ҚР Үкіметі Алматыда террорлық акт салдарынан қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды

ҚР Үкіметі кезекті отырыс барысында Алматыда террорлық акт салдарынан қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Кеше Алматыда құқық қорғау органдары арнайы антитеррорлық операция өткізді. Оңтүстік елордадағы және жалпы өңірдегі жағдай тұрақты, толық бақылауға алынды. Өкінішке қарай, біз үлкен шығынға ұшырадық. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бейбіт тұрғындар қаза тапты. Қаза тапқандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Тәртіп сақшылары өз өмірлерін қиып, лаңкестікке төтеп берді. Олар серттеріне және әскери борыштарына соңына дейін берік болды. Қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынамын», - деді Премьер-Министр К. Мәсімов.

Еске салайық, кеше Алматыда террористік акт орын алды. Белгісіз ер адам Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Оқиға салдарынан бес адам, оның ішінде үш полиция қызметкері қаза тапты. Қалада террорлық қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Қылмыскер ұсталды,ол бұрын істі болған Қызылорда облысының тумасы Руслан Құлықбаев болып шықты. Ішкі істер министрі төрт бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу