Үкімет басшысы С.Ахметов ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру жөніндегі ұлттық жоспардың нақты орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды

Бүгін Премьер-Министр Серік Ахметов  ҚР Үкіметінің отырысын өткізді.  Онда  Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған  көрмесін  өткізуге дайындық мәселесі  қаралды.

Экономикалық  даму және  сауда министрі Ерболат Досаев  Министрлер кабинетінің  қарауына ЭКСПО-2017 халықаралық  мамандандырылған көрмесін  ұйымдастыру және өткізу жөніндегі  ұлттық  жоспар  туралы   және   «Астана ЭКСПО-2017»  ұлттық компаниясы»  акционерлік қоғамын құру  туралы қаулылардың жобаларын  таныстырды.   Бұл құжаттар  С.Ахметов төрағалық  ететін  Мемлекеттік комиссияның  отырысында     қаралып, мақұлданған  болатын.

«Ұлттық жоспар 10 тараудан және  78 іс-шарадан тұрады, іс-шараларға  12 мемлекеттік орган,   барлық  облыстар мен Астана және  Алматы қалаларының әкімдіктерін  «Самұрық-Қазына»   компаниясы   тартылып отыр.  Сонымен қатар,   көрменің Тіркеу  құжаты  2013   жылдың  қазан  айында Халықаралық  көрмелер бюросының Атқарушы комитетінде бекітілгеннен кейін,  Ұлттық жоспар 2014-2018 жылдарға арнап түзетілетін болады», - деп хабарлады  Е.Досаев.

Министрдің  айтуынша, құрылып отырған  Ұлттық компанияның басты міндеті  Тіркеу  құжатының   мазмұнды бөлігін  іске асыру, ЭКСПО-2017  жобасының аумағында   инфрақұрылымдар  мен   нысандар  жобалау  және  оларды салу  болады.

С.Ахметов  өз кезегінде, «Елбасы   Көрмені  ұйымдастыру және өткізу  жөніндегі   ұзақмерзімдік ұлттық жоспарды  іске асыруға қатысты алдымызға міндеттер қойды.  Ол құжат   нақты  орындалуы  керек.   Көрменің   табысты  ұйымдастырылуы осыған   байланысты  болмақ»,  - деп  атап көрсетті.


«Іс-шаралардың  90%  астамы 2013  жылға келеді,  яғни   биыл бізді көп жұмыстар күтіп тұр.  Сондықтан да барлық   орталық  және   жергілікті  органдар  жұмыла отырып,   Ұлттық  жоспарды сапалы және   уақтылы іске асыру  үшін     маңызды   шаралар қабылдаулары керек», деп   тапсырды С.Ахметов.

Үкімет отырысының  қорытындысы бойынша  сәйкес қаулылар қабылданды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу