Үкімет отырысының қорытындысы бойынша брифинг: Қазақстанда энергия объектілері мен жылу желілерінің жай-күйін ревизиялау қалай жүргізіледі

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Министрлер кабинетінің кезекті отырысының қорытындысы бойынша брифинг өтті. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, энергетика министрі – Болат Ақшолақов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі – Қайырбек Өскенбаев журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Р. Склярдың айтуынша, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру аясында 2023 жылы жаңа «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын қабылдау мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті. Электр станцияларына инвестицияларды қамтамасыз ету қолданыстағы резервтерді ең жылдам және тиімді жолмен тартуға жол ашады. Бағдарлама энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге, сол арқылы энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және 2035 жылға қарай өндіруші қуаттардың тозуын 15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Энергетика министрінің айтуынша, электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта электр станцияларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеулерді орындау үшін шығыстарды өтемейді. Жеткіліксіз қаржы сомасы 88 млрд теңгені құрайды.

Коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 жылу электр орталығы бойынша жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке жылу электр орталығы бойынша – меншік иесінің өз қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында электр желілерінің орташа тозуы шамамен 66% құрайды. Энергетика министрлігі еліміздің электр станцияларына тәуелсіз техникалық аудит жүргізу бойынша жұмысқа кірісті. Техникалық аудитті жүргізу Дүниежүзілік банктің техникалық көмегі арқылы жүзеге асырылады. Техникалық аудиттің бірінші кезеңін өткізуге арналған ашық конкурс шеңберінде Дүниежүзілік банк KPMG Үндістан, KPMG Қазақстан және Acelerex Inc кіретін компаниялардың консорциумын таңдады, жобаның жергілікті үйлестірушісі «Электр энергиясы мен қуаты рыногының Қазақстандық операторы» АҚ болып табылады. Техникалық аудитті аяқтау мерзімі 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңына жоспарланған.

Осы жұмыстың қорытындысы бойынша техникалық аудиттің үздік әлемдік тәжірибелерін қолдана отырып және физикалық тозуды азайту, жұмыс сенімділігін арттыру және энергия жабдықтарын қауіпсіз пайдалану бойынша тиісті ұсынымдар бере отырып еліміздің энергетикалық кәсіпорындарына техникалық аудит алу жоспарлануда.

Журналистер вице-премьерден Екібастұз қаласында ТЖ жою кезінде қандай проблемалар туындағаны жайлы сұрады. Р. Скляр Екібастұзда апатты барынша тез жою үшін бар күшін салғанын атап өтті.

«Қаланың 8%-ы – бұл үлкен көрсеткіш. Бұл ірі коммуналдық апат, бірақ ол бүкіл қалада болған жоқ. Жылу беретіндер станцияны қайта іске қоса алды. Жылусыз қалған 149 үйдің 79-ына бірінші күні жылу берілді, тек 70 үйде ғана жұмыстар жүргізілді. Оның неге ұзақ уақытқа созылғаны туралы бұған дейін айтқан болатынмын. Меніңше, бұл жалпы қалада болған апат деп айту дұрыс емес. Адамдардың көбі бүкіл қала жылусыз, жарықсыз қалды деп ойлады. Бірақ онда болғандар жағдайдың олай болмағанын біледі», — деді Р.Скляр.

Ол жедел штабта нақты үйлер ұйымдарға бекітілген арнайы кесте әзірленгенін атап өтті. ГРЭС-2, «Богатырь» разрезінің, «Восточный» разрезінің, ERG басшылары ұдайы шағын аудандарда болды. Р. Склярдың айтуынша, таңертең және түнде штабта жиналыстар өткізіліп, күндіз жоспарлар мен міндеттер түзетіліп отырды.

«Бір үйге жылу берілді дегенде, мен өзім сонда барып, батареяларды тексеріп отырдым. Олардың жылы, ыстық екеніне көз жеткізген соң ғана, біз осы формулярды толтырып, бұл үйге жылу берілгенін хабарладық», — деді Р. Скляр.

Р. Скляр журналистердің коммуналдық энергетикалық кәсіпорындарды мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты сұрағына жауап бере отырып, бұл мәселе келесі жылы аудиторлық тексеруден кейін ғана шешілетінін хабарлады.

Премьер-Министрдің орынбасары бұған дейін Екібастұз ЖЭО-ның иелері оны бір теңгеге қайтаруды ұсынғанын атап өтті.

«Бірақ біз оны қандай жағдайда қайтарғысы келетінін түсінуіміз керек. Қағаз жүзінде көрсеткен, жариялаған қаражаттың бәрі осы ЖЭО-ға жұмсалды ма, сол жағын мұқият тексеру қажет. Келесі жылдың бірінші тоқсанында біз аудит жүргіземіз, содан кейін қайтару туралы шешім қабылдаймыз», — деді Р .Скляр.  

Сонымен қатар ол ең проблемалы ЖЭО Риддер қаласындағы ЖЭО екенін айтты.

«Екібастұзда апат ЖЭО-да емес, жылу жүйелерінде болды десек, ол жұмыс істеді және қазір біршама қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, ал Риддерде ол мүлдем тоқтап қалды. Қысқы кезеңге дайындық мүлде жүргізілмеген. Жарияланған жөндеу жұмыстары орындалмаған. Сондықтан қазір мұндай нысандар бойынша мұқият тексеру жүргізілуде – Министрлік оларды іске қосу үшін шаралар қабылдайды. Мұны олардың иелері жасайды немесе оларды коммуналдық кәсіпорындардың, республиканың меншігіне беру жөнінде шешім қабылданатын болады. Оның қалай жүзеге асырылатыны кейін шешіледі», — деп атап өтті Р. Скляр.

Спикер нақтылап өткендей, қазіргі уақытта еліміздің коммуналдық энергия нысандарында ревизия жүргізіліп жатыр. Тексерушілер   желілерді іске қосу үшін күрделі жөндеу жұмыстарына қанша  қаржы жұмсалып, инвестиция құйылғанын анықтайды.

«Жылыту маусымы басталмас бұрын барлық жылу желілерінде құбыр қысымы тексерілді. Мұның бәрі құжат жүзінде жасалған. Оны жүргізген жауапты тұлғалардың қолы қойылған. Соған қарамастан, жылу желілерінде Екібастұз тарихындағы ірі апат болды. Оның себептерін энергетикалық қадағалау комитеті мен құқық қорғау органдары тергеп-тексеріп жатыр», — деді Р. Скляр.  

Сонымен қатар Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Екібастұздағы ТЖ-ға қатысы бар барлық адам жауапқа тартылатынын айтты. Қазір бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысуда.

«Бұл Екібастұз тарихындағы ең ірі апат, 149 тұрғын үй жылумен жабдықтау жүйесінен ажырап қалды. Бұл апаттың себебі мен ТЖ жою алгоритмін құқық қорғау органдары тексереді. Содан кейін олар өз бағасын береді. Бұл апатқа қатысы бар адамдардың барлығы, сондай-ақ өз әрекеттерімен ТЖ жою мәселесін шешуді кешіктіргендер жауапқа тартылады», — деді ол. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу