Үкімет басшысы Қызылорда облысының жаңа әкімі Қырымбек Көшербаевты таныстырды

Бүгін Үкімет басшысы Серік Ахметов Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болып, облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты.

Жиын барысында С.Ахметов Мемлекет басшысының облыс әкімі  қызметіне  Қырымбек Көшербаевтың кандидатурасын ұсынып, мәслихат депутаттарына жолдаған хатын оқып берді. Депутаттар Елбасы ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады.

Жиналыстан кейін С.Ахметов облыс активіне өңірдің жаңа басшысын таныстырды.

«Жаңа әкімнің міндеті -өңір экономикасының әрі қарай дамуын қамтамасыз ету және Елбасының тапсырмаларын табысты орындау», - деді С.Ахметов.

Қ.Көшербаев өз кезегінде, артқан үлкен сенімі үшін ҚР Президентіне алғыс білдірді. Үкімет басшысы өз кезегінде бұрынғы әкім Болат Қуандықовқа атқарған жұмыстары үшін  алғыс айтып, оның басшылығымен облыстың жақсы даму көрсеткіштеріне қол жеткізгенін, әлеуметтік салада да жетістіктердің бар екенін, өңірдің даму бағдарламасы жоспарланған режимде іске асырылып жатқанын айтты.

Қырымбек Көшербаев Қызылорда облысында туған. Әр жылдары білім, мәдениет, денсаулық, спорт министрі қызметтерін атқарған, Қазақстанның бірқатар елдегі төтенше және өкілетті елшісі болған, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында әкім болған. 2012 жылдың шілде айында ҚР Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.  2012 жылдың 26 қыркүйегінен бастап бүгінге дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу