарлықтай төмендеді.

#Ауыл шаруашылығы #Серік Жұманғарин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу